Астана. 24 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектеновтің өкімімен Каспийде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.
«Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің өкімімен Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза болу себептерін тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды», – делінген бейсенбі күні Үкімет сайтында жарияланған хабарламада.
Комиссияны Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев басқарады. Премьер-министрдің тапсырмасымен ол төтенше жағдай болған жерге барып, әскери қызметшілердің қаза болу себептерін жан-жақты тергеу және қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету жұмыстарын ұйымдастырады.
Комиссия құрамына Қорғаныс министрі, Маңғыстау облысының әкімі, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Төтенше жағдайлар, Денсаулық сақтау және Көлік министрліктерінің басшылығы, Бас әскери прокурор және Шекара қызметінің өкілдері кірді.
Бұған дейін Каспий жағалауындағы Маңғыстау облысында бейсенбі күні Қазақстан Қарулы күштері Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы кезінде қатты желден көтерілген толқын 19 әскери қызметшіні теңізге алып кеткені хабарланған.
Қазіргі уақытта олардың тоғызының қаза тапқаны расталды, үшеуі құтқарылды. Қалған әскери қызметшілерді іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.




