Евразия24Басты бетӨткеннің тағылымынан – болашақтың бағдарына: мемлекеттің қуаты тиімді басқарудан басталады. IІ бөлім

Өткеннің тағылымынан – болашақтың бағдарына: мемлекеттің қуаты тиімді басқарудан басталады. IІ бөлім

|

|

Тарих – болашақтың тірегі

Ең алдымен, тарихтың бүгінгі күннің орнын басу үшін емес, бүгінді күшейту үшін қажет екенін түсіну маңызды. Оның басты миссиясы – өткенді дәріптеу емес, қазіргі қоғамның дамуына бағыт-бағдар беру. Ата-бабаларымыз өздерінен бұрынғыларды үздіксіз еске алғандықтан емес, өз дәуірінің түйткілдерін тиімді шеше білгендіктен ұлы болды.

Алайда өткенге деген құрмет тек оны еске алумен шектелмеуі керек. Шынайы құрмет әрбір ұрпақтың алдыңғы буынның тәжірибесіне сүйене отырып, мемлекеттің дамуына өз үлесін қоса алуынан көрінеді.

Егер алдыңғы буын мемлекеттіліктің берік іргетасын қалап кеткен болса, бүгінгі ұрпақтың міндеті – тиімді жұмыс істейтін институттарды қалыптастыру, бәсекеге қабілетті экономиканы дамыту және әділетті қоғам құру. Бұл ретте институттар дегеніміз – нақты бір басшыға емес, заң мен қағидаға сүйеніп жұмыс істейтін тұрақты жүйелер.

Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді: сапалы мемлекеттік басқарусыз тұрақты экономикалық өсімге қол жеткізу мүмкін емес. Мәселен, бүгінде Сингапурдың әлемге танылуы оның өткен тарихын үздіксіз насихаттауымен байланысты емес. Сол сияқты Оңтүстік Кореяның халықаралық беделі де көне әулеттерінің мұрасымен ғана өлшенбейді. Ал Эстония Еуропадағы ең заманауи мемлекеттердің бірі саналуына тарихи реконструкциялардың емес, тиімді реформалар мен заманауи мемлекеттік басқарудың арқасында қол жеткізді.

Бұл мемлекеттердің барлығын біріктіретін ортақ заңдылық бар. Олар дамудың негізгі тірегі ретінде адами капиталды таңдады. Олардың басты артықшылығы – жауапкершілік, білім беру саласына салынған инвестициялар, кәсіби мемлекеттік қызмет, заң үстемдігі, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес, тиімді институттар және еңбекке деген құрмет.

«Әділетті Қазақстанды» тек жаңа заңдар қабылдау арқылы құру мүмкін емес. Ол әрбір азаматтың лауазымына, шыққан тегіне немесе материалдық жағдайына қарамастан, баршаға ортақ қағидалардың сақталатынына, жауапкершіліктің тең болатынына және мемлекеттің әділ көзқарасына сенім артқан жерден басталады.

Қазіргі таңда жаңғыру мен реформаларды сипаттау үшін «Жаңа Қазақстан» ұғымы жиі қолданылады. Алайда бұл өткен мұрадан бас тартуды білдірмеуге тиіс. Әрбір тарихи кезеңнің өз жетістігі мен тағылымы бар және оларды ескеру маңызды. Өткен мен бүгінді бір-біріне қарама-қарсы қою қоғамдық бірегейліктің жіктелуіне, ұрпақтар арасындағы түсініспеушіліктің күшеюіне және қоғамдағы орынсыз поляризацияға алып келуі мүмкін.

