АСТАНА. 3 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымында елді газбен үздіксіз қамтамасыз етуді және тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейтуді тапсырды. Бұл туралы Мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, сейсенбі күні Президент «QazaqGaz» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауовты қабылдады. Кездесуде компания басшысы ірі инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.
Оның айтуынша, Қашаған кен орнында жылына 1 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы жалғасып жатыр. Кәсіпорынды 2027 жылдың үшінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған.
Бейнеу – Бозой – Шымкент магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобасы бойынша инженерлік жобалау, жабдықтар мен материалдарды сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары да басталған.
Сонымен қатар Қашағанда жылына 2,5 млрд текше метр, ал Қарашығанақта 5 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттар құрылысына EPC мердігерлері анықталды.
Президентке Көкшетау мен Петропавл қалаларын газдандыру, Рудный қаласында жылына 50 мың тонна сұйытылған табиғи газ өндіретін шағын зауыт салу және төртінші жерасты газ қоймасын құру жоспарлары да таныстырылды.
Саланы цифрландыру аясында 1,3 миллионнан астам газ есептегіш құралын кезең-кезеңімен интеллектуалды есептегіштерге ауыстыру жұмыстары жалғасуда. Aqyl Energy жобасы жасанды интеллект пен деректерді талдау технологияларын қолдану арқылы газ тұтынуды есепке алу және газбен жабдықтауды басқару жүйелерін цифрландыруды көздейді.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, QazaqGaz компаниясы 2026–2027 жылдардағы жылыту маусымына толық дайын.
Қазіргі уақытта Шалқар, Саралжын, Малдыбай, Солтүстік-2, Солтүстік-1, Аққұдық және Придорожное учаскелерінде геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр.




