Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Мәжілісі ЮНЕСКО-ның өңірлік мұздықтарды зерттеу орталығының жұмысын қайта жандандыруды мақұлдады

Қазақстан Мәжілісі ЮНЕСКО-ның өңірлік мұздықтарды зерттеу орталығының жұмысын қайта жандандыруды мақұлдады

|

|

Астана. 17 желтоқсан. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Мәжілісі сәрсенбі күні өткен пленарлық отырыста «Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі Біріккен Ұлттар Ұйымы (ЮНЕСКО) арасындағы Қазақстанда ЮНЕСКО қамқорлығындағы 2-санаттағы Орталық Азия өңірлік гляциологиялық орталығының (ОАӨГО) мәртебесін қалпына келтіру туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды қабылдады.

Құжат 2025 жылғы 19 маусымда Астанада қол қойылған.

Келісім таулы мұздықтарды, қар мен мәңгі тоңды зерттеу саласындағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ климаттың өзгеруі жағдайында олардың өңірдің су ресурстарына әсерін бағалауға бағытталған.

Құжатқа сәйкес, ОАӨГО сегіз жыл мерзімге 2-санаттағы орталық мәртебесін алады. Орталық ғылыми-зерттеу, білім беру және үйлестіру қызметін жалғастырып, Орталық Азиядағы гляциология мен су ресурстары мәселелеріне басымдық береді.

Келісім аясында Қазақстан Үкіметінің, ЮНЕСКО-ның және өңір елдерінің өкілдері кіретін басқарушылар кеңесі құрылады. Қазақстан орталықтың жұмысын жыл сайын кемінде 414 млн теңге көлемінде қаржыландыруды, сондай-ақ ғимараттар, жабдықтар мен әкімшілік қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар келісім халықаралық сарапшылардың қатысуымен бірлескен жобаларды, семинарлар мен оқыту бағдарламаларын іске асыруға, ғылыми деректермен ашық алмасуға және мұздықтарды мониторингтеу мен сақтаудың заманауи технологияларын ілгерілетуге мүмкіндік береді.

Қазақстан тарапынан орталықты қаржыландыру көлемі бұрынғымен салыстырғанда ұлғайтылған.

«Қаржыландырудың артуы су қауіпсіздігі мәселесінің бүгінде әлем үшін, соның ішінде ЮНЕСКО-ға мүше елдер үшін де аса өзекті болуымен байланысты. Отандық және шетелдік ғалымдарды тарту жоспарланып отыр, штат санын ұлғайту көзделген. Сонымен қатар ғылыми зерттеулер жүргізу үшін ғылыми инфрақұрылымды жаңарту қажет. Бұл ретте тек картографиялау мен есептеулер ғана емес, модельдеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін математикалық модельдеу бөлімін ашу жоспарлануда», – деді отырыста Қазақстанның Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова.

Қабылданған заң Сенаттың қарауына жіберіледі.

Қазақстан Үкіметі мен ЮНЕСКО арасындағы өңірлік гляциологиялық орталық құру туралы келісім алғаш рет 2012 жылғы мамырда Астанада қол қойылған. 2017 жылы Қазақстан оны ратификациялап, 2020 жылы орталық өз жұмысын бастаған. Ал 2024 жылы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев келісім мерзімін ұзартуды тапсырған болатын.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Токио Астананы халықаралық тәртіпті сақтаудағы стратегиялық әріптес ретінде қарастырады

Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаити Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары екі ел арасындағы өзара тиімді ынтымақтастыққа жаңа серпін береді деген сенім білдірді. Бұл туралы Қазақстан Президентінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Парламенті геологиялық ақпаратты цифрландыруды көздейтін түзетулерді қабылдады

Қазақстан Парламентінің Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста екі оқылымда қарап, «Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру бойынша Қазақстан Республикасының “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды мақұлдады.

Қазақстан Парламенті құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы заңды қабылдады

Қазақстан Парламентінің Сенаты бейсенбі күні өткен пленарлық отырыста «Құқықбұзушылықтардың алдын алу туралы» заңды екі оқылымда қарап, мақұлдады.

Бельгия ЕО ұсынған кепілдіктерді жеткіліксіз деп санайды

Бельгия Украинаға «репарациялық несие» беру үшін Ресейдің бұғатталған активтерін пайдалану жағдайында ұсынылған кепілдіктерді жеткіліксіз деп есептейді.