Әлемде жастар отбасын құруды барған сайын кейінге қалдырып жатыр. Ал миллиондаған әйел әлі күнге дейін жыныстық қатынасқа түсу-түспеу жөнінде өз бетінше шешім қабылдай алмай келеді. Орта ғасырда өмір сүріп жатқан жоқпыз, алайда Біріккен Ұлттар Ұйымының Халық қоныстануы саласындағы қоры (UNFPA) жариялаған баяндамада дәл осы мәселелер көтерілген. Құжатта Қазақстан да жеке аталады. Елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама қатаңдатылғанына үшінші жыл болса да, бұл мәселе әлі өзекті. Қылмыстық істер саны көбейіп, отбасындағы кісі өлтіру деректері азайғанымен, жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің, соның ішінде ерлі-зайыптылар арасындағы мұндай әрекеттердің қаншалықты кең таралғанын ешкім арнайы зерттемеген сияқты. Қазақстан әйелдерді қорғауға қатысты халықаралық ұсыныстарды орындауға дайын ба?
162 беттен тұратын зерттеу авторлары не айтқысы келді? Ең алдымен, олар қазіргі қоғамдағы бір қайшылықты көрсетті. Бүгінде жастардың білімге, технологиялар мен ақпаратқа қолжетімділігі бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткенімен, өз өмірін дербес құру мүмкіндігі әлі де шектеулі.
UNFPA зерттеуіне әлемнің 73 елінен 18–39 жас аралығындағы 109 мыңға жуық адам қатысқан. Сауалнамаға жауап бергендердің шамамен 70 пайызы отбасын құрғысы келетінін, ал 90 пайыздан астамы кемінде бір балалы болуды қалайтынын айтқан. Соған қарамастан, әлемдегі әрбір бесінші жас жұмыс істемейді, оқымайды және кәсіби даярлықтан да өтпейді. Зерттеуге қатысқан 25–29 жастағылардың жартысы ата-анасымен бірге тұратынын мойындаған. Көп адам тұрақты қарым-қатынасты 30–34 жасында ғана қалыптастырып, балалы болуды 35–39 жасқа дейін кейінге қалдырады. Жастардың отбасын құру мен балалы болуды кейінге қалдыруына қаржылық тұрақсыздық, баспана және жұмыс мәселесі, сондай-ақ ертеңгі күнге деген сенімсіздік әсер етіп отыр.
«Мәселе жастардың арман-мақсатының жоқтығында емес, сол мақсаттарына жетуге мүмкіндіктің болмауында», – деп жазды UNFPA атқарушы директоры Диене Кейта баяндаманың алғысөзінде.
Екіншіден, экономикалық қиындықтар жастардың алдындағы жалғыз әрі ең басты мәселе емес. Баяндамада жастардың психикалық денсаулығы, саяси өмірден шет қалуы, цифрлық ортадағы қауіп-қатерлер мен репродуктивтік құқықтарының шектелуі де қарастырылған.
Денсаулық сақтау саласындағы елеулі жетістіктерге қарамастан, әлемдегі қыздардың 13 пайызы кәмелетке толмай жатып ана атанады. Баяндамада балалар некесінің таралу деңгейі соңғы он жылда 25 пайыздан 20 пайызға дейін төмендегені де атап өтілген. Алайда Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде әрбір үшінші қызға жуығы 18 жасқа толмай тұрмысқа шығады.
БҰҰ адамның өз тәніне қатысты шешімді дербес қабылдау құқығына ерекше мән береді. Бұл ұғым адамның жыныстық өміріне қатысты мәселелерді өз еркімен шешу құқығын да қамтиды. Зерттеу нәтижелері мұндай құқық әлем елдерінде ресми түрде мойындалғанымен, іс жүзінде көптеген адамның оны пайдалана алмай отырғанын көрсетеді.
«Жоқ» деу құқығынан айырылғанда
UNFPA мәліметінше, 78 елде 15–49 жас аралығындағы некеде тұрған әйелдердің жартысынан астамы ғана өз денесіне қатысты шешімдерді дербес қабылдай алады. Әйелдердің шамамен 75 пайызы өздері қаламаған жыныстық қатынастан бас тартуға мүмкіндігі бар екенін айтады. Ал қалған төрттен бір бөлігі жыныстық қатынасқа мәжбүрлеуге тап болады. Бұл – алаңдатарлық көрсеткіш.
Батыс және Орталық Африкада әйелдердің шамамен 45 пайызы ерлі-зайыптылық қатынастан бас тарта алмайды. Шығыс және Оңтүстік Африкада, сондай-ақ араб елдерінде мұндай жағдай әрбір үшінші әйелге тән. Ал Латын Америкасы мен Кариб бассейні елдерінде бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен – шамамен 10 пайыз.
