Евразия24Ушыққан мәселе Еуроодақты қыспаққа алған газ дағдарысы

 Еуроодақты қыспаққа алған газ дағдарысы

|

|

Қазақстан халқының назары Украинадағы ахуалға, әсіресе алдағы уақытта оқиғалардың қалай өрбитініне ауып отырғаны түсінікті. Өйткені Украинаның соғысты әрі қарай жалғастыру мүмкіндігі Еуропаның қолдауына тәуелді.

Осы тұста Еуропалық одақта қысқы жылыту маусымы қарсаңында газ бағасы күрт қымбаттады. Қыркүйекте биржада мың текше метр газдың құны мың доллардан асты. Еуропа нарығында бағаны ұзақ мерзімді келісімшарттардан гөрі биржадағы ағымдағы сауда айқындайды. Оның үстіне әзірге сөз тұтынушы төлейтін баға туралы емес. Қазір осы бағамен газ сатып алынып, жерасты қоймаларына айдалып жатыр. Ал қыс қарсаңында қоймалар небәрі 66%-ға толған. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең төмен көрсеткіш.

Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Алматы өңірінде мың текше метр газ жеке тұлғаларға 63,5 мың теңгеге, заңды тұлғаларға 96,2 мың теңгеге түседі. Қазіргі валюта бағамымен есептегенде, бұл тиісінше 144 және 217 доллар шамасында.

Бұл тарифтердің өзі биыл айтарлықтай өсті. Шілдеден бастап магистральдық газдың бағасы Қазақстан бойынша орта есеппен 33%-ға, Алматы өңірінде 49%-ға көтерілді. Соған қарамастан, бұл – жылыту маусымына белгіленген баға. Сондықтан Қазақстанда қыс ішінде газ тарифінің қайта өсуі қарастырылмаған.

Еуропалық одақта жағдай күрделірек. Ормуз бұғазы арқылы тасымалдың тоқтауы, сондай-ақ «Түрік ағынын» есептемегенде, Ресейден газ жеткізудің іс жүзінде доғарылуы қыс айларында бағаның одан әрі өсуіне алып келуі мүмкін. Оның қай деңгейге дейін көтерілетіні ЕО-ның жетекші елдері үкіметтерінің халық пен өнеркәсіпті осындай қымбат газбен үздіксіз қамтамасыз ету мүмкіндігіне байланысты.

Бұл ретте Еуропа елдеріне әлеуметтік қолдау жүйесіне жұмсалатын қомақты бюджет шығыстарын да қатар көтеруге тура келеді. Әлеуметтік жеңілдіктер мен мемлекеттік қолдауға үйренген тұрғындар алдындағы міндеттемелерге мигранттарды қолдауға жұмсалатын шығындар да қосылады. Осы факторлардың барлығы қыс мезгілінде Еуропа үкіметтерінің қаржылық мүмкіндігіне қосымша салмақ түсірмек.

Бұған соғысып жатқан Украинаны қолдауға жұмсалатын шығынды да қосу керек. Газ бағасының шектен тыс қымбаттауы Украина үшін де аса күрделі мәселе. Өйткені оны жеткізу жолдары айтарлықтай шектелген, ал энергетикалық инфрақұрылымға ұдайы соққы жасалып жатыр. Мұндай жағдайда елді газбен қамтамасыз ету Украина үшін өмірлік маңызы бар мәселеге айналады.

Ресейдің келіссөзге әрдайым дайын екенін мәлімдей отырып, өз талаптарын өзгеріссіз қалдыруы да тегін емес. Мәскеу келіссөздің басталуы әскери іс-қимылдың тоқтатылатынын білдірмейтінін бірнеше рет мәлімдеді.

Осыған қарағанда, Ресейдің есебі күзгі-қысқы әскери науқан кезінде Славянск-Краматорск агломерациясы мен Донецк облысын толық бақылауға алудан гөрі қыс мезгілінің Украина мен Еуропаға түсіретін салмағына көбірек құрылған деуге болады.

Осы орайда газ бағасының құбылуы Еуропалық одақ экономикасына және соған сәйкес оның саясатына қалай әсер еткеніне назар аударған жөн. Әсіресе соңғы он бес жылдағы жағдай қызығушылық тудырады. Бұл кезең 2007–2008 жылдардағы жаһандық қаржы дағдарысынан кейінгі уақытты және Еуразия құрлығындағы бірқатар геосаяси өзгерісті қамтиды. Олардың қатарында Кеден одағы мен Еуразиялық экономикалық одақтың құрылуы, Украинадағы Майдан оқиғалары, Қырымға қатысты өзгерістер және одан кейінгі үдерістер бар.

Осы он бес жыл ішінде еуроаймақтың сыртқы сауда теңгерімі бірнеше кезеңнен өтті: бастапқыда дағдарыстан кейін қалпына келіп, оң көрсеткіштерге шықты, кейін бұрын-соңды болмаған энергетикалық дағдарысқа тап болды. Одан соң сауда теңгерімі қайтадан оң көрсеткішке оралды. Ал қазір Еуропа жаңа дағдарыстың алдында тұр. Оның ауқымы бұрынғы көрсеткіштерден де асып түсуі мүмкін.

