Евразия24Басты бетҚазақстан экономикасын қандай қауіп күтіп тұр?

Қазақстан экономикасын қандай қауіп күтіп тұр?

|

|

Жуырда Халықаралық валюта қоры (ХВҚ) World Economic Outlook Update: Global Economy in Crosscurrents of War and Technology атты шілде айының жаңартылған баяндамасын жариялады. Қор сарапшыларының бағалауынша, әлемдік экономика бүгінде әртүрлі сипаттағы сыртқы күйзелістердің ықпалында қалып отыр. Бір жағынан, Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс, сондай-ақ Ормуз бұғазы арқылы мұнай мен газ жеткізіліміндегі іркілістер жаһандық экономикаға қысым түсіруде. Екінші жағынан, жасанды интеллект технологиялары мен микроэлектроникаға арналған жабдықтарға сұраныстың күрт артуы экономикалық белсенділікті ынталандырып отыр. Бір қызығы, ХВҚ сарапшылары Орталық Азия мен Қазақстан экономикасына қатысты Еуразиялық даму банкінің (ЕАДБ) бағалауларындай оптимистік көзқарас танытпаған. Бұған дейін біз ЕАДБ-ның 2026–2028 жылдарға арналған болжамдарын жан-жақты талдап, жаһандық күйзелістерге қарамастан Қазақстан экономикасының өсімі сақталатыны жөніндегі тұжырымдарына тоқталған едік.

Еуразиялық даму банкі (ЕАДБ) маусым айындағы болжамында шикізат нарығындағы қолайлы жағдай мен ішкі инвестициялардың арқасында өңір экономикасы қарқынды өседі деп бағалаған еді. Алайда бір айдан кейін жарияланған Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) жаңа болжамында өңірге қатысты ұстаным өзгеше. Қор жоғары құбылмалылықтың сақталатынын, инфляциялық қысымның әлі де жоғары екенін және экономиканың шикізатқа тәуелділігі негізгі тәуекелдердің бірі болып қала беретінін атап өтті.

ХВҚ сәуірдегі болжамын қайта қарап, әлемдік экономиканың өсімі 2024–2025 жылдардағы 3,5 пайыздан кейін 2026 жылы 3,0 пайызға дейін баяулайды деп болжайды. Ал 2027 жылы бұл көрсеткіш 3,4 пайызға дейін қалпына келуі мүмкін.
Сарапшылардың бағалауына технология саласындағы қарқынды өзгерістер де ықпал еткен.

ХВҚ-ның бағалауынша, әлемдік экономикаға қазір екі фактор әсер етіп отыр. Бірі – Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс салдарынан туындаған қиындықтар, екіншісі – жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуы. Соғыс экономикалық өсімді тежегенімен, технологиялық сектордағы серпін оның әсерін ішінара әлсіретіп отыр.

Алайда ХВҚ сарапшылары мұндай жағдайда барлық ел бірдей ұтпайтынын атап өтеді. Олардың пікірінше, әлемдік экономика бүгінде екі бағыт бойынша жіктеле бастаған. Оның бірі – жасанды интеллектке негізделген өндірістік тізбектерге қатысу деңгейі болса, екіншісі – елдердің энергия ресурстары импорты мен экспортына тәуелділігі.
Мәселен, жасанды интеллектке арналған жабдықтар мен микрочиптерді экспорттайтын Оңтүстік Корея, Тайвань, Малайзия және Таиланд сияқты мемлекеттер жоғары өсім көрсетіп отыр. Ал мұндай технологиялық әлеуеті жоқ әрі шикізат импортына тәуелді елдердің экономикалық өсімі баяулауда.

Оның үстіне мәселе тек жасанды интеллект технологияларындағы алшақтықпен шектелмейді. ХВҚ болжамына сәйкес, жаһандық инфляция 2025 жылғы 4,1 пайыздан 2026 жылы 4,7 пайызға дейін өсіп, тек 2027 жылы 3,9 пайызға дейін төмендейді.