Зерттеушілер сегіз елдегі әйелдердің жас ерекшеліктеріне байланысты айырмашылықтарды да жеке талдаған. Олардың қатарында Ангола, Конго Демократиялық Республикасы, Қазақстан, Малави, Мали, Нигерия, Тәжікстан және Замбия бар.
Қазақстанның осы тізімге енгені бізді таңғалдырды.
Аталған сегіз ел бойынша жинақталған мәліметтерге сәйкес, 15–19 жас аралығындағы қыздардың үштен біріне де жетпейтін бөлігі ғана жыныстық қатынасқа түсу-түспеу, жүктіліктен сақтану немесе медициналық көмек алу мәселелерін өз бетінше шеше алады. Ал 45–49 жастағы әйелдер арасында бұл көрсеткіш 41 пайызды құрайды. Яғни олардың да жартысына жетпейді.
Баяндама авторлары әйелдердің өз өміріне қатысты шешім қабылдау мүмкіндігі олардың білім деңгейімен және материалдық жағдайымен тығыз байланысты екенін атап өтеді.
Бұл жерде қате түсінік қалыптаспас үшін бір мәселені нақтылай кеткен жөн. Қазақстан UNFPA ұйымының жыныстық зорлық-зомбылық жөніндегі қандай да бір рейтингінде белгілі бір орынға ие болған жоқ. Еліміз зерттеуге алынған сегіз мемлекеттің қатарында ғана бар. Ал 27 және 41 пайыздық көрсеткіштер тек қазақстандық әйелдерге емес, осы сегіз ел бойынша жинақталған ортақ мәліметтерге қатысты.
Соған қарамастан, Қазақстанның Нигерия, Замбия және Конго сияқты елдермен бірге бір зерттеу тобына енгізілуінің өзі көңілге күдік ұялатады. Өйткені елімізде әйелдердің отбасында қауіпсіз өмір сүру құқығын қамтамасыз ету мәселесі бірнеше жылдан бері мемлекет тарапынан қатаң бақылауға алынған.
Зорлық-зомбылық көбейді ме, әлде тіркелген жағдайлар саны артты ма?
Қазақстан үшін 2024 жыл бетбұрыс кезеңі болды. Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты қоғамда үлкен резонанс тудырған қылмыстан кейін тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілік күшейтілді.
Ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қайтадан Қылмыстық кодекске енгізілді. Сонымен қатар, полицияға зорлық-зомбылық туралы хабарламаларға жәбірленушінің арызын күтпей-ақ әрекет етуге қосымша өкілеттіктер берілді. Бұл өзгерістер қылмыстық статистикаға айтарлықтай әсер етті.
2026 жылы Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің 2025 жылғы қызметі туралы баяндамасы жарияланды . Құжатқа сәйкес, 2024 жылы отбасылық-тұрмыстық салада 3382 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелсе, 2025 жылы олардың саны 3713-ке жеткен. Өсім 9,8 пайызды құрады. Ал заңнама өзгергенге дейін, яғни 2023 жылы бұл салада тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны мыңға жуық болған.
Бір қарағанда, елдегі қылмыстық ахуал нашарлағандай көрінуі мүмкін. Алайда мәселе онда емес. Бұрын әкімшілік құқық бұзушылық ретінде қарастырылған әрекеттер енді қылмыстық құқық бұзушылықтар қатарына енгізіліп, тиісті статистикада есепке алына бастады. Мәселен, 2025 жылы отбасылық-тұрмыстық салада тіркелген қылмыстардың 76,3 пайызы ұрып-соғу және денсаулыққа жеңіл зиян келтіру деректеріне тиесілі болды.
Тағы бір маңызды көрсеткіш – кісі өлтіру қылмыстары. Аталған баяндамаға сәйкес, 2024 жылы отбасылық-тұрмыстық салада 101 кісі өлтіру дерегі тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 80-ге дейін төмендеген. Яғни 20,7 пайызға азайған. Осы кезеңде ел бойынша кісі өлтіру қылмыстарының жалпы саны да 13,6 пайызға қысқарған.
Демек, ауыр қылмыстар санының азаюы оң өзгеріс екенін айтуға болады. Алайда мұны тікелей заңнамаға енгізілген өзгерістердің нәтижесі деп бағалауға асықпас едік.
2026 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін 90 мыңнан астам адам жауапкершілікке тартылған. Олардың 25 мыңы әкімшілік қамаққа алынған. Сондай-ақ 73 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, 4,5 мың әйел балаларымен бірге дағдарыс орталықтарына орналастырылған.
Жауапкершілікке тартылғандар саны 18,4 пайызға өскен. Қорғау нұсқамаларын бұзғаны үшін 20,5 мың адам жазаланған. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық саладағы қылмыстық құқық бұзушылықтар саны 10,4 пайызға, ал кісі өлтіру деректері 11 пайызға азайған.
