Тиімді басқару – жаңа дәуірдің басты талабы
2026 жылғы 1 шілдеде елдің жаңа Конституциясы күшіне еніп, екі палаталы Парламенттің 30 жылдық қызмет кезеңі аяқталды. Бір палаталы заң шығарушы орган – Құрылтайға сайлау күні жарияланды.
Осылайша, бүгінгі таңда баршамыз үшін бұл қоғамдық-саяси үдерістердің мәні мен маңызын тереңірек пайымдайтын кезең басталып отыр. Қазақстан мемлекеттілікті қалыптастыру жолында күрделі әрі тарихи тұрғыдан маңызды кезеңдерден өтті. Енді ел дамудың жаңа сатысына қадам басты. Бұл реформалар аяқталды немесе жаңа сын-қатерлер болмайды дегенді білдірмейді. Керісінше, қазіргі әлем барған сайын күрделеніп, қарқынды өзгеріп, болжап білу қиын кеңістікке айналып келеді. Сондықтан бүгінгі ахуал мемлекеттік басқаруда мүлде жаңа тәсілдерді талап етеді.
Айта кету керек, тиімді мемлекеттік басқару – белгілі бір заңдар мен мемлекеттік бағдарламалардың қабылдануына ғана тәуелді құбылыс емес. Оның негізі – проблемаларды терең түсіну және салмақты, негізделген шешім қабылдай білу. Себебі мемлекет оны басқаратын және шешім қабылдайтын адамдардың ой-өрісінен биік бола алмайды. Өйткені жауапкершілікті терең сезіну – сапалы шешімдердің негізі, сапалы шешімдер – тиімді мемлекеттік институттардың іргетасы, ал тиімді институттар азаматтардың өмір сүру сапасын айқындайды.
Осыған байланысты бірқатар маңызды сұрақ туындайды. Неліктен аумағы шағын мемлекеттердің бір бөлігі табиғи ресурстары мол елдерге қарағанда жоғары нәтижелерге қол жеткізеді? Неліктен кейбір экономикалар жаһандық дағдарыстарға жедел бейімделсе, басқалары ұзақ мерзімді қиындықтарға тап болады? Неліктен бірқатар мемлекетте жүргізілген реформалар көзделген нәтижеге жеткізсе, енді бірқатарында олардың тиімділігі күткендегідей болмайды?
Меніңше, бұл сұрақтардың жауабы ең алдымен мемлекеттік басқарудың нәтижелілігіне, институттардың тиімділігіне, әкімшілік жүйенің орнықтылығына және қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенім деңгейіне байланысты. Осы факторлардың жиынтығы кез келген мемлекеттің даму сапасы мен орнықты ілгерілеуінің негізін қалайды.
Бұл тұрғыда мәселе білімнің жеткіліксіздігінде емес, мемлекеттік басқару жүйесінің өзара сабақтас элементтерінің маңызын толық түсінуде жатыр. Білім қойылған міндеттерді орындауға мүмкіндік береді, ал терең түсінік негізделген шешім қабылдауға, оның ықтимал салдарын алдын ала бағалауға және басқарушылық қателіктердің алдын алуға жағдай жасайды.
Статистика мен шынайы ахуалдың сәйкессіздігі
Көп жылдар бойы мемлекеттің табыстылығының негізгі көрсеткіші ретінде экономикалық өсім қарастырылып келді. Алайда соңғы онжылдықтардың тәжірибесі жоғары экономикалық өсімнің өзі тұрақты дамуға кепіл бола алмайтынын және оның нәтижелері халықтың әл-ауқатының артуына әрдайым ықпал ете бермейтінін көрсетіп отыр.
Мәселен, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өсті. Сонымен қатар, соңғы деректер бойынша жылдық инфляция 10 пайызды құрады, азық-түлік бағасы шамамен 13,5 пайызға қымбаттады. Орташа жалақының өсуіне қарамастан, оның нақты сатып алу қабілеті төмендеді. Бұл макроэкономикалық көрсеткіштер мен азаматтардың күнделікті тұрмысындағы нақты ахуалдың арасында алшақтық бар екенін аңғартады. Демек, экономикалық өсімнің болуы мен оның нәтижелерінің қоғам игілігіне тиімді бөлінуі – өзара тең ұғымдар емес.
