Евразия24Басты бетКідіріс жасамайтын алтын

Кідіріс жасамайтын алтын

|

|

 Алтынның бір унциясы 5 000 АҚШ доллары (шамамен 31,1 г) деңгейіне қарай қарқынды түрде жақындап келеді. Қаңтар айындағы екі күн ішінде спот нарықта (төлемнен кейін 1–2 күн ішінде активті жеткізу арқылы жасалатын мәмілелер) алтын бағамы 5,6%-ға өсті, ал қаңтардың үш аптасында өсім 11%-ды құрады. Жақын уақытқа дейін алтын мұндай өсімді бір жыл ішінде де көрсетпеген еді. Шын мәнінде, бұл алтынның құны күрт өсіп жатыр дегеннен гөрі, фиаттық (ешқандай нақты активпен қамтамасыз етілмеген) валюталардың құнсыздану үдерісімен байланысты. Бұл тұрғыда негізгі рөлді АҚШ доллары атқарып отыр.

21 қаңтарда алтынның бір унциясының бағасы 4 800 АҚШ доллары межесінен асып, 4 900 долларға жақындады. Ал апта соңында баға рекорды 4 967 доллар деңгейінде тіркелді. Еске сала кетейік,  2026 жылы сары түсті асыл металл бір унция үшін 4 368 АҚШ доллары бағасынан басталған болатын. Өткен жылдың өзінде алтын бағасының 70 пайыздан астам өскенін ескерсек, бұл көрсеткіштер айрықша әсер қалдырады.

Өткен жылдың соңында Morgan Stanley сарапшылары 2026 жылдың ортасына қарай алтын бағасы бір унция үшін 4 500 долларға жетеді деп болжаған еді. Ал J.P. Morgan екінші тоқсанда орташа баға 4 600 доллардан жоғары болады деген болжам жасаған. Ал 5 000 АҚШ доллары деңгейіне жету ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында күтілген болатын.

Жоғарыда аталған болжамдарды алтын нарығында ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан, асыл металдар сегментінде салмағы бар ірі қаржы институттары жасаған. Бұл сараптамалық бағаларда жаһандық нарықтарға және халықаралық сауда ағындарына күрт әсер ете алатын тактикалық саяси тәуекелдер, соның ішінде «Трамп факторы» да алдын ала ескерілген еді.

Алайда іс жүзінде АҚШ-тың 47-президентінің бірқатар қатаң әрі даулы әрекеттері алтын нарығына күтілгеннен де күштірек әсер етті. Венесуэла төңірегіндегі Николас Мадуроға қатысты операция, Гренландия мәселесіне байланысты мәлімдемелер, сондай-ақ америкалық ықпалға қарсы тұрған Еуропаның сегіз еліне кедендік қысым көрсету жөніндегі қоқан-лоққылар инвесторлардың қауіпсіз активтерге сұранысын айтарлықтай күшейтті. Соның нәтижесінде алтын бағасының өсуі қосымша серпін алды.

АҚШ тарапының тосын әрі қатаң қадамдарына, сондай-ақ Америка мен Еуропа арасындағы сауда текетіресінің жаңа кезеңіне алаңдаған инвесторлар капиталды тағы да «қауіпсіз айлақтарға» бағыттай бастады. Нәтижесінде алтын, күміс және өзге де асыл металдарға деген сұраныс күрт өсті.

Күміске жеке тоқталған жөн. Жұма күні оның бағасы бір унция үшін 99 АҚШ долларынан асып түсті. Бұл — бірнеше жыл бұрын шамамен 20 доллар деңгейінде саудаланған метал үшін айтарлықтай серпіліс. Күмістің өнеркәсіпте кеңінен қолданылатыны — даусыз фактор. Алайда бұл жерде басқа бір жайт та маңызды: күміс — алтынның «кіші серігі» ғана емес, тарихи тұрғыдан ақша функциясын атқарған металл. Фиаттық валюталардың сатып алу қабілеті жылдам әлсірей бастаған сәтте, нарық қатысушылары күмістің ақша рөлін атқаратынын қайта еске алды. Ал барлық жағдай тоғысқан кезде, күміс те алтынмен бірге жоғары қарай қозғалды.

АҚШ халқының ең бай 0,00001 пайызы елдің ұлттық табысының шамамен 12 пайызына иелік етеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 1910 жылы бұл көрсеткіш 4 пайыз болған, ол кезеңнің өзінде бұл өте жоғары деңгей саналатын. Байлықтың осыншалықты тар шеңберде шоғырлануы белгілі бір заңдылықты тудырады: мұндай топтарда қысқа мерзімде барынша көп пайда табуға деген ұмтылыс күшейе түседі.

Тарихи тұрғыдан алғанда, жедел әрі ауқымды пайда көбіне ұлттық шекарадан тысқары бағытталған экспансия арқылы қамтамасыз етіліп отырған. Бұл механизм бүгін пайда болған жоқ — ол XIX ғасырдан бері өзгермей келеді. Сол кезеңде америкалық «қант магнаттары» Гавай аралдарының аннексиялануына жол ашқан еді. Қазіргі таңда ұқсас жағдай көрініс табуда: мұнай мүдделері үшін Венесуэлаға қысым күшейсе, сирек кездесетін металдарға қол жеткізу мақсатында Гренландия бағыты күн тәртібіне шығарылып отыр.

