Евразия24Басты бетЕҚДБ мен ЕТДҚ болжамдары: Қазақстан экономикасы өсе ме, әлде құлдырай ма?

ЕҚДБ мен ЕТДҚ болжамдары: Қазақстан экономикасы өсе ме, әлде құлдырай ма?

|

|

Еуропалық қайта құру және даму банкі  мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының  сарапшылары геосаяси тұрақсыздықты, Таяу Шығыстағы қақтығыс пен жүк тасымалындағы іркілістерді ескере отырып, өңір елдерінің, соның ішінде Қазақстанның экономикалық даму қарқынын салыстырды. Екі ұйым да Қазақстанның мұнайдан өзге салаларының даму мүмкіндігін жоғары бағалайды. Алайда олардың ұзақ мерзімді экономикалық болжамдары бірқатар маңызды көрсеткіш бойынша алшақ түседі.

Алдымен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының (ЕТДҚ) қандай ұйым екенін және оның зерттеулеріне неліктен назар аудару керектігін түсіндіріп өтейік. Өйткені бұл қордың талдаулары Қазақстан экономикасының алдағы жылдардағы даму бағытын болжауда маңызды дереккөз бола алады.

Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) – 2009 жылы маусымда Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан үкіметтері құрған, капиталы 8,5 миллиард долларды құрайтын өңірлік қаржы ұйымы. Қор кеңесіне оған мүше елдердің қаржы министрлері кіреді. Ал қаражатты басқару және күнделікті жұмысын жүргізу Еуразиялық даму банкіне (ЕАДБ) жүктелген.

ЕТДҚ сарапшылары өңір экономикасына арналған ауқымды зерттеулерді тұрақты түрде жариялап отырады. Олар өз талдауларында ұлттық статистика органдары мен орталық банктердің деректерін, сондай-ақ елдердің экономикалық көрсеткіштерін салыстыруға мүмкіндік беретін мәліметтерді пайдаланады. Қордың зерттеулеріне халықаралық ұйымдар мен оған мүше мемлекеттердің үкіметтері де сүйенеді. Атап айтқанда, бұл талдаулар мемлекеттік қарыздың қаншалықты ауыртпалық түсіретінін және сыртқы саудадағы күтпеген өзгерістердің экономикаға ықпалын бағалауға көмектеседі.

Ал Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) туралы кеңінен таныстырудың қажеті жоқ.

КҮТПЕГЕН АЙЫРМАШЫЛЫҚ

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) мен Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) өз есептерінде 2026 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны 3 пайызға дейін, тіпті одан да төмен баяулайтынын атап көрсеткен. Бұған ең алдымен Таяу Шығыстағы қақтығыс себеп болып отыр. Аймақтағы шиеленіс энергия ресурстарын жеткізу мен жүк тасымалына кедергі келтіріп, шикізат бағасының тұрақсыздануына әкелді.

ЕТДҚ баяндамасында «болжамдардағы тосын алшақтық» деп сипатталған жағдайға назар аударылған. Атап айтқанда, 2026 жылы Ресей экономикасының өсімі күрт баяулап, небәрі 0,6 пайызды құраған. Ал Еуразия өңіріндегі өзге елдердің экономикасы 4,8 пайызға өскен. Оған ішкі сұраныстың артуы, инвестиция көлемінің ұлғаюы және мемлекет тарапынан экономиканы қаржылай қолдау шаралары ықпал еткен.

ЕҚДБ Орталық Азия елдерінің сыртқы экономикалық күйзелістерге төтеп бере алғанын атап өтеді. Мәселен, 2026 жылдың алғашқы жартысында Қырғызстан экономикасы 11,9 пайызға, Тәжікстан экономикасы 8,2 пайызға, ал Өзбекстан экономикасы 8,5 пайызға өскен.

ЕТДҚ сарапшыларының шикізат нарығына қатысты талдауы мен болжамдары да ерекше назар аудартады. Олардың есебінше, 2027 жылы мұнай нарығындағы жағдай өзгеріп, тапшылықтың орнын ұсыныстың артық болуы басады. Соның салдарынан Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне 76 доллардан төмендеуі мүмкін.

