Ару Алматы – тек Қазақстанның мәдени және қаржылық орталығы ғана емес, әр дәуірдің өзіндік қолтаңбасы сақталған бірегей сәулет кеңістігі. Қаланың сәулеттік келбеті Тянь-Шань тауларының бөктерімен үйлесім тауып, өткен ғасырлар мен қазіргі заманның сәулет үлгілерін тоғыстырған.Бүгінде Алматының қарқынды дамуы шаһардың сәулеттік және қала құрылысы келбетіне жаңа талаптар қойып отыр. Қала аумағында жаңа нысандардың пайда болуы – тек жекелеген ғимарат салу мәселесі ғана емес, сонымен бірге тұтас аумақтың болашақ дамуын ескеретін кешенді үдеріс.Осы орайда Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасының негізгі міндеттерінің бірі – жаңа құрылыс нысандарының оқшауланған түрде емес, бекітілген қала құрылысы құжаттамасына сай, нақты аумақтың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін ескере отырып жобалануын қамтамасыз етіп отырғанын Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлімсейтов мәлімдеді.
Басқарма мамандары жобаларды қарау барысында бірқатар басты қағидаларды негізге алады. Ең алдымен, қаланың Бас жоспары, қала құрылысы регламенттері және егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары ескеріледі. Сонымен қатар аумақтың функционалдық мақсаты мен қызыл сызықтарға, ғимараттардың биіктігі мен құрылыс тығыздығына қойылатын шектеулер назарға алынады. Жобаларды бағалау кезінде сейсмикалық жағдайлар, инженерлік және көліктік инфрақұрылымның мүмкіндігі де қарастырылады. Әлеуметтік нысандармен қамтамасыз етілуі, сондай-ақ нысанның сәулеттік келбеті мен абаттандыру талаптарына сәйкестігі де маңызды.
Енді бұл тұста осы талаптар жаңа тұрғын үй кешендеріне қатысты қалай қолданылады? Құрылыс көлемі мен оның қала инфрақұрылымына түсіретін жүктемесі қалай есептеледі? Алматының сәулеттік келбеті мен табиғи ландшафты қалай қорғалады? Осы сұрақтар төңірегінде Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлімсейітов толығырақ айтып берді.
1. Сәулет және қала құрылысы тұрғысынан жаңа тұрғын үй кешендеріне қандай негізгі талаптар қойылады?
Бірінші кезекте жоба бекітілген қала құрылысы құжаттамасына сәйкес келуі тиіс.
Бұл жер учаскесінің нысаналы мақсаты, нысанның параметрлері, қабаттылығы, ғимараттың орналасуы, кіреберіс жолдар, инженерлік қамтамасыз ету және абаттандыру тиісті аумақтың Бас жоспарына, қала құрылысы регламентіне және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес болуы керек дегенді білдіреді.
Құрылыс кодексіне сәйкес сәулеттік жоба бекітілген қала құрылысы жобалары мен сәулет-жоспарлау тапсырмасына сәйкес әзірленеді. Сонымен қатар санитариялық, өрт қауіпсіздігі, экологиялық және басқа да қауіпсіздік талаптары ескеріледі.
Алматы үшін сейсмикалық қауіпсіздік, табиғи ландшафтты, тарихи құрылыстарды және қаланың қалыптасқан сәулеттік келбетін сақтау ерекше маңызға ие.
Яғни бүгінгі таңда тәсіл тек бос учаскеге тұрғын үй салумен шектелмейді. Нысанның дәл осы аумақта орналасуы қаншалықты мүмкін екеніне және белгіленген талаптарға сәйкестігіне кешенді баға беріледі.
2. Жаңа тұрғын үй құрылысының жолдарға, мектептерге, балабақшаларға және басқа да инфрақұрылымға түсіретін жүктемесі қалай ескеріледі?
Бұл мәселе ең алдымен аумақты қала құрылысы тұрғысынан жоспарлау кезеңінде қарастырылады. Ал егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында тұрғын үй құрылыстарымен қатар мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар, саябақтар, скверлер, көше-жол желісі, көлік қызметі және инженерлік коммуникациялар үшін аумақтарды резервтеу көзделуі тиіс. Мұндай қағида Құрылыс кодексінде бекітілген.
Рұқсат етілетін жүктемені анықтау кезінде халықтың перспективалық саны, қолданыстағы инженерлік желілер мен жолдардың мүмкіндігі, көлік қолжетімділігі және әлеуметтік нысандардың болуы ескеріледі.
