Евразия24ЖаңалықтарҚазақстанда саяси партиялар парламенттік реформаларға қатысты ұсыныстарын жолдады

Қазақстанда саяси партиялар парламенттік реформаларға қатысты ұсыныстарын жолдады

|

|

АСТАНА. 20 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі, парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобының жетекшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа жұмыс тобының аралық нәтижелері жөнінде баяндады, деп хабарлады бейсенбі күні Президенттің баспасөз қызметі.

Мемлекеттік кеңесшінің айтуынша, «Парламенттік реформа» арнайы айдары іске қосылған сәттен бастап, e-Otinish мемлекеттік платформасы мен Egov сервисі арқылы азаматтар мен қоғам белсенділерінен бір ай ішінде шамамен 300-ге жуық ұсыныс келіп түскен.

Сонымен қатар, алты саяси партия өз тарапынан реформаларға қатысты ұсыныстарын жіберді. Олар: «Amanat», «Ауыл», «Ақ жол», «Respublica», Қазақстанның Халық партиясы және Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы. Ұсыныстарда бір палаталы парламенттің қызмет ету тетіктері мен парламенттік партиялардың өкілеттіктері қарастырылған.

Жұмыс тобының мүшелері де өздерінің сараптамалық ұсынымдарын енгізді.

Қазіргі уақытта барлық ұсыныстарды талдау және жүйелеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2025 жылғы 2 желтоқсанда жұмыс тобының екінші отырысын өткізу жоспарлануда. Бұл жиында жекелеген бағыттар бойынша ұсыныстар жан-жақты қарастырылатын болады.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, Президент алдағы парламенттік реформаның маңыздылығын ерекше атап өтіп, оның елдегі саяси өзгерістердің жаңа кезеңі болатынын айтты. Мемлекет басшысы келіп түскен барлық ұсынысты жан-жақты қарап, солардың негізінде парламенттік жүйені жаңғыртуға арналған нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.

Еске салайық, Мемлекет басшысы 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында қос палаталы парламенттің орнына бір палаталы құрылым енгізу мүмкіндігін зерттеуді ұсынып, бұл мәселені референдум арқылы шешуді ұсынған болатын.

«Осы реформаның маңыздылығын ескере отырып, толыққанды пікірталасқа кемінде бір жыл уақыт қажет. 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізіп, кейін Конституцияға тиісті өзгерістер енгізуге болады», – деген еді Президент. Сонымен қатар, ол бір палаталы парламент құрылатын болса, оны тек партиялық тізім бойынша сайлау қажет екенін атап өтті.

Қазан айының басында Президент парламенттік реформалар жөніндегі жұмыс тобын құру туралы жарлыққа қол қойды. Оның құрамына Мәжіліс пен Сенат депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, саяси партия фракцияларының басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының өкілдері, құқықтанушы ғалымдар, сарапшылар мен Ұлттық құрылтай мүшелері кірді.

Айта кетейік, қазіргі Қазақстан Парламенті 1995 жылдан бері екі палатадан – Сенат пен Мәжілістен тұрады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Испания үкіметі премьер-министрдің жұбайына қатысты сот ісін қарау туралы шешімді сынға алды

Испания үкіметі ел премьер-министрі Педро Санчестің жұбайы Бегонья Гомеске қатысты айыптарды сотта қарау туралы судья Хуан Карлос Пейнадоның шешімін саяси астары бар деп санайды. Бұл туралы сенбі күні EFE агенттігі дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.

Вэнс таяу күндері Иранмен келіссөздер жүргізу үшін Швейцарияға бармақ

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс таяу күндері Иранмен келіссөздер жүргізу үшін Швейцарияға баруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Мелони Трампқа Италияның ішкі саясатына араласпауға кеңес берді

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони сенбі күні АҚШ президенті Дональд Трамптың енді онымен достық қарым-қатынаста болмайтыны туралы мәлімдемесіне қатаң жауап берді. Бұл туралы италиялық БАҚ хабарлады.

Ормуз бұғазы арқылы кеме қозғалысы қалыпты режимде жалғасуда

АҚШ Қарулы күштерінің Таяу Шығыстағы Орталық қолбасшылығы (CENTCOM) сенбі күні Ормуз бұғазы арқылы сауда кемелерінің қозғалысы қалыпты режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді. Осылайша, америкалық тарап ирандық әскерилердің бұғаздың жабылғаны туралы хабарламасын жоққа шығарды.