Вашингтон — әлемдегі жалғыз ірі «ойыншы» емес. Сондықтан жақын арада Құрама Штаттармен активтер үшін күреске түсетін басқа тараптың пайда болуы заңдылық. Ал әскери шығындардың шамадан тыс артуы кез келген уақытта ұлттық валютаны, әсіресе декреттік (фиаттық) ақшаны әлсіретеді.

Тағы бір маңызды жайт — АҚШ Федералдық резерв жүйесінің басшысы Джером Пауэллге қатысты прокурорлық тексерулер аясында Дональд Трамптың ФРЖ-ны өз бақылауына алуға деген ұмтылысы байқалады. Сопақ кеңсе иесіне америкалық өнеркәсіпті қолдау үшін арзан несие қажет. Бұл өз кезегінде АҚШ долларының құнсыздануына және оның сатып алу қабілетінің төмендеуіне әкеп соғады. Нәтижесінде алтынға деген сұраныс артады. Себебі фиаттық валюта кез келген уақытта нөлге теңелуі мүмкін, ал ішкі құндылығы бар алтын мен күміс ешқашан құнын жоғалтпайды.

Жапонияның мемлекеттік қарызына қатысты мәселенің құлдырау шегіне жетуі әлемдік қаржы нарығындағы қазіргі құбылмалылықты нағыз «жойқын дауылға» айналдыруда. Егер 2000 жылдары Күн шығыс елінің мемлекеттік қарызының ЖІӨ-ге қатынасы 135%-ды құраса, қазіргі уақытта бұл көрсеткіш 250%-дан асып кетті, сонымен қатар оған қызмет көрсету бойынша пайыздық мөлшерлемелер де жоғарылады.

Сарапшылар Жапонияның уәкілетті қаржыгерлері бұл тығырықтан қалай шығатынын болжай алмай отыр. Cебебі жапондық банктердің, корпорациялар мен инвесторлардың иелігіндегі шетелдік активтердің көлемі өте үлкен. Әсіресе, Жапонияның АҚШ-тың мемлекеттік қарызына және америкалық компаниялардың акциялар нарығына салған инвестицияларының үлесі өте қомақты.

Жапон тарапы кез келген сәтте шетелдік активтерді жаппай сатуды және капиталды елге қайтаруды бастауы мүмкін. Мұндай жағдайда Жапонияның қаржылық дағдарысы АҚШ нарығының күйреуіне ұласады. Сонымен қатар, еуропалықтар Вашингтонның Гренландияға қатысты ұстанымына байланысты америкалық мемлекеттік қарыз облигацияларын жаппай сатуға көшуі ықтимал. Яғни, бұл жерде тағы да геосаяси факторлар шешім қабылдауға әсер етіп отыр.

Негізінде, алтын бағасының өсуі Таяу Шығыстағы дағдарыстың өткір кезеңінде тоқтауы мүмкін. АҚШ-тың Оңтүстік Қытай теңізіндегі соққы беруші авиатасушы тобы Иран жағалауына тартылғаннан кейін, соққы жасалуы ықтимал. Әзірге геосаяси қауіп толық іске аспағандықтан, ол инвесторларға әсер етіп, оларды алтынға қаржы салуға итермелеп отыр.

Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық қауіпсіздіктің бардық жүйесі Бреттон-Вудс/Ямайка қаржы жүйесімен және халықаралық сауда құрылымымен бірге күйреп жатыр. Бұл жағдайдың жалғыз қуантарлық тұсы — Қазақстанның әлемдік өлшем бойынша алтын өндіруші ірі мемлекеттердің қатарына жатуы.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

АҚШ-тың көздегені тек Иран ба?

 Таяу Шығыстағы жағдайдың қайта шиеленісуіне Йемендегі қақтығыс тараптары арасындағы әскери іс-қимылдардың күшеюі себеп болып отыр. Әсіресе Сауд Арабиясының отын инфрақұрылымына жасалған соққылардың салдары ауыр. Алайда тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман АҚШ президенті Дональд Трамптан әскери қолдау сұрағанда, Вашингтон бұл өтінішті қабылдамады. Иранмен қақтығыста жеңіліске ұшыраған АҚШ пен Израиль енді Таяу Шығыстағы ірі ойыншыларды бір-біріне қарсы қойып, өңірлік қақтығыс туғызуға тырысып отыр. Бір жағында – Иран, екінші жағында – Парсы шығанағындағы араб монархиялары. Бұған қоса, жақында жасалған әскери келісімге байланысты Түркия мен Пәкістан да соғысқа араласады деген үміт бар.

Үстел теннисінен 2027 жылғы әлем чемпионаты Астанада өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) президенті Петра Сёрлингті қабылдады. Бұл туралы Ақорда мәлімдеді.

Канада Украинаға арналған 90 млрд еуролық несие бағдарламасына қосылуы мүмкін

Канада Украинаға 90 млрд еуро көлемінде несие беруге арналған бағдарламаға қатысуға ниет білдірді. Қазір бұл мәселе Еурокомиссиямен талқыланып жатыр. Бұл туралы Еурокомиссия өкілі Балаш Уйвари мәлімдеді.

Доллар иенаға қатысты айтарлықтай нығайды

Жұма күні АҚШ доллары иенаға шаққанда айтарлықтай қымбаттап, еуро мен фунтқа қатысты аздап нығайды.