Стамбул. 27 қазан. ИНТЕРФАКС – Сейсенбі күні Судан астанасы Хартумға іргелес Омдурман қаласындағы электр қосалқы станциясына ұшқышсыз ұшу аппаратымен соққы жасалды. Соның салдарынан Хартумда электр қуатын беру тоқтап, қала тұрғындары жарықсыз қалды, деп хабарлайды «Анадолу» агенттігі.
Агенттік дереккөздерінің мәліметінше, шабуыл таңертең ерте жасалған. Одан кейін Хартумның едәуір бөлігінде электр жарығы сөнген. Әлеуметтік желілерде Омдурманның солтүстік-батысында орналасқан энергетикалық нысаннан қою түтін көтерілгені бейнеленген видеолар да тарады.
Әзірге билік өкілдері шабуылдан келген шығын көлемі мен оған кімнің жауапты екені жөнінде ресми мәлімдеме жасаған жоқ.
Батыс бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, 2025 жылы Судан армиясы Жедел әрекет ету күштерін (ЖӘК) Хартумнан ығыстырғаннан кейін ел астанасына шамамен үш миллион адам оралған. Алайда қалада электр қуаты мен ауызсумен қамтамасыз ету әлі де тұрақсыз. Азық-түлік жеткізуде де қиындықтар сақталып отыр. Бұған қоса, қала аумағында жарылмай қалған оқ-дәрілер толық залалсыздандырылмаған.
Бір күн бұрын Суданның мемлекеттік энергетикалық компаниясы Жедел әрекет ету күштерін елдің оңтүстік-шығысындағы бес электр станциясына бір мезгілде дрондармен үйлестірілген шабуыл жасады деп айыптаған еді. Соның салдарынан Сеннар, Гедареф, Ақ Ніл және Эль-Гезира провинцияларында электр жарығы жаппай өшті. Бұл жағдай елдің бірыңғай энергетикалық жүйесінің тұрақтылығына да қауіп төндірді.
Суданда елдің қарулы күштері мен Жедел әрекет ету күштері арасындағы қарулы қақтығыс 2023 жылғы 15 сәуірден бері жалғасып келеді. Соғыс салдарынан кемінде 150 мың адам қаза тауып, 14 миллионнан астам тұрғын баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Қазіргі уақытта Судан армиясы Хартумды қоса алғанда, елдің солтүстік және шығыс өңірлерін бақылауда ұстап отыр. Ал Жедел әрекет ету күштері елдің оңтүстігі мен Дарфур аймағын бақылауына алған.
Бұған дейін қақтығысқа қатысушы екі тарап та дрондарды жиі қолдана бастаған. Атап айтқанда, Судан қарулы күштері Оңтүстік Дарфур провинциясындағы Ньяла қаласына ұшқышсыз ұшу аппараттарымен шабуыл жасап келеді. Бұл қалада Жедел әрекет ету күштерінің өзін-өзі жариялаған әкімшілігі орналасқан. Ал қазан айында ЖӘК Хартум әуежайына бірнеше рет дронмен соққы жасаған.




