Токио. 22 шілде. ИНТЕРФАКС – 2026 жылдың маусым айында Жапонияның экспорты өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,3%-ға өсіп, 10,929 трлн иенге (67 млрд доллар) жетті. Бұл туралы елдің Қаржы министрлігі хабарлады.
Бұл – 2022 жылғы қарашадан бергі ең жоғары өсім. Мұндай серпінге иен бағамының әлсіреуі, сондай-ақ жасанды интеллектіге арналған чиптер мен деректерді өңдеу орталықтарына (ДӨО) арналған жабдыққа сұраныстың артуы ықпал етті. Осылайша, Жапония экспорты оныншы ай қатарынан өсім көрсетті.
Trading Economics сауалнамасына қатысқан сарапшылар экспорт 18,6%-ға өседі деп болжаған. Ал қайта нақтыланған мәлімет бойынша, мамыр айында бұл көрсеткіш 16,8% болған.
Маусым айында Жапонияның Қытайға экспорты 17,6%-ға, АСЕАН елдеріне – 20%-ға, АҚШ-қа – 13%-ға, Еуропалық одақ мемлекеттеріне – 20,3%-ға, Вьетнамға – 32,6%-ға артты. Ал Таяу Шығыс елдеріне экспорт, керісінше, 4,2%-ға қысқарды.
Импорт көлемі де айтарлықтай өсіп, 25,4%-ға артып, рекордтық 11,336 трлн иенге (69,25 млрд доллар) жетті. Бұл да 2022 жылғы қарашадан бергі ең жоғары өсім болып отыр.
Сарапшылар импорт 21%-ға өседі деп күткен еді. Мамыр айында бұл көрсеткіш 12,5% болған.
Маусымда Қытайдан импорт 29,4%-ға, АҚШ-тан – 52,7%-ға, АСЕАН елдерінен – 25,5%-ға, Еуропалық одақтан – 1,6%-ға, Оңтүстік Кореядан – 32,2%-ға көбейді. Ал Таяу Шығыс елдерінен жеткізілетін импорт 3,9%-ға төмендеді.
Мұнай импортының физикалық көлемі 13,7%-ға азайғанымен, ақшалай құны 59,3%-ға өсті. Бұған, негізінен, иен бағамының әлсіреуі әсер еткен.
Нәтижесінде, Жапонияның сыртқы сауда тапшылығы маусым айында 406,9 млрд иенді құрады. Былтырғы маусымда елдің сыртқы саудасында 122,3 млрд иен көлемінде профицит тіркелген болатын. Ал биыл мамыр айындағы сыртқы сауда тапшылығы нақтыланған мәлімет бойынша 391,8 млрд иен болған.




