Евразия24ЖаңалықтарҚазақстанда егін суаруға жерасты суын пайдаланатын шаруаларға салықты азайту ұсынылды

Қазақстанда егін суаруға жерасты суын пайдаланатын шаруаларға салықты азайту ұсынылды

|

|

Астана. 19 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Су ресурстары және ирригация министрлігі жерасты су қорларын шаруашылық мақсатта кеңінен пайдалану үшін салықтық тетіктерді жеңілдетуді ұсынды. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Мәселе 2027–2040 жылдарға арналған жерасты суларын кешенді пайдалану және басқару тұжырымдамасы аясында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің 25-отырысында қаралды.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы жерасты су қорының 3,5%-дан азы пайдаланылып отыр. Ал суармалы егіншіліктегі үлесі 2%-ға да жетпейді.

Министрліктің мәліметінше, пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтың (ПҚӨС) қолданыстағы мөлшерлемесі мен қол қою бонусы ауыл шаруашылығы өндірушілерінің шығынына елеулі салмақ түсіреді.

«Осы мәселелерді шешу және су пайдаланушылардың қызметін заңдастыру мақсатында министрлік жер суаруға пайдаланылатын жерасты суын өндіруге ПҚӨС-тің төмендетілген жеке мөлшерлемесін белгілеуді ұсынып отыр. Ол 1 текше метрге 0,0006 АЕК немесе 2,6 теңге болады. Сонымен қатар жерасты суын тек суару мақсатында пайдаланатын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қол қою бонусынан босату ұсынылады», – делінген Үкімет хабарламасында.

Министрліктің есебінше, бекітілген жерасты су қорының кемінде 10%-ын игеру шамамен 116,7 мың гектар суармалы жерді ауыл шаруашылығы айналымына қосуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ агроөнеркәсіптік кластерлерге инвестиция тартуға және терең өңделген өнім өндірісін арттыруға жағдай жасайды.

Серік Жұманғарин жерасты суын пайдалануды ынталандыру бастамасын қолдап, бұл мәселеде барлық факторды ескеретін теңгерімді шешім қажет екенін айтты.

«Жерасты суын пайдалануды ынталандыруды, әсіресе жерүсті су көздері тапшы өңірлер үшін қолдаймыз. Алайда түпкілікті шешім судың құнына ғана емес, оның жалпы экономикалық тиімділігіне негізделуі керек. Өнімділік, инвестиция көлемі мен жаңа жұмыс орындарының ашылуы да ескерілуге тиіс», – деді вице-премьер.

Оның айтуынша, Үкімет су көздерінің барлық түрін қамтитын суармалы егіншілікті дамыту жөніндегі жол картасын әзірлеп жатыр.

«Бұл тетік алдымен сарапшылармен және ғылыми қауымдастықпен талқылануы қажет. Ғалымдар жерасты су қорының қайта толығу мүмкіндігі мен оны өндірудің қауіпсіз деңгейіне нақты баға беруі тиіс. Экономикалық даму экологияға зиян келтірмеуі керек», – деді Серік Жұманғарин.

19 тамыздағы ресми бағам – 1 АҚШ доллары үшін 460,13 теңге.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақстан Президенті Оманмен инвестициялық ынтымақтастықты, көлік байланысын және азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы әріптестікті нығайтуға шақырды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтың мемлекеттік сапары аясында өткен Қазақстан–Оман бизнес-форумында сөз сөйледі, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Тоқаев Оман сұлтанын Қазақстанның ең жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидты «Алтын Қыран» орденімен марапаттады, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Қазақстан мен Оман экономикалық ынтымақтастық жөнінде бірқатар келісімге қол қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Оман сұлтаны Хайсам бен Тарик Әл Саидтың келіссөздері қорытындысында экономика саласына қатысты бірқатар құжатқа қол қойылды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.

Азия қор нарықтары өсті, Оңтүстік Корея индексі төмендеді

Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі ірі елдердің қор нарықтары сейсенбідегі сауда қорытындысы бойынша негізінен өсті. Бұған бір күн бұрын Уолл-стриттегі өсім, Таяу Шығыстан мұнай жеткізілімінің қалпына келе бастауы және жасанды интеллект саласына қатысты оң көңіл күй ықпал етті.