Мемлекеттің негізі – сапалы мемлекеттік басқару

Мемлекеттің қуаты ең алдымен адамдардың ертеңгі күніне деген сенімінен көрінеді. Жастар өзінің білімі мен қабілетінің арқасында сапалы білім ала алатынына сенімді болғанда, кәсіпкер бәріне бірдей қолданылатын әділ қағидалардың сақталатынына күмән келтірмегенде, отбасы өз баспанасына қол жеткізуге мүмкіндік алғанда, зейнеткер өзін әлеуметтік тұрғыдан қорғалғанын сезінгенде, ал адамның жетістігі шыққан тегіне, таныстыққа немесе туыстық байланысына емес, біліміне, қабілеті мен адал еңбегіне қарай бағаланғанда ғана қоғамда сенім орнығады. «Әділетті Қазақстан» дәл осындай қағидаттарға сүйенуі тиіс. Онда әрбір азаматтың мүмкіндігі жеке байланыстармен немесе әкімшілік ресурстармен емес, білімімен, кәсіби біліктілігімен және адал бәсекемен айқындалуы қажет.

XXI ғасырда мемлекеттің ең маңызды ресурсы – қабылданатын шешімдердің сапасы мен жеделдігі. Сондықтан бүгінгі таңда ең бай мемлекеттер емес, өзгерістерге тез бейімделіп, үздіксіз білім алып, жаңашылдықты жылдам игере алатын елдер озық келеді. Мұндай мемлекеттердің негізгі экспорттық әлеуетін білім, технология және адами капитал құрайды.

Сонымен қатар мұндай елдерде мемлекеттік басқару өнеркәсіп немесе энергетика сияқты ұлттық бәсекеге қабілеттілікті айқындайтын маңызды салалардың біріне айналған. Ал басқару сапасы кез келген мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігі мен стратегиялық даму перспективасын айқындайтын шешуші фактор ретінде қарастырылады.

Осындай қағидаттар орныққанда ғана әркімге өз қабілетін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін мемлекет қалыптасады. Онда адамның шыққан тегі емес – білімі, таныстық емес – кәсіби біліктілігі, әкімшілік тосқауылдар емес – бастамашылдығы шешуші рөл атқарады. Ал жетістікке жетудің басты өлшемі адамның қабілеті мен адал еңбегі болады. Мұндай қоғамда азамат өзін мемлекеттік саясаттың жай ғана орындаушысы емес, елдің дамуына тікелей үлес қосатын толыққанды азамат ретінде сезінеді.

Бүгінгі ұрпақтың кейінгі буынға қалдыратын ең қымбат мұрасы салынған ғимараттардың саны немесе өндірілген табиғи ресурстардың көлемі емес. Ең бастысы – билік ауысса да өз тиімділігін жоғалтпайтын мемлекеттік институттар мен жауапты басқару мәдениетін қалыптастыра алу. Өйткені қуатты мемлекеттің басты ерекшелігі – оның табысы жекелеген тұлғалардың беделіне емес, орнықты институттардың тұрақты жұмысына сүйенуінде.

Тарих мұны талай рет дәлелдеді. Мемлекеттің ұзақ ғұмырлы болуы белгілі бір саяси көшбасшының тұлғасымен немесе уақытша қолайлы жағдаймен емес, үздіксіз жетіліп отыратын мемлекеттік институттардың беріктігімен айқындалады.

Қазақстан өз дамуының маңызды кезеңіне қадам басты. Елдегі саяси жүйе жаңарып, қоғамдық институттар жаңа мазмұнмен толығуда. Мемлекеттік басқару ісіне жастардың көбірек тартылуына байланысты жаңа буын саяси кадрлары қалыптасып келеді.

Алайда саяси элитаны айқындайтын басты өлшем – жас емес, ұстаным мен басқару мәдениеті екенін ұмытпау қажет. Егер кадрларды іріктеу қағидаттары өзгермесе, кәсіби біліктілік, құзыреттілік және мемлекет атынан қабылданатын шешімдер үшін жауапкершілік негізгі талапқа айналмаса, онда жаңа саяси элита туралы айту қиын. Мұндай жағдайда тек ұрпақ алмасады, ал басқару жүйесінің мазмұны өзгеріссіз қалады.

Келер ұрпаққа мұра болатын Қазақстан

Әрбір ұрпақ өзінен кейінгілерге өзі мұраға алған елден де қуатты, өркендеген мемлекет қалдыруды армандайды. Алайда кез келген мемлекет үшін ең үлкен қауіп – нақты даму саясатының орнын біртіндеп сыртқы сипаттағы, символдық мәні басым бастамалардың басуы.

