«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру мәселесі талқыланды. Жаңа заң шығарушы органның депутаттары бұрыннан көтеріліп келе жатқан мәселелерді қайта қозғады. Кәмелетке толмағандар неге кешкі мектептерде оқиды? Тергеу изоляторларындағы балалар неліктен білім алудан шет қалған? Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балаларды қалай тиімді қорғауға болады? Мемлекеттік органдар жауапкершілікті бір-біріне ысыра бермей, балаларды қолдаудың бірыңғай жүйесін қашан қалыптастырады? Соңғы он жылда қабылданған шешімдерді, заңдар мен мемлекеттік бағдарламаларды зерделесек, Құрылтай депутаттарының 16 қарашадағы үкімет сағатында шенеуніктерге қойған көптеген мәселесі бұған дейін де реформалар аясында қаралғанын көреміз.
ОН ЖЫЛ БҰРЫН ҚОЛҒА АЛЫНҒАН БАСТАМАЛАР ҚАЙДА ҚАЛДЫ?
2016 жылғы 6 желтоқсанда Президенттің №384 Жарлығымен Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекітілді. Құжатта сол кездің өзінде балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, заңнаманы жетілдіру, тұрмысы қолайсыз отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсету және мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру қажеттігі айтылған.
Оның үстіне мемлекет алдына орындалуы әбден мүмкін нақты міндеттер қойған еді. Тұжырымдаманың бастапқы нұсқасында балаларға қатысты тіркелген зорлық-зомбылық фактілерін 2020 жылға қарай 20%-ға, 2023 жылға қарай 30%-ға, ал 2030 жылға қарай 50%-ға азайту көзделген. Кейіннен құжат бірнеше рет, соның ішінде 2022 жылы да қайта қаралды.
Енді ресми статистикаға жүгініп, осы жылдар ішінде балаларға қатысты зорлық-зомбылық қылмыстарының саны қалай өзгергенін қарастырайық. 2016 жылы Қазақстанда қылмыстан зардап шеккен кәмелетке толмағандар саны 2708 болған. 2020 жылға қарай жағдай жақсарып, бұл көрсеткіш 1990-ға дейін төмендеді. Алайда 2022 жылдан бастап қайта өсе бастады. 2024 жылы 4243 бала, ал 2025 жылы 3866 бала қылмыстан зардап шеккен. Демек, қазіргі көрсеткіш 2016 жылғы деңгейден де жоғары.
Бір қызығы, мемлекет 2016 жылдың өзінде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жазаны қатаңдату ғана жеткіліксіз екенін түсінген. Сондықтан тұжырымдамада отбасыларда, мектептерде және жабық мекемелерде балаларға қатысты зорлық-зомбылықты бақылау тетіктерін әзірлеу қарастырылған. Бұған қоса, білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет мамандарының өзара үйлесімді жұмысын жолға қою жоспарланған.
Міне, арада он жыл өткенде Құрылтайдың ресми хабарламасынан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне Жасанды интеллект министрлігімен бірлесіп, «түрлі салалардың ақпараттық жүйелерін біріктіру арқылы баланың бірыңғай цифрлық маршрутын қалыптастыруды аяқтау» ұсынылғанын оқимыз.
Айтпақшы, 2020 жылы Үкімет тағы бір құжатты – 2020–2023 жылдарға арналған Бала құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу жөніндегі жол картасын бекіткен болатын. Онда да мемлекеттік органдардың кешенді әрі үйлесімді жұмысы көзделген еді.
Бұдан кейін 2024 жылы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Президент әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша 70-тен астам түзетуді қамтитын заңға қол қойды. Мемлекет зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатып, оның алдын алу және зардап шеккендерге көмек көрсету тетіктерін кеңейтті. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қорлағаны үшін жауапкершілік белгіледі.
Ақырында, 2026 жылғы 29 қаңтарда Үкімет 2026–2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» атты жаңа тұжырымдаманы бекітті. Құжатта 4 бағыт, 10 нысаналы индикатор және 158 іс-шара қарастырылған. Оның өзінде тек 2024–2025 жылдары балалардың құқықтарын қорғауға қатысты нормаларды қамтитын 10 заң қабылданғаны көрсетілген.
Осылайша, Қазақстанда балалардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған ауқымды құқықтық база қалыптасқан. Алайда Құрылтайдағы үкімет сағатында көтерілген мәселелерге қарағанда, осы уақытқа дейін қабылданған құжаттардың нақты нәтижесі көңіл көншітпейді. Өйткені жұмыстың тиімділігі заңдарға енгізілген түзетулердің санымен емес, балалардың қауіпсіздік деңгейінің қаншалықты артқанымен өлшенуі тиіс.
Енді ең өткір мәселелерге тоқталайық.
Қиын жағдайдағы балалардың тағдырына кім жауапты?
Құрылтайда көтерілген маңызды мәселелердің бірі туралы Палата төрағасының орынбасары Динара Зәкиева мәлімдеді. Оның айтуынша, 2026 жылдың алғашқы тоғыз айында 941 бала кешкі мектепке ауыстырылған. Қазақстанда мұндай 40 білім беру мекемесі жұмыс істейді.
