Қайғылы оқиға 24 қыркүйекте, Каспий теңізінің Қазақстанға тиесілі бөлігінде Әскери-теңіз күштерінің оқу-жаттығуы басталғаннан екі күн өткен соң болды.
UlysMedia Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап таратқан мәліметке сәйкес , әскери қызметшілер оқу-жауынгерлік тапсырманы орындау кезінде ауа райы күрт бұзылып, жел күшейген. «Алдын ала мәлімет бойынша, 19 әскери қызметшіні теңіз ағызып әкеткен. Қазіргі уақытта 9 әскери қызметшінің қаза тапқаны белгілі. Үш адам құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жұмыстары жалғасып жатыр», – делінген хабарламада.
Кейін бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды.
Бас прокуратураның мәліметіне сүйенген UlysMedia тергеу үшін жедел-тергеу тобы құрылғанын жазды . Оқиға орнында Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі және прокуратура қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. «Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қажетті сот сараптамалары тағайындалды», – делінген Бас прокуратура ақпаратында.
«Хазар қорғаны-2026» ауқымды стратегиялық командалық-штабтық оқу-жаттығуының басталғаны 22 қыркүйекте хабарланған еді.
Sputnik Қазақстан мәліметінше , «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуына Әскери-теңіз күштері мен оларға бекітілген бөлімшелердің 500-ден астам әскери қызметшісі, жауынгерлік кемелердің экипаждары, жағалау бөлімшелері, сондай-ақ ҰҚК Шекара қызметінің Маңғыстау облысы бойынша жағалау күзеті мен Қарулы күштердің Әуе қорғанысы күштері қатысқан.
«Казахстанская правда» басылымының жазуынша , оқу-жаттығу барысында кемелердің бірлескен маневрі, іздестіру-құтқару жұмыстары, «асимметриялық қауіптерге» қарсы іс-қимыл, кемелерді әуеден және су астынан төнетін қауіптен қорғау пысықталған. Сонымен қатар ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы күрес, диверсиядан қорғану, әуе шабуылы құралдарын анықтау және әуе қорғанысын ұйымдастыру бойынша жаттығулар өткізілген.
Алайда ауа райының күрт өзгеруі әскерилердің жоспарын өзгертті. Оқу-жаттығуда пысықталуға тиіс іздестіру-құтқару шараларын бұл жолы нақты жағдайда жүргізуге тура келді. Өкінішке қарай, адам шығыны болды.
Тергеу басталғандықтан, әзірге қосымша пікір білдіруден тартынған жөн. Қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасылары мен жақындарына көңіл айтамыз.




