АҚШ-та өткен аралық сайлау Республикалық партия кандидаттарының ойсырай жеңілуімен аяқталды. Демократиялық партия Сенат пен Өкілдер палатасының екеуінде де басымдыққа ие болды. Штат губернаторларын сайлау нәтижелері әзірге толық шығарылған жоқ. Дегенмен бұл сайлауда да демократтардың айтарлықтай басымдыққа қол жеткізетініне күмән жоқ. Енді Трамптың саяси қарсыластары оның ішкі және сыртқы саясаттағы бастамаларына заңнамалық деңгейде тосқауыл қоюға толық мүмкіндік алды.
Республикашылардың жеңіліске ұшырауының себебі айқын: президенттік мерзімінің алғашқы екі жылында Трамп сайлаушылардың үмітін жүйелі түрде ақтамады. Ол 2024 жылғы президент сайлауына нақты міндеттерді жүзеге асыруға уәде беріп қатысқан еді. Атап айтқанда:
- АҚШ-ты қайта индустрияландыру, бұған дейін Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріне көшірілген өндіріс орындарын елге қайтару;
- Инфляция қарқынын бәсеңдету;
- 40 триллион долларға жеткен мемлекеттік қарыз мәселесін шешу;
- Заңсыз көші-қонға және онымен қатар жүретін Латын Америкасы елдерінен есірткі тасымалына қарсы күресу;
- Шетелдегі әскери авантюралардан бас тарту.
Трамп дәл осы бастамаларының арқасында Американың шалғай өңірлеріндегі сайлаушылардың қолдауына ие болып, президенттік мандат алған болатын.
Алайда билік басындағы екі жыл ішінде ол берген уәделерінің ешқайсысын орындай алмады. Соның салдарынан Такер Карлсон мен Марджори Тейлор-Грин секілді ең жақын серіктестерінің өзі Трамптан теріс айнала бастады. Илон Маскты Республикалық партия жақтастарының қатарында сақтап қалудың өзі оңайға соқпады. Ал Иранмен соғыс Трамп пен республикашылардың онсыз да төмендеген рейтингін біржола құлдыратты.
Сайлау нәтижелері Вашингтондағы саяси күштердің арақатынасын өзгертіп қана қоймай, АҚШ-тың ішкі және сыртқы саясатын елеулі түрде қайта қарауға да алғышарт қалыптастырды. Республикашылардың жеңілісі сайлау алдындағы болжамдардан әлдеқайда ауыр болып шықты.
2027 жылғы қаңтарда Конгрестің жаңа құрамы өз өкілеттігін жүзеге асыруға кіріскеннен кейін демократтар заң шығару жұмысының күн тәртібін айқындап, парламент комитеттерінің қызметін бақылауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ президент әкімшілігінің, Дональд Трамптың жақын туыстары мен іскерлік серіктестерінің қызметіне қатысты тергеулер бастауға құқылы болады.
Әсіресе Сенаттың демократтар бақылауына өтуі айрықша маңызға ие. Өйткені Конгрестің жоғарғы палатасы жоғары лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің, федералдық судьялар мен Жоғарғы сот мүшелерінің кандидатураларын бекітеді. Демек, Трамп кадр саясатын жүргізуде елеулі кедергілерге тап болуы мүмкін. Мұндай жағдайда Трамп мемлекеттік қызметке тағайындайтын кандидаттарын демократтармен келісуге мәжбүр болады.
Ел ішіндегі саяси тартыстың негізгі бағыттарының бірі Трамп әкімшілігінің қызметін тексеру болуы мүмкін. Демократтар енді Конгресте тыңдаулар өткізіп, қажетті құжаттарды талап етуге және атқарушы билік өкілдерін жауап алуға шақыруға мүмкіндік алады. Кейбір тергеулердің соңы импичмент жариялау талабына ұласуы да ғажап емес. Атап айтқанда, Трамптың жақын айналасындағы адамдардың қызметтік ақпаратты жеке басының пайдасына пайдалануы тергеуге негіз болуы мүмкін.
Сайлау нәтижелері Республикалық партияның ішіндегі саяси күштердің арақатынасына да әсер етуі ықтимал. Соңғы екі жыл бойы Дональд Трамп партияның сөзсіз көшбасшысы болып келді. Партия ішіндегі пікірталастардың қалай аяқталатыны көбіне оның кімге қолдау білдіретініне байланысты болатын. Алайда Трамп қолдаған кандидаттардың жеңілісі партиядағы қалыптасқан тәртіпті қайта қарауға жол ашты. Енді республикашылар арасындағы Трампқа қарсы топтар бұрынғыдан еркін әрекет ете алады. Тіпті қазіргі әкімшіліктің бастамаларына қарсы дауыс бергенде демократтармен күш біріктіруі де мүмкін.
Өткен сайлау Республикалық партияның 2028 жылғы президент сайлауына дайындық жұмысын жеделдете түспек. АҚШ Конституциясы Трамптың үшінші рет президент болып сайлануына тыйым салады. Сондықтан алдағы сайлауда Республикалық партия атынан президенттікке түсу құқығы үшін күрес дербес саяси бәсекеге айналатыны сөзсіз.
Партия көшбасшылығына үміткерлер, ең алдымен вице-президент Джей Ди Вэнс пен мемлекеттік хатшы Марко Рубио күрделі таңдау алдында тұр. Олар бір жағынан Трамп жақтастарының қолдауынан айырылмауға, екінші жағынан партияны жеңіліске ұшыратқан саяси шешімдерден бойын аулақ ұстауға тиіс.
Республикашылардың жеңілісі АҚШ-тың сыртқы саясатқа қатысты шешім қабылдау тәртібіне де елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін. Бұл, ең алдымен, Вашингтонның Еуропадағы одақтастарымен, Қытаймен, Ресеймен және Таяу Шығыс елдерімен қарым-қатынасына қатысты.
Демократтардың жеңісі Еуропамен бұрыннан қалыптасқан одақтастық қатынастарды сақтауды жақтайтын америкалық саяси күштердің ықпалын арттыруы мүмкін. Сондай-ақ АҚШ-тың Украинадағы қақтығысты қаржыландыруға қайтадан белсенді араласуына жол ашылуы ықтимал. Ал Трамп командасының Мәскеумен келіссөздер жүргізіп, араағайындық жасау әрекеттеріне Конгресс тосқауыл қоятын түрі бар. Жалпы, Вашингтонның бейбітшілік орнату жолындағы белсенділігі де бәсеңдеуі мүмкін.
Сайлау нәтижелерінің АҚШ-тың Таяу Шығыстағы саясаты үшін маңызы ерекше. Иранмен соғыс Трамптың жеңілісіне себеп болған негізгі факторлардың біріне айналды. Соғыстың экономикалық зардаптары, соның ішінде энергия ресурстарының қымбаттауы, қоғамда сыртқы саясаттағы басымдықтарды қайта қарау талабын күшейтті. Конгрестің жаңа құрамы қарулы күштерді қолдану мәселесінде президент өкілеттігінің аясын шектеу мәселесін көтеруі мүмкін.
Алдағы екі жылда, яғни 2028 жылға дейін АҚШ-тың ішкі саясатындағы басты мәселе – республикашылардың жеңілісі билік тармақтары арасындағы тепе-теңдік пен өзара бақылау жүйесін қалпына келтіре ме, әлде атқарушы және заң шығарушы билік арасындағы қайшылықты одан әрі ушықтыра ма деген сауал.