Алматы қаласының қолданыстағы сәулеттік келбетті қалыптастыру және қала құрылысын жоспарлау қағидаларында әлеуметтік нысандардың жаяу қолжетімділікте болуына қойылатын талаптар да белгіленген. Атап айтқанда, жаңа құрылыс аумағындағы әр мың тұрғынға мектепке дейінгі ұйымдарда кемінде 100 орын және мектептерде кемінде 180 орын қарастырылуы тиіс. Сонымен қатар амбулаториялық-емханалық ұйымдармен қамтамасыз ету көзделеді. Сондықтан тұрғын үй көлемінің ұлғаюы тиісті инфрақұрылымға түсетін жүктеменің артуымен қатар қарастырылуы қажет.
3. Алматының әртүрлі бөліктерінде құрылыс тығыздығы мен ғимараттардың қабаттылығына қандай талаптар қойылады?
Бүкіл қала үшін бірыңғай ғимарат қабаттылығы немесе құрылыс тығыздығы белгіленбейді. Бұл параметрлер функционалдық аймаққа және нақты қала құрылысы жағдайына байланысты анықталады.
Алматының қала құрылысы регламентінде жеке тұрғын үй және аз қабатты құрылыстан бастап көпқабатты құрылысқа дейінгі әртүрлі тұрғын үй аймақтары белгіленген. Оларға құрылыс тығыздығы, құрылыс коэффициенті және рұқсат етілетін биіктік бойынша тиісті параметрлер белгіленеді.
Қала құрылысы регламенті 2025 жылғы 1 наурыздан бастап қолданысқа енгізілді және Бас жоспарды іске асырудың негізгі құжаттарының бірі болып табылады. Сонымен қатар жекелеген аумақтарға неғұрлым қатаң шектеулер белгіленген. Атап айтқанда, Абай және әл-Фараби даңғылдарының арасындағы аумақта бірегей нысандарды қоспағанда, ғимараттардың қабаттылығы 9 қабаттан, ал биіктігі 35 метрден аспауы тиіс.
Талғар трактісінен, Шығыс айналма автомобиль жолынан, әл-Фараби даңғылынан, Саин көшесінен оңтүстікке қарай және Саин көшесінен қала шекарасына дейінгі Жандосов көшесінің учаскесіндегі аумақта қолданыстағы қағидаларға сәйкес негізінен жертөле қабатын қоса алғанда, 3 қабатқа дейін және биіктігі 12 метрге дейінгі шектеу көзделген. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және діни нысандар үшін бөлек параметрлер қарастырылған.
Осылайша, ғимараттың қабаттылығы құрылыс салушының қалауымен емес, нақты аумақтың қала құрылысы мәртебесімен және оған белгіленген шектеулермен айқындалады.
4. Алматының Бас жоспары қай жерде және қандай тұрғын үй кешендері пайда болуы мүмкін екеніне қалай ықпал етеді?
Бас жоспар – қаланың негізгі стратегиялық қала құрылысы құжаты. Алматының 2040 жылға дейінгі қолданыстағы Бас жоспары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 3 мамырдағы №349 қаулысымен бекітілген. Ол аумақты функционалдық аймақтарға бөлуді, тұрғын аудандарды, әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымды, рекреациялық аумақтарды дамыту және қаланы дамытудың басқа да негізгі бағыттарын айқындайды.
Бас жоспар негізінде қала құрылысы регламенті мен егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары әзірленеді. Сондықтан аумақ Бас жоспарда басқа функционалдық мақсатқа белгіленсе немесе оған тиісті шектеулер қойылса, жер учаскесінің болуы оның аумағында көппәтерлі тұрғын үй кешенін салуға автоматты түрде мүмкіндік бермейді.
5. Жаңа нысандар салу кезінде Алматының сәулеттік келбетін сақтау қалай қамтамасыз етіледі?
Жобаларды келісу кезінде ғимараттың функционалдық мақсаты ғана емес, оның қоршаған қалалық ортаға әсері де бағаланады. Қолданыстағы қағидалар Алматының бірегей силуэтін және Іле Алатауы панорамасының визуалды қабылдануын сақтауды көздейді. Тарихи аумақтарда тарихи құрылыстың құрылымын, ауқымын, пропорцияларын және қабаттылығын сақтауға байланысты қосымша шектеулер қолданылады. Қасбеттерге де жекелеген талаптар қойылады. Сәулеттік шешім келісілген эскиздік жобаға сәйкес болуы, ғимараттың композициясын, пропорцияларын, материалдарын және айналасындағы құрылысты ескеруі тиіс.