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ САРАПШЫЛАР НАЗАРЫНДА

Қазақстан экономикасының биылғы көрсеткіштеріне қатысты ЕҚДБ мен ЕТДҚ сарапшыларының тұжырымы ұқсас. Екі ұйым да 2026 жылдың алғашқы жартысында экономиканың баяу өсуін мұнай-газ өндірісіндегі қиындықтармен байланыстырады. Жыл басында Теңіз кен орнында болған апат өндірістің уақытша тоқтауына әкелді. Оның үстіне Каспий құбыр консорциумы (КҚК) арқылы мұнай тасымалдауда да қиындықтар туындады. Соның салдарынан қаңтар-шілде айларында мұнай мен газ өндіру көлемі 8,9 пайызға қысқарды. Осыған байланысты Қазақстан биылғы мұнай өндіру жоспарын 98 миллион тоннадан 96 миллион тоннаға дейін азайтты.

Есесіне, экономиканың мұнайға қатысы жоқ салаларында өсім бар. Әсіресе өнеркәсіп кәсіпорындары қалыптасқан жағдайға бейімделіп, өндіріс көлемін арттыра алған. ЕҚДБ мәліметінше, машина жасау, жабдықтарды жөндеу, тамақ өнімдері мен химиялық өнімдер өндірісінің арқасында өнеркәсіп 9 пайызға өсті. Құрылыс саласында да қарқын жоғары. Мұндағы өсім 15,3 пайызға жеткен.

ЕТДҚ есебінше, 2026 жылдың алғашқы алты айында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 4,1 пайызға артқан. Ал Теңіз кен орнында мұнай өндіру қайта басталғаннан кейін екінші тоқсанда өсім 5 пайызға жетті.

Енді ЕҚДБ мен ЕТДҚ-ның Қазақстан экономикасына қатысты болжамдарын Үкіметтің жоспарымен салыстырып көрейік. Үшеуінің есебінде назар аударарлық айырмашылықтар бар:

  • Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) – 2026 жылғы 24 қыркүйектегі есебінде Қазақстан экономикасы биыл 4,7 пайызға, 2027 жылы 4,5 пайызға өседі деп болжаған.
  • Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры (ЕТДҚ) – 2026 жылғы 6 қазанда жариялаған есебінде биылғы және келесі жылғы экономикалық өсімді 5 пайыз деп бағалаған.
  • Қазақстан Үкіметі – 2026 жылғы тамыздағы болжам бойынша, биыл жалпы ішкі өнім 5–5,4 пайызға, ал 2027 жылы 5,3 пайызға өседі деп күтеді.

Бұл көрсеткіштер нені аңғартады? ЕҚДБ сарапшылары 2026–2027 жылдары Қазақстан экономикасының өсіміне сақтықпен қарап отыр. Бұған мұнай экспорттайтын бағыттарда тасымалдың қайта үзілу қаупі әсер еткен болуы мүмкін. Ал ЕТДҚ, керісінше, 2027 жылға арналған болжамын 5 пайызға дейін көтерген. Қор мұны ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуымен және бюджеттен бөлінетін нысаналы трансферттермен түсіндіреді.

Қазақстан Үкіметінің өз болжамына келсек, 25 тамызда өткен Үкімет отырысында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин алдағы үш жылда экономиканың жылдық өсімі 5 пайыздан жоғары болады деп мәлімдеді (https://www.interfax.ru/business/1111074 ).

«Негізгі болжамға сәйкес, 2027–2029 жылдары Қазақстанның жалпы ішкі өнімі жыл сайын орта есеппен 5 пайыздан астам өседі. Оның ішінде 2027 жылы экономикалық өсім 5,3 пайызға, 2028 жылы 5,5 пайызға, ал 2029 жылы 5,4 пайызға жетеді деп күтілуде», – деді министр.