Қазақстанның көптеген елдерде кездесе бермейтін бірегей артықшылықтары бар. Кең байтақ жері, мол табиғи байлығы, жас әрі белсенді халқы, тиімді географиялық орналасуы және терең тарихи мұрасы – еліміздің стратегиялық әлеуетінің негізі.

Тарих – халықтың тамыры. Өткенге құрмет пен ел болашағы жолындағы адал еңбек қана шынайы қазақстандық патриотизмді қалыптастырады. Ал елдің ертеңі әділет салтанат құрған, адам қадірі мен лайықты өмір сүру құқығы ең жоғары құндылық ретінде танылған қоғамда ғана баянды болады.

Сондықтан «Әділетті Қазақстан» – жай ғана саяси ұран емес. Ол заң үстемдігіне, жауапкершілікке, кәсібилікке және адамға деген құрметке негізделген мемлекеттік институттардың күнделікті қызметінен көрінуге тиіс.

Егер біз осы ұстанымдарды орнықтыра алсақ, болашақ ұрпақ XXI ғасырды Қазақстан бәсекеге қабілетті әрі әділетті мемлекет ретінде орныққан тарихи кезең деп бағалайды. Осындай баға ғана бүгінгі буынның ата-баба аманатына адал болып, олардың жолын лайықты жалғастыра алғанының шынайы дәлелі болмақ.

Мүмкіндіктерге жол ашатын мемлекет ең алдымен қарапайым көрінгенімен, аса маңызды қағидаттарға сүйенеді. Олар – кадрларды кәсібилігі мен адалдығына қарай іріктеу, заң үстемдігін қамтамасыз ету, жауапкершілік қағидатын орнықтыру, еңбекке құрмет көрсету, білімге тұрақты инвестиция салу, кәсіпкерлікті қолдау және азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сенімін нығайту. Қазақстанның XXI ғасырдағы өз мүмкіндігін нақты артықшылыққа айналдыра алуы да осы факторларға тікелей байланысты.

Тарих әр ұрпаққа өзіне тән міндет жүктейді. Бір буынға мемлекеттіліктің негізін қалау мен оны қорғау бұйырса, келесі буын оның институттарын орнықтырады, ал енді біріне елдің болашақ даму бағытын айқындау жауапкершілігі жүктеледі. Біздің буынға XXI ғасырдағы Қазақстанның іргесін бекітуге тарихи мүмкіндік беріліп отыр. Бұл – басты байлығы жер қойнауындағы қазба байлық емес, білім мен адами капитал саналатын, әкімшілік ықпал емес, кәсібилік бағаланатын, ұран емес, халықтың сенімі ең басты құндылыққа айналған мемлекет болуы тиіс. Осындай мемлекет құра алсақ, оның игілігін келер ұрпақ көріп, ол еліміздің ұзақ мерзімді өсіп-өркендеуінің берік негізіне айналады.

Заманауи мемлекеттің жеті қағидаты

Қазақстанның одан әрі орнықты дамуы жаңа мемлекеттік органдар құрудан немесе кезекті реформаларды жариялаудан гөрі, мемлекеттік басқару сапасын жаңа деңгейге көтеруге байланысты. Сондықтан бүгінгі заман талабына сай мемлекеттің негізін құрайтын бірнеше басты қағидатты бөліп көрсетуге болады.

Біріншіден, мемлекеттік саясаттың басты өлшемі қабылданған шешімдердің саны емес, олардың азаматтардың тұрмыс сапасына нақты ықпал етуі болуы тиіс.

Екіншіден, мемлекеттік басқару жүйесі атқарылған жұмыстардың көлеміне емес, қол жеткізілген нәтижеге бағдарлануы қажет.

Үшіншіден, мемлекеттік қызмет кәсібилікке негізделген орнықты институтқа айналуға тиіс. Онда қызметкердің мансаптық өсуіне жеке байланысы, шыққан тегі немесе әкімшілік ықпалы емес, біліктілігі, адалдығы, стратегиялық ойлау қабілеті мен жауапкершілігі негіз болуы керек.

