Мәскеу. 24 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Швейцария ұлттық банкі (SNB) бейсенбі күнгі отырысында негізгі пайыздық мөлшерлемені жылдық 0% деңгейінде өзгеріссіз қалдырды.
Бұл шешім Trading Economics сауалнамасына қатысқан сарапшылардың болжамымен сәйкес келді.
Швейцарияда негізгі мөлшерлеме 2025 жылғы маусымнан бері өзгерген жоқ.
«Инфляция біршама жеделдеді. Бұған ең алдымен энергия ресурстарының қымбаттауы әсер етті. Ал орта мерзімді кезеңде бағаның өсуіне ықпал ететін факторлардың әсері айтарлықтай күшейген жоқ. Қазіргі ақша-кредит саясаты инфляцияны баға тұрақтылығына сай шекте ұстап, экономикалық өсімге қолдау көрсетуге мүмкіндік береді», – делінген SNB мәлімдемесінде.
Реттеушінің мәліметінше, екінші тоқсанда Швейцария экономикасы айтарлықтай жоғары қарқынмен өсті. Алайда өндірістік қуаттардың жүктемесі, әсіресе өңдеу өнеркәсібінде, орташа көрсеткіштен төмен болды. Жұмыссыздық та аздап өсті.
Тамызда елдегі жылдық инфляция шілдедегі 0,4%-дан 0,8%-ға дейін жеделдеп, кейінгі екі жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті.
Екінші тоқсанда Швейцарияның жалпы ішкі өнімі алдыңғы үш аймен салыстырғанда 1,5%-ға өсті. Бұл – кейінгі бес жылға жуық уақыттағы ең жоғары өсім. Жылдық есеппен экономика 2,8%-ға ұлғайды.
SNB инфляцияға қатысты болжамын да көтерді. Енді банк 2026 жылы инфляция 0,7%, ал 2027 және 2028 жылдары 0,8% болады деп күтеді. Маусымдағы болжамда 2026 және 2027 жылдарға 0,6%, 2028 жылға 0,7% көрсеткіші берілген еді.
Биылғы экономикалық өсім болжамы да жақсарды. Маусымда ЖІӨ 1% өседі деп күтілсе, енді өсім 1,5–2% аралығында болады деп болжанып отыр. 2027 жылға арналған болжам өзгерген жоқ – 1,5%.
Швейцария ұлттық банкі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты әлемдік экономикадағы белгісіздік әлі де жоғары екенін атап өтті.
«Энергия бағасы болжанғаннан едәуір жоғары болуы мүмкін. Мұндай жағдайда инфляция одан әрі жеделдеп, экономикалық өсім айтарлықтай баяулайды», – делінген банк мәлімдемесінде.
SNB ақша-кредит саясаты бойынша отырысты тоқсан сайын өткізеді. Келесі отырыс 10 желтоқсанға белгіленген.
Орталық банктің шешімі жарияланғаннан кейін швейцар франкі арзандады. Мәскеу уақытымен 11:57-де франк $1,208 болды. Бұл сәрсенбідегі сауда жабылған кездегі көрсеткіштен 0,33%-ға төмен. Еуро франкке шаққанда 0,29%-ға қымбаттап, бір еуро 0,9423 франк болды.