«Кейбір мектептер балаға қажетті қолдау көрсетудің орнына, онымен жұмыс істеу қиын деген сылтаумен кешкі мектепке ауыстыра салады», – деді депутат.
Зәкиева ата-аналардың да балаларын үй шаруасына жегу немесе кіші бауырларына қарату үшін кешкі мектепке ауыстыруға қол жеткізген жағдайлары болғанын айтты. Оның сөзінше, бұл мәселені шешуге арналған бұйрық 2026 жылғы қыркүйекте қабылдануы тиіс еді. Алайда үкімет сағаты өткен кезде құжат әлі бекітілмеген.
Кешкі мектепте оқудың өзі бала құқықтарын бұзу болып саналмайды. Мұндай оқу түрі белгілі бір себептермен күндізгі мектепте білім ала алмайтын балалар үшін қажет. Алайда баланы көзден таса ету мақсатында кешкі мектепке ауыстырып, қалыпты білім беру ортасынан шеттету – алаңдатарлық жағдай.
«Оқу-ағарту министрлігіне 2026 жылғы қаңтардан бастап кәмелетке толмаған балалардың кешкі мектептерге ауыстырылу негізділігін тексеру, мұндай шешімдердің себептерін анықтау және жалпы білім беру жүйесіне қайта оралған балалардың санын белгілеу ұсынылды», – делінген Құрылтай хабарламасында.
Бір қызығы, мыңға жуық бала, жұмсартып айтқанда, дәстүрлі орта білім беру жүйесінен шет қалғаннан кейін ғана қабылданған шешімдердің заңдылығын тексеру қолға алынып отыр. Бұл білім алуға тең мүмкіндік беру туралы ресми мәлімдемелер аясында ерекше қайшылық тудырады. Мемлекет жаңа мектептер салып, оқу бағдарламаларын жаңартып, цифрлық технологияларды енгізіп жатқанда, балалар ересектердің шешімімен қалыпты оқу үдерісінен шет қалып отыр.
Тергеу изоляторларындағы балалардың жағдайы бұдан да күрделі. Депутат Юлия Кучинская Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовадан тергеу изоляторларында отырған кәмелетке толмағандардың орта білім алу құқығын қамтамасыз ету шарасы неге орындалмағанын сұрады. Бұл міндетті орындау мерзімі 2026 жылғы мамырда аяқталған еді. Депутат сондай-ақ қанша баланың білім алуға мүмкіндігі жоқ екенін және министрлік бұл мәселені қалай шешетінін білгісі келді.
«Бұл мәселе өте күрделі болып шықты. Мұнда жүйелік және ұйымдастырушылық кедергілер бар. Сондықтан Оқу-ағарту министрлігі оны өз күшімен қысқа мерзімде шеше алмады. Неліктен? Өйткені тергеу изоляторлары – ерекше режимдегі мекемелер. Қазір екі мәселе бар. Біріншіден, балалар гаджеттерді пайдаланатындықтан, қашықтан немесе онлайн оқытуды ұйымдастыра алмаймыз. Бізге мұндай мүмкіндік қарастырылмағанын және оған рұқсат берілмейтінін айтты. Екінші мәселе – педагогтердің мекемелерге барып, сабақ өткізуі. Қазір Астанада, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында бұл мәселе шешілді. Енді қалған өңірлерде де осы тәжірибені енгізіп, мәселені шешу қажет. Тиісті бұйрық дайын. Оқыту тәсілдеріне қатысты ұзақ уақыт пікірталас жүргіздік. Сонымен қатар уақытша ұстау изоляторлары Ішкі істер министрлігінің, сондай-ақ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің қарамағында болғандықтан, ұйымдастыру мәселелері туындады», – деп жауап берді Оқу-ағарту министрі.
Демек, Қазақстанда 119 бала үшін, Жұлдыз Сүлейменова дәл осындай санды атады, тергеу изоляторына түскен сәттен бастап білім алу құқығын пайдалану мүмкіндігі шектелген. Министрдің айтуынша, олардың бір бөлігі қазір оқумен қамтылған, бірақ қалғандары әлі де білім ала алмай отыр. Ал қамауға алыну адамның кінәлі деп танылғанын білдірмейді.
БАЛАЛАРҒА ҚАТЫСТЫ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ НЕГЕ АЗАЙМАЙ ОТЫР?
Заңнама талаптары күшейтілгенімен, балаларға қатысты зорлық-зомбылық мәселесі әлі де өзекті. Жоғарыда бұл мәселеге қатысты кейбір статистикалық деректерді келтірдік. Алайда балалардың қауіпсіздігіне төнетін қатерлер кәмелетке толмағандарға қарсы жасалатын қылмыстармен ғана шектелмейді.
Қазақстанның 2025 жылғы Орнықты даму мақсаттары жөніндегі үшінші ерікті ұлттық шолуына қоса берілген статистикалық мәліметтерге сәйкес, ата-аналары немесе қамқоршылары тарапынан психологиялық қысымға не физикалық жазаға ұшыраған 1–14 жас аралығындағы балалардың үлесі 2015 жылғы 52,7%-дан 2024 жылы 37,9%-ға дейін төмендеген. Осылайша, көрсеткіш 14,8 пайыздық тармаққа азайған.