Төртіншіден, мемлекеттің беріктігі жекелеген басшылардың тұлғасымен емес, саяси өзгерістер мен кадрлық ауыс-түйістерге қарамастан тұрақты жұмыс істей алатын мемлекеттік институттардың әлеуетімен айқындалады.

Бесіншіден, мемлекеттік басқару жүйесі туындаған мәселелерді шешумен ғана шектелмеуі керек. Ол болашақтағы сын-қатерлерді алдын ала болжай алатын, стратегиялық тәуекелдерді дер кезінде анықтап, олардың салдарын болдырмауға қабілетті жүйеге айналуы қажет.

Алтыншыдан, адами капиталды дамыту ұлттық саясаттың басты басымдығына айналуға тиіс. Өйткені қазіргі заманда мемлекеттің ұзақ мерзімді бәсекеге қабілеттілігін табиғи ресурстар емес, білім, ғылым, технология, сапалы білім беру жүйесі және жоғары білікті мамандар қамтамасыз етеді.

Жетіншіден, қоғамның мемлекетке деген сенімін нығайтпайынша, тұрақты даму мүмкін емес. Сенім уәдемен емес, нақты іспен қалыптасады. Азаматтар өз мәселесінің ескеріліп, қабылданған шешімдердің күнделікті өмірде нақты нәтиже беріп жатқанын көргенде ғана мемлекетке деген сенім артады. Меніңше, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының түпкі мәні де осында.

Қорыта айтқанда, мемлекеттің ертеңі бүгін қабылданатын шешімдердің сапасына тікелей байланысты. Қуатты мемлекет табиғи байлықтан, заңдардың көптігінен немесе ұрандардан емес, ең алдымен тиімді мемлекеттік басқарудан бастау алады. Өткенге тағзым ету болашаққа деген ұмтылыстың орнын алмастырмауы керек. Керісінше, ол қоғамды заман талабына сай, қазіргі және келешек ұрпақтың әл-ауқатын қамтамасыз ете алатын тиімді мемлекет құруға жігерлендіруі тиіс.

Еділ Мамытбеков, қоғам қайраткері

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қылмыстық кірістерді жылыстату қалыпты құбылысқа айналды

Жоғары технологиялардың қарқынды дамуына байланысты Қазақстанда «лас ақшаның» негізгі көзі классикалық контрабандамен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтардан экономикалық қылмыстарға ойысуы заңды құбылыс болды. Бүгінде заңсыз жолмен алынған табыстың басым бөлігі азаматтар мен бизнеске қарсы жасалатын экономикалық құқық бұзушылықтардан қалыптасып отыр.

1 қыркүйектен бастап мектептерде қандай жаңа пәндер оқытылады?

Бір қызығы, жаңа пәндердің енгізілетіні жарияланғанымен, жаңа оқу жылының басталуына бір жарым ай ғана қалғанына қарамастан, үлгілік оқу жоспарлары әлі күнге дейін бекітілмеген. Демек, оқушыларды алдағы оқу жылында тағы бірқатар өзгерістер күтіп тұрғаны анық.

ІІМ жүргізушілерге қойылатын талаптарды күшейтеді

Қазақстанда жүргізуші куәлігі енді бір рет алып, он жыл бойы денсаулық жағдайының өзгергеніне қарамастан пайдалана беретін құжат болудан қалып барады. Әсіресе жасы ұлғайған немесе денсаулығына байланысты қосымша медициналық бақылауды қажет ететін азаматтарға қойылатын талап күшейеді.

Тамыздан бастап мемлекеттік сатып алуда цифрлық теңге қолданылады

2026 жылғы тамызда Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелерін цифрлық теңгемен ықпалдастыруға қатысты техникалық жұмыстар аяқталады. Соның нәтижесінде мемлекеттік сатып алу саласында цифрлық теңгені толыққанды қолдануға мүмкіндік туады. Бұл туралы Қазақстан Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.