  • 2011–2013 жылдар.Жаһандық қаржы дағдарысынан кейінгі қалпына келу кезеңі. Өнеркәсіп өнімдері экспортының өсуі нәтижесінде еуроаймақтың сыртқы саудасындағы тапшылық біртіндеп азайып, оң сальдо тұрақты түрде ұлғая бастады.
  • 2014–2019 жылдар.Сыртқы саудада тұрақты әрі жоғары оң сальдо қалыптасты. Автомобиль жасау, машина жасау және химия өнеркәсібі өнімдерінің экспорты еуроаймақтың өзге елдермен тауар саудасындағы оң көрсеткішін жоғары деңгейде ұстап тұрды.
  • 2020–2021 жылдар.COVID-19 пандемиясы әлемдік сауда көлемін күрт қысқартты. Соған қарамастан, импорттың экспортқа қарағанда жылдамырақ төмендеуі нәтижесінде еуроаймақтың сыртқы саудасындағы оң сальдо сақталды.

Байқасаңыздар, 2021 жылдың соңында энергия ресурстары күрт қымбаттап, еуроаймақтың сауда теңгерімі қысқа мерзімге теріс көрсеткішке түсті. Кейінірек бұл Ресей мен Украина арасындағы әскери қақтығыс қарсаңында қалыптасқан ахуалдың алғашқы белгілерінің бірі еді.

2021 жылдың басында газ бағасы әлі де дағдарысқа дейінгі төмен деңгейде сақталды: мың текше метрінің орташа құны 200 еуроға да жетпейтін. Алайда сол жылдың күзі мен қысында газ жеткізу көлемі күрт азайып, нарықта тапшылық пайда болды. Соның салдарынан биржадағы споттық баға тарихта алғаш рет мың текше метрі үшін 1000 доллардан асты.

  • 2022 жыл. Тарихи антирекорд.Ресейден құбыр арқылы жеткізілетін газ көлемінің күрт қысқаруы, геосаяси дағдарыс және энергия ресурстарының қымбаттауы еуроаймақтың сыртқы саудасында бұрын-соңды болмаған тапшылыққа әкелді. Сол жылдың көктемінде Ресей президенті Владимир Путин «достық пиғыл танытпайтын» елдерге газды рубльмен сату туралы жарлық шығарды.
  • 2023–2026 жылдар.Еуропаның жаңа энергетикалық жағдайға бейімделуі, шикізат бағасының төмендеуі және тасымал жолдарының қалпына келуі еуроаймақтың сыртқы саудасын қайтадан оң көрсеткішке шығарды. 2025 жылға қарай Ресейден құбыр арқылы келетін газдың басым бөлігі тоқтағанымен, сұйытылған табиғи газды (СТГ) көп көлемде импорттау оның орнын едәуір толтырды. Парсы шығанағындағы соғыс басталғанға дейін газ бағасы маусымдық қалыпты деңгейіне оралып, мың текше метрінің жылдық орташа құны шамамен 422 долларды құрады.

Енді Еуропа қысқы жылыту маусымын газдың мың текше метрі 1000 доллардан асқан бағамен қарсы алып отыр. Еуроаймақтың жалпы сауда теңгерімі әзірге оң болғанымен, профицит көлемі азайып келеді.

Ал бұдан кейін жағдайдың қалай өрбитінін алдағы қыс көрсетеді…

 

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Доллар еуроға қатысты нығайып, иена мен фунтқа шаққанда әлсіреді

Дүйсенбі күні күндіз АҚШ доллары еуроға қатысты нығайды, ал фунт стерлинг пен жапон иенасына шаққанда төмендеді.

ЕО елдерінің қорғаныс министрлері Украинаның қорғаныс шығындарын қаржыландыру мәселесін талқылады – Каллас

Еуропалық одақтың сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғары өкілі Кая Каллас дүйсенбі күні Брюссельде қорғаныс министрлері форматында өткен ЕО Сыртқы істер кеңесінің отырысында Украинаны қаржыландыру мәселелері талқыланғанын хабарлады.

АҚШ Венесуэлада өндірілген алтынды сатып алуда қиындыққа тап болды

АҚШ билігі Венесуэла мұнайымен қатар, елде өндірілетін алтынды да сатып алуды көздеген. Алайда алтынның шығу тегіне және оны өндіру кезінде заң талаптарының сақталуына қатысты мәселелер бұл жоспарды жүзеге асыруды қиындатты, деп хабарлайды The New York Times (NYT).

Фэрфорд базасына шабуыл жасамақ болды деген күдіктілердің барлығы Ұлыбритания азаматтары

Ұлыбритания Әскери-әуе күштерінің базасына шабуыл ұйымдастыруы мүмкін деген күдікпен ұсталғандар Ұлыбритания азаматтары болып шықты. Бұл туралы дүйсенбі күні Sky News полицияның терроризмге қарсы күрес бөлімшесіне сілтеме жасап хабарлады.