Соған қарамастан, 37,9% – әлі де жоғары көрсеткіш. Бұл деректерге сүйенсек, Қазақстанда 1–14 жас аралығындағы әрбір үшінші баладан астамы психологиялық қысымға немесе физикалық жазаға ұшыраған.
2026 жылғы сәуірде Оқу-ағарту министрлігі балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен буллинг жағдайларына ден қоюдың бірыңғай ведомствоаралық алгоритмі бекітілгенін хабарлады. Жаңа тәртіп бойынша әрбір жағдайға жауапты маман бекітіліп, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалармен қатар, оған куә болған балаларға да тиісті көмек көрсетілуі тиіс.
Осылайша, балаларды қорғаудың қажетті тетіктері қарастырылып, қабылданған шаралардың тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр. Алайда жуырда Абай облысы прокуратурасы жүргізген тексерудің нәтижелері қолданыстағы талаптардың іс жүзінде әрдайым орындала бермейтінін көрсетті.
Еске салайық, Аягөз ауданындағы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында тәрбиеленушілерге жүйелі түрде физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсетудің 100-ден астам дерегі анықталған. Мекеме қызметкерлері заңсыз әрекеттерге куә болған жағдайлардың өзінде оларды тоқтату үшін тиісті шаралар қабылдамаған.
АТА-АНАЛАР ДА БІЛІМ АЛУЫ ТИІС
Үкімет сағатында біздің назарымызды аударған тағы бір статистикалық мәлімет жарияланды.
Депутат Әсел Хайырованың айтуынша, соңғы бес жылда ата-аналардың өз міндеттерін орындамауына қатысты құқық бұзушылықтар саны алты есеге жуық өсіп, 2020 жылғы 5,6 мыңнан 2026 жылы 30 мыңға жеткен. Сондай-ақ түнгі уақытта көшеде жүрген балаларға қатысты тіркелген деректер екі есеге артып, 110 мыңнан асқан.
«Қазір балалар арасындағы суицид жағдайларының 60%-ы отбасындағы күрделі қарым-қатынас, психологиялық қысым және қатыгездік салдарынан орын алады», – деді Әсел Хайырова.
Бұған жауап ретінде Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли жауапты ата-ана болу бағдарламасының ауқымы кеңейтіліп жатқанын хабарлады. Оның сөзінше, 2026 жылдың басынан бері 40 мыңнан астам адам оқытылып, 70-тен астам курс пен шеберлік сабағы өткізілген.
Әрине, ата-аналардың бала тәрбиесіне қатысты білімін арттыру – құптарлық іс. Алайда Қазақстанда ата-аналық міндеттерді орындамау деректерінің бес жылда алты есеге жуық өсуін қалай түсіндіруге болады? Біздіңше, мұндай жағдайда курстар мен шеберлік сабақтарының өткізілуі мәселені шешуге айтарлықтай ықпал етіп отырған жоқ.
Осы орайда он жыл бұрын қабылданған, жоғарыда аталған 2030 жылға дейінгі отбасылық саясат тұжырымдамасын да еске сала кеткен жөн. Ол құжатта да балалы отбасыларды әлеуметтік қорғаудың тиімділігін арттыру және отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу міндеттері қарастырылған болатын.
БАЛАЛАРҒА БӨЛІНГЕН МИЛЛИАРДТАР
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың хабарлауынша, «Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыруға 1,3 трлн теңге қарастырылған. 2026 жылы 94 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған.
«Тұжырымдама қабылданғаннан бері он айға жетпейтін уақыт ішінде жоспарланған іс-шаралардың 70%-ы толық орындалғанын мақтанышпен айта аламын», – деді министр.
Оның айтуынша, балалардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған мемлекеттік инвестиция көлемі үш есеге өсіп, 6,4 трлн теңгеге жеткен.
Бұл жерде екі соманы шатастырмаған жөн. «Қазақстан балалары» тұжырымдамасына қарастырылған 1,3 трлн теңге мен 6,4 трлн теңге көлеміндегі инвестиция бір ұғым емес. Инвестиция құрамына балаларға арналған әлеуметтік инфрақұрылым құрылысы, бұқаралық балалар спортын дамыту, спорт секциялары мен түрлі үйірмелерді қаржыландыру да кіретін болуы мүмкін.
Қазақстанда әрбір баланың өмірін жақсартып, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге осындай қомақты қаражат бөлініп жатқаны қуантады. Алайда Жұлдыз Сүлейменова айтқан іс-шаралардың 70%-ының орындалуы нақты қандай нәтиже бергені түсініксіз. Өйткені үкімет сағатында депутаттардың басым бөлігі шешімін таппаған мәселелерді көтерді. Біз де бұл мақалада олардың барлығын қамтыған жоқпыз. Әйтпесе, осы мәселелердің өзі бірнеше мақалаға арқау болар еді.




