«Нефть и газ Казахстана» телеграм арнасының жазуынша, Үкімет газ саласын дамытудың кешенді жоспарындағы бірқатар мерзімді қайта қараған. Halyk Research-тің «Қазақстанның газ секторының 2024–2025 жылдардағы дамуына шолу» атты жаңа есебіне сәйкес, негізгі газ өңдеу зауыттарын іске қосу мерзімі тағы да кейінге шегерілді.
Газ өңдеу зауыттарын салу – тауарлық газ тапшылығын жоюдың негізгі шарттарының бірі. Алайда ірі жобаларды жүзеге асыруға көп уақыт қажет әрі олар қомақты инвестицияны талап етеді. Бұған қоса, ішкі нарықтағы газ бағасы мемлекет тарапынан реттелетіндіктен, газ өңдеудің табыстылығы төмен болып отыр.
Газ өңдеу зауыттарын іске қосу мерзімі қалай өзгерді:
- Қашаған газ өңдеу зауыты(қуаты – жылына 1 млрд текше метр): бастапқыда 2024 жылы іске қосу жоспарланған, 2025 жылғы жоспар бойынша – 2026 жыл, ал 2026 жылғы жаңартылған жоспар бойынша – 2027 жыл;
- Жаңаөзен газ өңдеу зауыты(жылына 0,9 млрд текше метр): бастапқы мерзім – 2024 жыл, қазіргі жоспар – 2027 жыл;
- Қарашығанақ газ өңдеу зауыты(жылына 4–5 млрд текше метр): 2025 жылғы жоспар бойынша – 2029 жыл, ал 2026 жылғы жаңартылған жоспар бойынша – 2030 жыл.
Еуразия24 пікірі:
Мұнай-газ саласының сарапшысы Олег Червинский газ өңдеу зауыттарын іске қосу мерзімінің қайта-қайта кейінге шегерілуіне не себеп және мұның салдары қандай деген мәселе көтереді. Оның айтуынша, негізгі себептердің бірі – жобалардың тым қымбат болуы. Бұған ішкі нарықтағы көтерме газ бағасының төмендігіне байланысты жеке инвесторлардың қызығушылық танытпауы да әсер етіп отыр.
Сарапшы мұның газ теңгеріміне де салмақ түсіретінін айтады. Өндірілетін газдың жартысына жуығы мұнай өндіру деңгейін ұстап тұру үшін қайтадан жер қойнауына айдалады. Соның салдарынан тұтынушыларға жеткізілетін тауарлық газ өндірісі азайып келеді.
Осы тұста заңды сұрақ туындайды: неліктен газ өңдеу Қазақстан үшін осыншалықты күрделі мәселеге айналды? Сөйтсек, мұндай қиындық тек біздің елге тән емес. Бірақ әлемдік тәжірибеде газ өңдеу жобаларының экономикасы әуел бастан нарық талаптарына сай есептеледі. Инвесторлар жобаның өзін-өзі ақтау мерзімін газдың нарықтық бағасына, ұзақ мерзімді келісімшарттарға, экспортқа, өңделген өнімдерді сатуға және табыс табудың өзге де мүмкіндіктеріне сүйене отырып бағалайды.
Ал Қазақстан бір мезгілде ішкі нарықтағы газ бағасын төмен деңгейде ұстап тұруға және миллиардтаған қаржы қажет ететін жаңа жобаларға ауқымды инвестиция тартуға тырысып отыр. Екеуін қатар алып жүру барған сайын қиындап келеді. Сондықтан қай бағытқа басымдық берілетінін айқындайтын уақыт жеткен сияқты.




