ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова емханалардағы медициналық көмектің қолжетімділігін бақылауды күшейтуді тапсырды. Қазан айынан бастап өңірлерде алғашқы медициналық-санитарлық көмек (МӘМС) ұйымдарының жұмысына жүйелі талдау жүргізіледі. Ал учаскелік дәрігерлер мен бейінді мамандардың қабылдауына жазылу мүмкіндігі екі апта сайын тексеріліп отырады. «Егер адам емханаға барып, дәрігердің қабылдауына жазыла алмаса, медициналық көмектің қандай қолжетімділігі туралы айтуға болады? Ең алдымен халыққа осындай қарапайым мүмкіндіктер жасалуы керек», – деді Ақмарал Әлназарова. Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық бақылау комитетінің төрағасы Лаурра Ахметнияздың айтуынша, жүргізілген талдау пациенттердің учаскелік дәрігерлерге де, бейінді мамандарға да өз бетінше жазылу мүмкіндігі шектеулі екенін көрсеткен. Бірқатар медициналық ұйымда дәрігерлердің қабылдау кестесі жасалғанымен, пациенттердің қабылдауға өз бетінше жазылуы әлі де қиын. «Мәселе қабылдау кестесінің бар-жоғында ғана емес. Ең бастысы – пациенттің дәрігер қабылдауына өз бетінше жазыла алуы. Анықталған кемшіліктер бойынша медициналық ұйымдарға тиісті ұсынымдар беріледі», – деді комитет төрағасы.
Еуразия24 пікірі:
Денсаулық сақтау министрлігіне қатысты екі жаңалық бар: бірі – жаман, екіншісі – одан да жаман.
Жаман жаңалық – бұл мәселе бүгін пайда болған жоқ. Оның көтеріліп келе жатқанына кемінде үш-төрт жыл болды. Оның үстіне бұл туралы алғашқылардың бірі болып министрлікке қарасты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының өзі мәлімдеген.
2022 жылы Қордың Астана қаласы бойынша филиалы пациенттердің жиі шағымдануына себеп болған мәселелерді атаған . Олардың қатарында бейінді маманның қабылдауын ұзақ күту, дәрігердің жолдама беруден бас тартуы және қажетті мамандардың болмауы бар.
Бір жылдан кейін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры ел бойынша түскен шағымдардың жалпы статистикасын жариялады . 2023 жылдың алғашқы жартысында азаматтардан 301 мыңнан астам өтініш түскен. Соның 13,3 мыңы шағым болса, олардың 87%-ы медициналық көмек көрсетуге қатысты болған.
Ал одан да жаман жаңалық – медициналық сақтандыру жарнасын тұрақты төлеп отырған азаматтардың дәрігерге қаралу кезінде кездесетін қиындықтары бір министрден екіншісіне «мұра» болып қалып келеді.
Ақмарал Шәріпбайқызы Денсаулық сақтау министрі қызметіне 2024 жылғы ақпанда тағайындалды. Демек, 2022–2023 жылдары айтылған шағымдар оның алдындағы министр Ажар Ғинияттың тұсында түскен. Бірақ мәселе онымен аяқталған жоқ.
Ақмарал Әлназарова министрлікке келгеннен кейін де медициналық көмектің сапасына қатысты шағымдар азаймай, керісінше көбейген.
Kazinform мәліметінше , медициналық көмек көрсетуге қатысты шағымдардың жалпы саны 11,1%-ға азайған: 2023 жылғы 16 454 шағым 2024 жылы 14 622-ге дейін төмендеген. Бір қарағанда, жағдай жақсарғандай. Алайда дәл осы аралықта медициналық қызмет көрсетуден бас тартуға байланысты шағымдар, керісінше, 19,3%-ға көбейіп, 5 970-тен 7 128-ге жеткен.
Айта кетейік, бұл – осыдан екі жыл бұрынғы дерек. Ал емханалардағы жағдайды екі апта сайын тексеріп отыру жөніндегі тапсырма енді ғана беріліп отыр. Ендігі жерде Денсаулық сақтау министрлігі бірнеше жылдан бері жүйенің өз ішінде қордаланып қалған мәселені қаншалықты шеше алатынын уақыт көрсетеді. Министрлікке бұл күресте сәттілік тілейміз.




