Астана. 29 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан жаңа өнім астығын Ресейге, Қытайға, Орталық Азия елдеріне және басқа да бағыттарға тұрақты тасымалдауға қажетті жағдай жасады, деп хабарлады көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов.
«Соңғы жылдары теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Қытай бағытында Достық – Мойынты учаскесінде екінші жол салынды. Алтынкөл станциясы мен Алтынкөл – Жетіген учаскесі жаңғыртылды. Соның нәтижесінде Қытай бағытындағы өткізу мүмкіндігі тәулігіне 75 пойызға дейін артты», – деді Тайжанов сейсенбі күні Үкімет отырысында жаңа өнім астығын тасымалдауға инфрақұрылымның дайындығы туралы баяндап.
Оның айтуынша, Өзбекстан бағытында Сарыағаш және Оазис станцияларының өткізу мүмкіндігі ұлғайтылды. Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы аяқталып, Сырдария станциясы ашылғаннан кейін бұл бағытта тәулігіне 60 пойызға дейін өткізуге мүмкіндік туады.
«Ресейлік әріптестермен де тиісті келіссөздер жүргізілді. Нәтижесінде тәулігіне 100 пойызға дейін өткізуге мүмкіндік беретін келісімдерге қол жеткізілді. Осылайша, негізгі экспорттық бағыттарда астық тасымалының көлемін одан әрі арттыруға қажетті жағдай жасалды», – деді Тайжанов.
Вице-министр теміржол көлігі жаңа өнім астығын ел ішінде де, экспортқа да толық көлемде тасымалдауға дайын екенін атап өтті.
Қазіргі уақытта 16,9 мың астық тасымалдайтын вагон бар. Өткен жылы олардың саны 16,3 мың болған. Сондай-ақ 17,8 мың жабық вагон (өткен жылы – 16,5 мың) және 2 мыңнан астам локомотив бар.
«Қолда бар жылжымалы құрам астықты толық көлемде тасымалдауға жеткілікті. Қажет болған жағдайда тасымал көлемін арттыруға қосымша мүмкіндік те бар», – деді Тайжанов.
Вице-министрдің мәліметінше, биылғы жылдың сегіз айында теміржол көлігімен 9,3 млн тонна астық тасымалданды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға көп.
Оның ішінде экспортқа 7,2 млн тонна астық жөнелтілді. 2025 жылдың сегіз айында бұл көрсеткіш 6,3 млн тоннаны құраған. Ел ішінде 2,1 млн тонна астық тасымалданды, ал өткен жылдың сәйкес кезеңінде 1,9 млн тонна болған.




