Ұлан-Батыр. 6 қазан. ИНТЕРФАКС – Үндістанның мемлекеттік Steel Authority of India Limited (SAIL) корпорациясы кокстелетін көмір жеткізілетін елдер қатарын кеңейту мақсатында Моңғолиядан көмірдің сынақ партиясын әуе жолымен импорттады. Бұл туралы моңғолиялық БАҚ хабарлады.
Нақты айтқанда, компания көлемі 1 тонна болатын кокстелетін көмір партиясын ұшақпен жеткізген. Қазір оның болат өндіру талаптарына сәйкестігі жан-жақты тексеріліп жатыр. Осы сынақтың нәтижесіне қарай SAIL көмірді ұзақ мерзімді келісімшарттар негізінде импорттау мәселесін шешеді.
«Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ Моңғолиядан көмірді Үндістанға жеткізу оңай емес. Сарапшылардың пікірінше, шекаралық дауларға байланысты Үндістан мен Қытай арасындағы қатынас шиеленісті болғандықтан, үнді тарапы Қытай арқылы транзитпен тасымалдағаннан гөрі Ресей аумағы арқылы өтетін балама бағытты жөн көреді. Алайда Ресей арқылы транзит тасымал шығындарының едәуір өсуіне әкелуі мүмкін», – делінген хабарламада.
SAIL Бхилаи, Бокаро, Руркела, Дургапур және Бурнпурда орналасқан бес ірі интеграцияланған металлургия зауытын, сондай-ақ легірленген және арнайы болат өндіретін мамандандырылған кәсіпорындарды басқарады. Компания Үндістандағы инфрақұрылымдық жобаларға қажет болаттың елеулі бөлігін қамтамасыз етеді. Концерн жылына 19 млн тоннадан астам болат балқытады.
Бұған дейін тағы бір үнді компаниясы – Eurasia Energies Pvt. Ltd. Моңғолиядан Ресей арқылы Үндістанға шамамен 11–12 мың тонна кокстелетін көмірдің сынақ партиясын жеткізуді ұйымдастыра бастағаны хабарланған еді. Бұл сатып алу моңғол көмірінің Үндістанның болат өндірісіне жарамдылығын өнеркәсіптік ауқымда бағалауға мүмкіндік береді деп күтілуде. Бұған дейін Үндістан билігі де, салалық компаниялар да Моңғолия көмірін импорттауға қызығушылық білдірген.
Бұл жеткізілім Моңғолияның минералдық ресурстарын Үндістан нарығына жеткізетін балама көлік дәлізін қалыптастыруға және көмірді тұрақты тасымалдауды жолға қоюға мүмкіндік беріп, екі ел арасындағы экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуі мүмкін.
Сондай-ақ 2025 жылғы қазанда Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсух пен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди екі елдің стратегиялық әріптестігін дамытуға бағытталған бірқатар үкіметаралық келісімдер мен меморандумдарға қол қойғаны хабарланған. Құжаттар сауда-экономикалық, инвестициялық, энергетикалық, тау-кен және ақпарат салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздейді.
Атап айтқанда, тау-кен және металлургия саласындағы келісім мыс пен көмір кен орындарын бірлесіп барлауға және инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Моңғолияның тау-кен секторына Adani, Hindalco және Vedanta сияқты үнді компаниялары да қызығушылық танытып отыр.
Бұл бағыттағы негізгі қиындық – логистика. Моңғолияның теңізге тікелей шығатын жолы жоқ. Осыған байланысты бұған дейін екі тарап та Қытай арқылы өтетін қысқа бағыттан гөрі Ресейдің Қиыр Шығысындағы Владивосток портын қолайлы жөнелту нүктелерінің бірі ретінде қарастырған.




