Астана. 7 шілде. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қарашығанақ кен орнында жылына 5 млрд текше метр газ өңдеуге арналған газ өңдеу зауытының (ГӨЗ) жобалық параметрлері бастапқы тұжырымдамамен салыстырғанда едәуір өзгереді. Ал құрылыс құны жобалау алдындағы жұмыстар аяқталғаннан кейін, 2027 жылдың наурызында нақтыланады. Бұл туралы «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов мәлімдеді.
«Қарашығанақ кен орнының акционерлері жылына 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыт салу мәселесін талқылаған болатын. Оның құны 6 млрд АҚШ доллары болады деген ақпаратты растай алмаймын, өйткені қарастырылған сома одан әлдеқайда төмен болды. Кейін бұл жобаның операторы ретінде QazaqGaz белгіленді», – деді Жамауов Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, QazaqGaz жүзеге асыратын жоба кен орны акционерлері әзірлеген бастапқы нұсқадан айтарлықтай өзгеше болады.
«Зауыттың параметрлері шамамен жартылай өзгереді. Себебі акционерлер жоспарлаған зауыт Қарашығанақ кен орнының өндірістік инфрақұрылымымен тікелей біріктірілген болатын. Ал QazaqGaz салатын зауыт кен орнынан 5–10 шақырым қашықтықта орналасады. Сондықтан жобалық шешімдер де өзгереді», – деді ол.
QazaqGaz басшысы компания жобалау алдындағы жұмыстарды жүргізу үшін Оңтүстік Кореяның Hyundai Engineering компаниясымен келісімшарт жасасқанын айтты.
«Жобаның түпкілікті құны келесі жылдың басында белгілі болады», – деді Жамауов.
Ол бұған дейін айтылған 6 млрд АҚШ долларына қатысты бағалау тек алдын ала бағдар ретінде алынғанын түсіндірді.
«Бұл көрсеткішті біз бенчмарк ретінде пайдаландық. ТМД елдеріндегі ұқсас жобаларға сүйенсек, жылына 1 млрд текше метр газ өңдеу қуатына шамамен 1 млрд АҚШ доллары жұмсалады. Сондықтан презентация үшін алдын ала есеп қолданылды. Ал нақты сома келесі жылдың наурызында белгілі болады», – деп түйіндеді QazaqGaz басшысы.
Бұған дейін Hyundai Engineering Co., Ltd. және SICIM Kazakhstan LLP компанияларынан құралған консорциум Қарашығанақтағы газ өңдеу зауытының EPC-мердігері болып айқындалғаны хабарланған болатын.
Қазақстан Қарашығанақтағы газ өңдеу зауыты жобасына Shell және Eni компанияларының қатысуынан бас тартты. Бұған дейін жобаның операторы болып табылатын осы компаниялар зауыт құрылысына қатысты түпкілікті инвестициялық шешім қабылдай алмағаны айтылған.
Газ өңдеу зауытын 2028 жылы пайдалануға беру жоспарланған болатын.
Қарашығанақ – әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының бірі. Оның мұнай қоры 1,2 млрд тоннаны, ал газ қоры 1,35 трлн текше метрді құрайды. Кен орнын игеру 1997 жылы жасалған және 40 жылға есептелген өнімді бөлу туралы келісім негізінде жүзеге асырылады. Жобаның операторы – Karachaganak Petroleum Operating B.V. халықаралық консорциумы. Оның құрамына Shell (29,25%), Eni (29,25%), Chevron (18%), ЛУКОЙЛ (13,5%) және «ҚазМұнайГаз» (10%) кіреді.
Қазіргі уақытта Қарашығанақ кен орнынан өндірілетін газ Ресейдегі Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді. Газды сатып алу-сату жөніндегі ұзақ мерзімді келісімге Karachaganak Petroleum Operating B.V. мен «ҚазРосГаз» 2007 жылы қол қойған, ал 2015 жылы оның мерзімі 2038 жылға дейін ұзартылды. Келісім жылына 9 млрд текше метрге дейін газ жеткізуді көздейді.
Hyundai Engineering – жобалау, сатып алу және құрылыс (EPC) қызметтерін көрсететін Оңтүстік Кореяның ірі халықаралық компаниясы. Ол Hyundai Motor Group құрамына кіреді және ірі өнеркәсіптік жобаларды толық циклмен іске асыруға маманданған.
SICIM Kazakhstan LLP – мұнай-газ саласындағы жобалау, сатып алу және құрылыс жұмыстарын жүзеге асыратын италиялық EPC-компания.