Жаңа Құрылыс кодексінде сондай-ақ қасбеттерге, абаттандыруға, көгалдандыруға, жарықтандыруға, шағын сәулет нысандарына, қоршауларға және қалалық ортаның басқа да элементтеріне қойылатын талаптар кешені ретінде дизайн-код ұғымы бекітілді.
Негізгі қағида – жаңа құрылыс қалыптасқан қалалық ортаны толықтырып, онымен үйлесуі тиіс.
6. Жаңа тұрғын үй кешендерін абаттандыруға – аулаларға, көгалдандыруға және жаяу жүргіншілер аймақтарына қандай талаптар қойылады?
Абаттандыру – құрылыс аяқталғаннан кейін ғана қарастырылатын қосымша мүмкіндік емес, тұрғын үй кешені жобасының міндетті бөлігі.
Тұрғын үй құрылысы үшін аула аумақтары, демалыс орындары, балалар және спорт алаңдары, көгалдандыру, жаяу жүргіншілер жолдары, кіреберіс жолдар және автотұрақтарды орналастыру шешімдері қарастырылуы керек. Қолданыстағы қалалық талаптарға сәйкес бір тұрғынға кемінде 10 шаршы метр есебінен аула аумағы қарастырылады. Бұл аумақта шаруашылық және рекреациялық қажеттіліктерге, автотұрақ орындарына, абаттандыру мен көгалдандыруға арналған алаңдар ескеріледі.
Сонымен қатар жүріп-тұру мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін кедергісіз жаяу жүргіншілер ортасы және шағын сәулет нысандарын бірыңғай сәулеттік стильде орналастыру көзделеді.
Республикалық деңгейде нысанды пайдалануға беруге толық дайындығы жобада көзделген аумақты абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарының орындалуымен де байланысты. Яғни тұрғын үй кешені жай ғана салынған ғимарат ретінде емес, толыққанды өмір сүруге қолайлы орта ретінде пайдалануға берілуі тиіс.
7. Нүктелік және заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін қандай шаралар қолданылады?
Бақылаудың бірінші деңгейі – қала құрылысы құжаттамасы. Жаңа нысан Бас жоспарға, қала құрылысы регламентіне және егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сәйкес болуы тиіс. Алматының жаңа құрылыс салу қағидаларында аулалар мен жасыл аумақтарды құрылысқа бермеуге және қаланың жекелеген аудандарында шамадан тыс құрылыс салуға жол бермеуге бағытталған қосымша шектеулер енгізілген.
Сәулет басқармасы бастапқы материалдарды ұсыну, сәулет-жоспарлау тапсырмаларын беру және эскиздік жобаларды келісу кезінде жобалық шешімдердің қала құрылысы талаптарына сәйкестігін тексереді. Бұл ретте өкілеттіктерді нақты ажырату қажет. Құрылыс-монтаж жұмыстарының жүргізілуіне және құрылыс барысындағы талаптардың сақталуына тікелей бақылау жасау мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауына жатады.
Осылайша, құрылыс заңдылығы бірнеше кезеңде қамтамасыз етіледі: қала құрылысы жоспарлауынан және жобалаудан бастап құрылыс алаңындағы мемлекеттік бақылауға дейін.
Қорытынды сөз:
Алматының бүгінгі дамуындағы басты ұстаным – жекелеген нысандарды салумен шектелмей, аумақтарды кешенді дамыту. Жаңа тұрғын үйдің пайда болуы онымен бірге қажетті әлеуметтік, көліктік және инженерлік инфрақұрылымның қалыптасуымен, қоғамдық кеңістіктердің абаттандырылуымен, табиғи және сәулеттік келбеттің сақталуымен қатар жүруі тиіс.
Сондықтан кез келген жаңа құрылыс жобасына баға бергенде оның жеке ғимарат ретіндегі параметрлерімен қатар, сол нысанның қаланың жалпы құрылымына қалай үйлесетіні, аумаққа қандай жүктеме түсіретіні және қолданыстағы қала құрылысы құжаттарына қаншалықты сәйкес келетіні ескеріледі.
Жоспарлау мен жобалау кезеңінде осы талаптардың сақталуы – Алматының үйлесімді дамуын қамтамасыз етілуінің және ретсіз әрі заңсыз құрылысқа жол бермеудің негізгі құралдарының бірі. Алматы қаласы Сәулет және қала құрылысы басқармасы өз құзыреті шеңберінде осы талаптардың сақталуын қамтамасыз ету, қаланың сәулеттік келбетін сақтау және аумақтардың үйлесімді дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмысты жалғастыра береді.