Ауыр қайғылы оқиғалар азайған күннің өзінде, 90 мыңнан астам адамның жауапкершілікке тартылуы бұл мәселенің әлі де өткір екенін көрсетеді. Оның үстіне, зорлық-зомбылықты бір адамдардың бірнеше рет қайталайтынын ескерсек, мұндай отбасыларда кезекті бір жанжалдың өзі әкімшілік құқық бұзушылықтың қылмысқа ұласуына себеп болуы мүмкін.
Жыныстық зорлық-зомбылық отбасында да болуы мүмкін бе?
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2024 жылы Қазақстанда 421 зорлау дерегі тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 393-ке дейін төмендеген. Ал сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша 268 қылмыс тіркелген.
Жәбірленушілердің жас ерекшеліктеріне мән беріңіздер. Тіркелген 393 зорлау дерегінің 215-інде кәмелетке толмаған балалар зардап шеккен. Бұл – 54,7 пайыз! Ал сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері бойынша тіркелген 268 қылмыстың 187-сінде жәбірленушілер балалар болған. Яғни 69,8 пайыз!
Бұл жерде тек құқық қорғау органдарына белгілі болған жағдайлар туралы сөз болып отыр. Өйткені жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық деректері көбіне жасырын қалады. Бұған жәбірленушілердің оқиғаның жария болғанын қаламауы, жақындарының өздерін кінәлауы, зорлық көрсеткен адамның қоқан-лоқысы немесе тергеу барысында қайтадан психологиялық жарақат алу қаупі себеп болады.
Тағы бір маңызды мәселе бар. Қазақстанда жәбірленушімен некеде тұрған адам жыныстық зорлық-зомбылық жасағаны үшін жауапкершіліктен босатылмайды. Қылмыстық кодекстің 120-бабында ерлі-зайыптыларға қатысты ешқандай ерекшелік қарастырылмаған. Алайда бір мәселе туындайды: егер әйел күйеуімен жыныстық қатынасқа түсуге келісім бермесе, бірақ соған қарамастан қатынас орын алып, дене жарақаты болмаса және әйел белсенді қарсылық көрсетпесе, құқық қорғау органдары мұны зорлау деп бағалай ма? Іс жүзінде мұндай жағдайлар зорлау қылмысы ретінде қарастырыла ма?
2019 жылы БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою жөніндегі комитеті (CEDAW) Қазақстанға зорлау қылмысының заңдағы анықтамасын өзгертуді ұсынған болатын. Ал 2021 жылы Қазақстан БҰҰ-ға жолдаған жауабында Қылмыстық кодекстің қолданыстағы 120-бабы келісімнің болмауын да қамтитынын түсіндірді. Өйткені аталған бапта жәбірленушінің еркінен тыс жасалған жыныстық қатынас туралы айтылған.
2026 жылы қазанда Қазақстан Женевада Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияның орындалуы жөніндегі алтыншы мерзімді баяндамасын ұсынған кезде, зорлау қылмысын анықтаудың құқықтық өлшемдеріне қатысты мәселе қайта көтерілді. Қазақстандық делегация өкілдері некедегі зорлау қылмыс болып саналатынын ашық мәлімдеді. Сондай-ақ жәбірленушінің денесінде көзге көрінетін жарақаттардың болмауы қылмыстық қудалаудан бас тартуға негіз бола алмайтынын атап өтті. Делегацияның мәліметінше, 2025 жылы жыныстық қылмыстар бойынша 155 адам сот алдында жауап берген. Алайда олардың қаншасы жәбірленушілердің жұбайлары екені айтылмады.
Дегенмен CEDAW сарапшылары зорлау қылмысын анықтауда басты өлшем дене жарақаттары немесе күш қолданудың өзге белгілері емес, адамның жыныстық қатынасқа анық әрі ерікті түрде келісім бермеуі болуы тиіс деген ұстанымынан айныған жоқ. Бұл талаптың заңнамада нақты бекітілуі қажет екенін алға тартты. Сонымен қатар, халықаралық ұйым әйелдердің сот арқылы өз құқықтарын қорғау мүмкіндігіне, баспанамен және заңгерлік көмекпен қамтамасыз етілуіне қатысты мәселелерді де көтерді.
Демек, Қазақстан БҰҰ мен оның құрылымдарының ұсыныстарына тек формалды түрде қарайды деуге болмайды. Алайда кейбір мәселелерде өз ұстанымынан қайтқысы келмейді. Біздіңше, мұның өзіндік себептері болуы мүмкін. Өйткені отбасылық-тұрмыстық салада құқық бұзған ондаған мың адамның арасында әйелінің пікірі мен қалауына қарамастан, ерлі-зайыптылық «міндетін» орындауды талап ететін ер адамдар да бар екені анықталып қалуы ғажап емес. Олар мұны өздерінің заңды құқығы деп есептеуі мүмкін.
Ал әйелдеріне қол көтеріп қана қоймай, жыныстық қатынасқа да мәжбүрлейтін ер адамдардың үстінен түсетін арыздардың күрт көбеюі құқық қорғау органдарына да қажет бола қоймас.