Қазіргі жағдайда заманауи инфрақұрылым қалыптастыруға, инвестициялар көлемін ұлғайтуға және ауқымды мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға болады. Алайда қабылданатын шешімдердің сапасы жеткіліксіз болса, мемлекеттік институттар тұрақты жұмыс істемесе және мемлекеттік басқару жүйесі жаңа сын-қатерлерге жедел бейімделе алмаса, қол жеткізілген нәтижелер ұзақ мерзімді сипатқа ие болмайды. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекеттің тек ағымдағы міндеттерді орындау қабілеті ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік басқару жүйесін үздіксіз жетілдіру әлеуеті де айрықша маңызға ие.
Бұл ең алдымен азаматтардың мемлекеттің тиімділігін ресми көрсеткіштер немесе өткізілген іс-шаралардың саны арқылы емес, күнделікті өмірде кездесетін нақты мәселелердің қалай шешілетіні арқылы бағалауымен байланысты. Мемлекетке деген көзқарас азық-түлік сатып алу, ипотека рәсімдеу, балаларын мектеп пен балабақшаға орналастыру, дәрігердің қабылдауына жазылу, кәсіп ашу немесе лайықты жұмыс табу сияқты күнделікті қажеттіліктерді өтеу барысында қалыптасады.
Осы тұста белгілі бір қайшылықтар байқалады. Экономика өсіп, мемлекеттік бюджет ұлғайып, экспорт көлемі рекордтық деңгейге жетуі мүмкін. Алайда сонымен қатар азық-түлік, тұрғын үй, дәрі-дәрмек және коммуналдық қызметтердің бағасы қымбаттаса, азаматтар мұндай өсімді өздерінің тұрмыс деңгейінің жақсаруы ретінде қабылдамайды. Сондықтан халық үшін экономикалық өсімнің қарқынынан гөрі оның нақты өмір сапасына тигізетін әсері маңыздырақ. Азамат дүкенге барған кезде оны Конституцияның баптары емес, күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы көбірек алаңдатады. Бейнелеп айтқанда, мемлекет статистикалық көрсеткіштерге сүйенсе, қоғам күнделікті өмірдің нақты шығындарына сүйеніп баға береді.
Осы тұрғыда қоғам үшін мемлекеттік институттарға деген сенімнің деңгейі ерекше маңызға ие. Егер әрбір азамат заңның баршаға бірдей қолданылатынына, еңбегінің әділ бағаланатынына және мемлекеттік институттардың кәсіби әрі тиімді жұмыс істейтініне сенімді болса, онда мемлекетке деген қоғамдық сенім нығаяды. Ал сенім – қазіргі заманғы мемлекеттің ең маңызды стратегиялық капиталы. Оны табиғи ресурстардың табысымен де, қаржылық мүмкіндіктермен де қалыптастыру мүмкін емес.
Бүгінде Қазақстан мемлекеттілігін сақтап, ірі қарулы қақтығыстардан тыс қалды, заманауи инфрақұрылым қалыптастырды, қомақты көлемде шетелдік инвестиция тартты, Орталық Азиядағы ең ірі экономикаға айналды және әлемдік экономикада бірқатар бәсекелік артықшылықтарға ие болды. Мемлекеттік басқару сапасы жөніндегі жаһандық рейтингте Қазақстан 54-орында тұр. Дүниежүзілік банктің мемлекеттік басқару тиімділігі индексінде 69-орынды, ал Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу индексінде әлемнің 169 мемлекеті арасында 67-орынды иеленеді.
Сонымен қатар, ұлттық экономиканың шикізаттық сипаты әлі де сақталып отыр, ұлттық байлықтың бөлінуінде теңгерімсіздік байқалады, ал сыбайлас жемқорлық жүйелі сипаттағы мәселе ретінде өзектілігін жоғалтқан жоқ. Экономиканы әртараптандыру саясатын іске асырудағы жүйеліліктің жеткіліксіздігі жағдайында өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігі де күткен деңгейге жете қойған жоқ.
Тағы бір маңызды мәселе – дарынды жастардың өз әлеуетін іске асыру мүмкіндіктеріне қатысты көзқарасы. Олардың елеулі бөлігі кәсіби тұрғыдан өзін шетелде жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырады. Мұндай үрдіс мемлекеттік басқару жүйесі үшін елеулі белгі болуы тиіс. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мұндай сигналдарға тек жедел ден қоюмен ғана шектелмей, дарынды азаматтарды өз болашағын елден тыс жерде іздеуге итермелейтін себептерді дер кезінде анықтап, оларды жоюға бағытталған тиімді шешімдер қабылдай алуы қажет.
