Евразия24ЖаңалықтарТоқаев: Кәсіпорындар табыс тапқан жерде салық төлеуі тиіс

Тоқаев: Кәсіпорындар табыс тапқан жерде салық төлеуі тиіс

|

|

АСТАНА. 28 қараша. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар мен ауылдық округтердің кіріс дербестігін арттыру мақсатында төртінші деңгейдегі бюджеттерді нығайтуды тапсырды. Бұл туралы мемлекет басшысының баспасөз қызметі хабарлады.

Президент атап өткендей, ауылдық округтердің дербестігін арттыру үшін төртінші деңгейге 25 түрлі салық пен төлемдер берілді. Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізімге кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салық қосылды. 2018 жылдан бері ауылдық округтер бюджетіне түсетін кіріс төрт есеге өсіп, 130 млрд теңгеден асты.

“Оң динамика байқалғанымен, ауылдық округтер әлі де әлеуметтік-экономикалық мәселелерді аудан мен облыс тарапынан бюджеттiк қолдаусыз шешуге қауқарсыз. Сонымен қатар, өңірлер арасында халық саны мен экономикалық құрылымға байланысты жергілікті бюджеттерде теңгерімсіздік бар”, – деді Тоқаев жұма күні өткен ауыл әкімдерінің форумында.

Мемлекет басшысы салықтардың басым бөлігін аудан деңгейіне беру дұрыс шешім болғанын атап өтті. Алайда, қазіргі уақытта жергілікті өзін-өзі басқару бюджеттері жеткілікті дәрежеде қаржыландырылмағанын айтты.

“Көп жағдайда кәсіпорындар ауылдық округтерде табыс табады, жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартады, бірақ салықты тіркелген жері бойынша – ауданға немесе қалаға төлейді. Үкімет бұл мәселені әділетті түрде шешіп, табыс тапқан жерде салық төлеу принципін қарастыруы қажет. Яғни ‘қайда жұмыс істеп, табыс тапсаң – сол жерде салық төле’ қағидатын енгізу қажет”, – деді Президент.

“Үкіметке нақты тапсырма: кемінде осы табыстың бір бөлігі жергілікті жерде қалуы тиіс”, – деді Тоқаев.

Президент сондай-ақ салық-бюджет процесін жетілдіру бойынша бірқатар бастама ұсынды. Оның ішінде заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігін төртінші деңгейлі бюджетке аудару үшін аудандар арқылы қосымша трансферттер енгізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

“Көптеген өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдардың толық көлемде жергілікті бюджетке түсуі – өзекті мәселе. Экологиялық жүктемесі жоғары өндіріс орындары орналасқан елді мекендер халқы бұл қаражаттың бір бөлігі өз жерінде қалуын талап етуге хақылы”, – деді Тоқаев.

Сондай-ақ, ол бюджетаралық деңгейлер арасында қаражат алып қоюға шектеу (лимит) белгілеу мәселесін пысықтауды тапсырды.

Айта кетейік, Қазақстанда 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап төртінші деңгейлі бюджет енгізілді. Бұл – халық саны 2 мыңнан асатын аудандық маңызы бар қалалар, кенттер, ауылдар және ауылдық округтерге қатысты. Бұған дейін бюджет үш деңгейден – республикалық, облыстық және аудандық (облыстық маңызы бар қалаларды қоса алғанда) деңгейден тұрған.

 

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еуропаның қор индекстері төмендеп жатыр

АҚШ-тың Ирандағы Кешм аралына шабуыл жасағаны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы көтеріліп, сейсенбі күні Батыс Еуропаның ірі елдеріндегі акциялар нарығы төмендеді.

Еурокомиссия басшысы экологиялық таза экономикаға көшуді Еуропа тәуелсіздігінің кепілі деп санайды

Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен Еуроодақтың экологиялық таза экономикаға көшу бағытынан айнымайтынын мәлімдеді. Оның пікірінше, бұл – Еуропа тәуелсіздігінің кепілі.

Финляндиядан кейін Норвегия да Ресей хоккейшілерімен ойнаудан бас тартты

Норвегия хоккей қауымдастығы ұлттық құрамасының 2027 жылғы мамырда Германияда өтетін әлем чемпионатында Ресей құрамасымен ойнамайтынын мәлімдеді. Бұл туралы сейсенбі күні еуропалық БАҚ хабарлады.

«Қазатомөнеркәсіп» басшысы Тоқаевқа компанияның жұмыс нәтижелері мен жоспарлары туралы баяндады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсуповтың компанияның ағымдағы қызметі мен стратегиялық басымдықтарының іске асырылуы жөніндегі есебін тыңдады.