Осылайша, Еуразиялық даму банкі басқаратын ЕТДҚ-ның 2026 жылға арналған болжамы Үкімет белгілеген көрсеткішке жақын. Айта кетейік, Еуразиялық даму банкі 2006 жылы Ресей мен Қазақстанның бастамасымен құрылған.

Ал Қазақстан Үкіметіне тәуелсіз жұмыс істейтін ЕҚДБ экономиканың өсу қарқынын әлдеқайда сақтықпен бағалап отыр. Біздіңше, бұл болжам мен Ұлттық экономика министрлігі жоспарлаған көрсеткіштердің арасында белгілі бір алшақтық бар екенін көрсетеді.

ИНФЛЯЦИЯ БОЛЖАМЫ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚОР ҚАРЖЫСЫ

ЕҚДБ дерегінше, 2025 жылғы қыркүйекте 12,9 пайызға жеткен инфляция 2026 жылдың тамызында 9,8 пайызға дейін төмендеген. Еске салайық, осы тұста Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25 пайызға дейін түсірген болатын.

ЕТДҚ сарапшылары баға өсімінің алдағы жылдардағы қарқынына да болжам жасаған. Қордың есебінше, инфляцияның бәсеңдеуі нәтижесінде 2026 жылдың соңына қарай жылдық баға өсімі 9,5 пайызға дейін төмендейді. Ал 2027 жылы инфляция 8,8 пайыз, 2028 жылы 7,8 пайыз, 2029 жылы 6,8 пайыз болады деп күтіледі. Осыған сәйкес, қор сарапшылары базалық мөлшерлеменің жылдық орташа көрсеткіші 2027 жылы 14,8 пайызға, 2028 жылы 12,8 пайызға, ал 2029 жылы 10,8 пайызға дейін төмендейді деп болжайды.

Сарапшылардың Қазақстан бюджетінің кірісі мен шығысына қатысты бағалауы да назар аудартады. ЕҚДБ мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы жеті айында мемлекеттік бюджет кірісі 16,5 пайызға, шығысы 13,1 пайызға артқан. Соған қарамастан, бюджет тапшылығы 3 триллион теңгеге жеткен. Бұл жалпы ішкі өнімнің шамамен 2 пайызына тең.

Ал ЕТДҚ жыл қорытындысы бойынша бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 2,7 пайызына жетеді деп есептейді. Қор сарапшыларының болжамынша, ірі инфрақұрылымдық бағдарламаларды жүзеге асыруға жұмсалатын шығындардың артуына байланысты 2027 жылы тапшылық одан әрі ұлғаяды.

ЕТДҚ экономиканы қолдауда мемлекет бөлетін қаражаттың маңызы зор екенін де атап көрсетеді. Атап айтқанда, Инфрақұрылымды дамыту қоры арқылы 1,5 триллион теңге нысаналы трансферт бөлінген. Бұған қоса, 2026 жылдың сегіз айында «Бәйтерек» холдингі арқылы 6,9 триллион теңге көлемінде қаржы берілген.

Осы аралықта Ұлттық қордың шетелдегі активтері де көбейген. Екінші тоқсанда олардың көлемі 3,1 миллиард долларға ұлғайып, 65,5 миллиард долларға жеткен.

ЖАҺАНДЫҚ ТҰРАҚСЫЗДЫҚТЫҢ ЭКОНОМИКАҒА ӘСЕРІ

ЕҚДБ мен ЕТДҚ сарапшылары Қазақстан экономикасы үшін ең үлкен қауіп әлі де мұнай экспорты мен оны сыртқы нарыққа тасымалдаудағы қиындықтардан туындайды деген пікірде. Бұл екі мәселе ел экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер етеді.

Ірі жобаларға бюджеттен қомақты қаржы бөлу экономикалық теңгерімсіздікті біршама азайтқанымен, оның кері әсері де жоқ емес. Мемлекеттік шығындардың көбеюі инфляцияны үдетуі мүмкін. Оның үстіне, мұндай жобаларға қажетті жабдықтар шетелден сатып алынатындықтан, импорт көлемі артып, елдің ағымдағы шотының тапшылығы ұлғаюы ықтимал.