Осы тұрғыда жастар саясаты аясындағы жас шегінің 44 жасқа дейін ұлғайтылуы да бірқатар мәселеге назар аудартады. Бұл шешім белгілі бір деңгейде азаматтардың кәсіби тұрғыдан өзін-өзі жүзеге асыру кезеңінің кейінгі жасқа ығысуын ескеруге деген ұмтылысты көрсетеді. Алайда мұндай өзгерістің өзі жастар үшін тиімді әлеуметтік ұтқырлық тетіктерін қалыптастыру мәселесін түбегейлі шеше алмайды.
Неге реформалар әрдайым нәтиже бере бермейді?
Ауқымды реформалар әрдайым күткен нәтиже бермеуінің себебі неде? Кез келген мемлекетте жолдар салынып, заңдар қабылданып, реформалар жүзеге асырылады, президенттер мен парламенттер сайланады. Мұның бәрі елдің дамуына және азаматтардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған. Алайда тәуелсіздікке отыз бес жыл толған тұста қоғам алдында маңызды сауал туындайды: мемлекеттің табыстылығының басты өлшемі – ұлы өткеннің мұрасы ма, әлде бүгінгі ұрпақтың өмір сүру сапасы ма?
Қоғамда ұлттық бірегейлік, тарихи мұра және мемлекеттің болашақ даму бағыты кеңінен талқылануда. Ел дамуының жаңа моделін іздеу үдерісі жалғасып келеді. Дегенмен мұндай ізденістердің барлығы түптеп келгенде бір негізгі мәселеге тіреледі: жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелілігі қандай өлшеммен бағалануы тиіс? Жаңа институттардың құрылуы немесе олардың саны өздігінен мемлекеттің даму деңгейін айқындай алмайды. Негізгі өлшем – мемлекеттің азаматтардың күнделікті өмірінде нақты оң өзгерістерді сезінуіне мүмкіндік беретін тиімді жағдай қалыптастыра алу қабілеті.
Кез келген саяси институттың құндылығы оның атауымен емес, мемлекетті әділетті, кәсіби әрі тиімді басқаруға қаншалықты ықпал ете алатынымен айқындалады. Уақыт талабына және жаңа міндеттерге сай Конституцияға өзгерістер енгізіліп, жаңа институттар құрылып немесе бұрынғылары қайта жаңғыртылып жатады. Алайда осындай өзгерістерге қарамастан, мемлекеттік басқару жүйесі неліктен бұрынғы қағидаттармен жұмыс істей береді? Неліктен ондаған жыл бойы күткен нәтижеге қол жеткізе алмай келеміз?
Қол жеткізілген нәтижелер көбіне түрлі индикаторлармен, көрсеткіштермен, қабылданған құжаттармен және берілген тапсырмалардың орындалу мерзімдерімен бағаланады. Бірақ көптеген жағдайда түйткілдердің түпкі себептері назардан тыс қалып жатады. Мұның басты себебі – рәсімдер мен үдерістердің арасындағы түбегейлі айырмашылықтың толық ескерілмеуі. Рәсімдер белгілі бір әрекеттердің орындалу тәртібін белгілесе, үдерістер түпкі нәтижеге қандай тәсілдер арқылы қол жеткізілетінін айқындайды. Сондықтан басқару жүйесі негізінен рәсімдерді орындауға ғана бағдарланса, тіпті жан-жақты әзірленген реформалардың өзі көзделген мақсатқа толық жете алмай, формалды іс-шаралар деңгейінде қалып қоюы мүмкін.
Мұндай жағдай, біздің ойымызша, саяси, экономикалық және институционалдық жаңғыру үдерістерінің әртүрлі қарқынмен әрі өзара үйлеспейтін бағыттарда жүзеге асуынан туындап отыр. Еңбек өнімділігі төмен деңгейде қалып, мемлекеттің экономикадағы үлесі жоғары болып, мемлекеттік институттардың өз функцияларын тиімді орындау мүмкіндігі шектеулі болса, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық пен бәсекенің жеткіліксіздігі экономикалық дамуды тежесе, жүргізіліп жатқан реформалардың экономикалық қайтарымы да әрдайым шектеулі болады.




