ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлайды: «Қазақстанның аграрлық экспортындағы өңделген өнімдердің үлесі 54 пайыздан асты. Елімізде қосылған құны жоғары ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын ұлғайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында агроөнеркәсіп кешенінің өңделген өнімдер экспорты 3,04 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,1 пайызға артық. Осының нәтижесінде аграрлық экспорттың жалпы құнындағы өңделген өнімдердің үлесі 54,1 пайызға жетті. Яғни ауыл шаруашылығы саласының экспорттан түсетін табысының жартысынан астамы өңделген өнімдер есебінен қалыптасып отыр. Бұл отандық аграрлық экспорт құрылымының сапалық тұрғыдан өзгеріп, қазақстандық өнімдердің сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігі артып келе жатқанын көрсетеді. Экспорт көлемінің өсуіне елеулі үлес қосып отырған негізгі бағыттардың бірі – астық өңдеу саласы. 2025/2026 маркетингтік жылы астық пен ұн экспорты астыққа шаққанда рекордтық 16 млн тоннаға жетті».
Еуразия24 пікірі:
Өңделген өнімнің қосылған құны жоғары. Сондықтан экспорт көлемінің 35,1 пайызға артуы – айтарлықтай жетістік. Әсіресе Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені ұзақ жылдар бойы шикізат экспортына тәуелді болғанын ескерсек, бұл көрсеткіштің маңызы зор.Мұнда экспорт көлемінің ұлғаюынан бөлек, оның құрылымындағы өзгерістер де маңызды. Ауыл шаруашылығы өнімдерін сыртқа сатудан түсетін табыстың жартысынан астамы өңделген тауарлардың үлесіне тиіп отыр. Бұл ішкі нарықтың да отандық өніммен қамтылып, елімізде өңдеу өнеркәсібінің дамып келе жатқанын аңғартады.
Өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 2025 жылы да өскен. Демек, бұл өсім белгілі бір маусыммен шектелмей, тұрақты сипат алып келеді. Атап айтқанда, 2026 жылғы ақпанда Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров 2025 жылдың 11 айында өңделген өнімдер экспорты 3,2 млрд долларға жеткенін мәлімдеген болатын. Сол кезеңдегі өсім 33,8 пайызды құраған.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде әлі де пайдаланылмаған мүмкіндік мол. Өсімдік майын, ет және сүт өнімдерін өңдеу ісі де қарқын алып келеді. Еліміз ақыры сыртқы нарықта келешегі зор осы салада өндірістік әлеуетін нығайтып, бәсекеге қабілеттілігін арттыра бастады.