ЕТДҚ сарапшылары өз есебінің арнайы бөлімінде Қытай мен Ресей экономикасының Қазақстанға ықпалын да қарастырған. Олар 2014–2024 жылдар аралығындағы деректерді саралап, еліміздің негізгі сауда серіктестеріндегі сұранысқа қаншалықты тәуелді екенін зерттеген.Талдау нәтижесі көрсеткендей, Қытайдағы түпкілікті сұраныс 10 пайызға төмендеген жағдайда оның Қазақстан экономикасына тигізетін ықпалы соңғы он жылда шамамен 1,6 есе күшейген. Басқаша айтқанда, Қытай қазақстандық тауарларды аз сатып алса, еліміздің жүк тасымалы, металл өнімдері мен өзге де шикізат экспорты зардап шегеді.Ал Ресей нарығындағы сұранысқа тәуелділік, керісінше, азайған. Оның үстіне, Ресеймен сауданың сипаты да өзгеше. Бұл елге Қазақстан негізінен шикізат емес, дайын өнім жөнелтеді. Олардың қатарында азық-түлік, автомобиль өнеркәсібі мен өңдеу саласының басқа да тауарлары бар.

Қорыта айтқанда, Қазақстан экономикасы 2026 жылдың басындағы уақытша құлдыраудан еңсесін тіктеді. Бұған Теңіз кен орнында мұнай өндірісінің толық қалпына келуімен қатар, құрылыс, машина жасау және сауда салаларындағы өсім ықпал етті. Осы қарқын сақталса, 2026 жылдың соңына қарай жалпы ішкі өнімнің өсімі 5 пайызға жетуі де мүмкін.

Дегенмен ел ішіндегі инвестициялық белсенділік әлі де «Бәйтерек», «Самұрық-Қазына» және Инфрақұрылымды дамыту қоры сияқты квазимемлекеттік ұйымдардың қолдауына сүйеніп отырғанын ескеру қажет. Алдағы уақытта Үкіметке инфрақұрылымды дамыту мен инфляцияны тежеудің арасынан тиімді жол табуға тура келеді. Өйткені ауқымды жобаларға қаржы құю экономиканы жандандырғанымен, бағаның өсуіне де ықпал етеді.

Дегенмен ЕҚДБ мен ЕТДҚ сарапшылары қыруар қаржы бөлінген жобаларды ешбір жағдайда тоқтатуды ұсынып отырған жоқ.Сарапшылар энергетика мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына триллиондаған теңге инвестиция салмай болмайтынын түсінетін болса керек. Мұндай ауқымды жобаларды мемлекет қаржысына немесе мемлекеттік кепілдікпен жүзеге асырудан басқа амал аз. Өйткені жеке инвесторлардың мұншалықты мол қаражат жұмсауға мүмкіндігі жете бермейді.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Алматыда адам өлімі мен пәтерді заңсыз иемденуге қатысты іс бойынша төрт күдікті ұсталды

Бірнеше күн бұрын әлеуметтік желілерде Алматыдағы көпқабатты үйлердің бірінің кіреберісіне орнатылған бейнебақылау камерасынан алынған жазба тарады. Онда белгісіз адамдардың басына қап кигізілген адамды сыртқа көтеріп алып шыққаны көрінеді. Енді бұл оқиғаның адам өлтіру қылмысына қатысы бар екені белгілі болды.

Қазақстан мен Бельгия көлік, энергетика және аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтпек

Қазақстан мен Бельгия көлік және логистика, аса маңызды минералдар, жаңартылатын энергия көздері, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы дүйсенбі күні Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев дүйсенбі күні барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан мен Бельгия жан-жақты серіктестікті нығайтуға ниетті

Қазақстан мен Бельгия арасында ешқандай саяси келіспеушілік жоқ. Бұл екі елдің барлық саладағы ынтымақтастығын кеңейтуге берік негіз қалайды. Бұл туралы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді.