Астана. 24 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тілдік, этностық және басқа да белгілер бойынша араздық туғызуға жол берілмейтінін мәлімдеді.
«Өздеріңіз білетіндей, тілдік, этностық, діни немесе өзге де белгілер бойынша кемсітуге Конституцияның өзінде тыйым салынған. Соған қарамастан, кәсіби арандатушылар кейде әлеуметтік желіде де, күнделікті өмірде де этносаралық араздықты әдейі өршітуге тырысады», – деді Тоқаев бейсенбі күні Астанада өткен Халық кеңесінің алғашқы сессиясында.
Президенттің айтуынша, мұндай әрекеттердің мақсаты – қоғамды әлсірету, Қазақстанның егемендігіне нұқсан келтіру, халықтың бірлігіне сызат түсіріп, елдегі бейбітшілік пен әл-ауқатқа қауіп төндіру.
«Олар, шын мәнінде, балаларымыз бен немерелеріміздің жарқын болашағына қауіп төндіреді. Сондықтан құқық қорғау органдары да, бүкіл қоғам да мұндай әрекеттерге қатысты берік ұстаным танытып, «Заң және тәртіп» конституциялық қағидатына сай әрекет етуге тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев қазақ тілінің жалпыұлттық бірлікті нығайтып, мемлекеттілікті бекемдеуде айрықша маңызы бар екенін атап өтті.
«Бұған дейін болжам ретінде айтылған жайт қазір шындыққа айналып келеді. Қазақ тілі қандай да бір әкімшілік, әсіресе саяси мәжбүрлеусіз-ақ кеңінен қолданыла бастады. Әсіресе жастар арасында оған қызығушылық артып келеді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде де, ұлттық мәдениет пен болмыстың нышаны ретінде де қоғамға қажет», – деді Президент.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы бұл басқа тілдерден бас тарту немесе олардың қолданылу аясын шектеу дегенді білдірмейтінін айтты.
«Тіл – Жаратқанның сыйы. Қандай да бір тілге қарсы күресу – Жаратушыға және оның жаратқанына қарсы шығумен тең. Бұдан асқан ақылсыздықты елестету қиын. Сондықтан қай тіл болмасын, қоғамның бірлігі мен дамуына қызмет етуге тиіс», – деді Тоқаев.