Мұнай бағасының қымбаттауы (ХВҚ 2026 жылы Brent мұнайының орташа бағасын барреліне 89 доллар деңгейінде болжайды, ал ЕАДБ – 82 доллар), тыңайтқыштардың 26 пайызға және азық-түлік бағасының 8 пайызға өсуі орталық банктердің инфляцияны тежеу бағытындағы бұрынғы нәтижелерін әлсіретіп жіберген.

ҚАЗАҚСТАНҒА ҚАТЫСТЫ БОЛЖАМДАР

ЕАДБ мен ХВҚ болжамдарын салыстырғанда, Қазақстан экономикасының орта мерзімді даму перспективасына қатысты көзқарастардың айтарлықтай ерекшеленетіні байқалады.

Мәселен, жарияланған баяндамалардағы негізгі көрсеткіштер төмендегідей:

  • Қазақстанның ЖІӨ өсімі (2026 жыл): ХВҚ – 4,6%, ЕАДБ – 5,5%;
  • Қазақстанның ЖІӨ өсімі (2027 жыл): ХВҚ – 4,4%, ЕАДБ – 5,5%;
  • Әлемдік ЖІӨ өсімі (2026 жыл): ХВҚ – 3,0%, ЕАДБ – 2,5%;
  • Brent мұнайының орташа бағасы (2026 жыл): ХВҚ – барреліне 89,3 доллар, ЕАДБ – 82 доллар;
  • Қазақстандағы инфляция (2026 жылдың соңы): ХВҚ болжамында көрсетілмеген, ЕАДБ – 9,7%;

Ұлттық банктің базалық мөлшерлемесі (2026 жылдың соңы): ХВҚ қатаң ақша-кредит саясатын сақтаудың қажеттігін атап өтсе, ЕАДБ орташа мөлшерлеме 17,3% болады және кейін 16%-ға дейін төмендейді деп болжайды.

Екі ұйымның ұстанымындағы негізгі айырмашылық неде?

Қатысушылары қатарында Қазақстан, Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан бар Еуразиялық даму банкі геосаяси ахуал мен энергия ресурстары бағасының жоғары болуын Қазақстан экономикасының өсіміне ықпал ететін фактор ретінде бағалайды. Осыған сүйене отырып, банк 2026–2028 жылдары ел экономикасы жыл сайын 5,5 пайызға өседі деп болжайды. Бұл өсімнің негізгі қозғаушы күші ретінде инвестициялық белсенділік пен экспорттық түсімнің артуы көрсетілген.

Ал Халықаралық валюта қоры Қазақстан экономикасының өсу қарқынына біршама төмен баға береді. Соған сәйкес, қор 2026 жылы ЖІӨ өсімі 4,6%, ал 2027 жылы 4,4% болады деп болжайды. Оның бағалауынша, шикізат экспортынан түсетін қосымша табыстың әсері жоғары инфляция, импорт құнының өсуі және логистикадағы қиындықтармен шектелуі мүмкін.

Жаһандық экономикаға қатысты бағалауларда да айырмашылық байқалады. ЕАДБ 2026 жылы Еуропа экономикасының 0,9%-ға, АҚШ экономикасының 1,7%-ға баяулауына байланысты әлемдік ЖІӨ өсімі 2,5%-ға дейін төмендейді деп күтеді. Ал ХВҚ, керісінше, жасанды интеллектке салынған инвестициялар мен жоғары технологиялар экономикалық белсенділікті қолдап, әлемдік экономика 3%-ға өседі деген болжам жасайды.

Ақша-кредит саясатына қатысты ұстанымдар да әртүрлі. ЕАДБ Қазақстан Ұлттық банкі 2026 жылдың соңына қарай базалық мөлшерлемені 16%-ға дейін төмендетуі мүмкін деп есептейді. Ал ХВҚ дамушы елдердің орталық банктеріне ақша-кредит саясатын жеңілдетуге асықпауға кеңес береді. Қордың бағалауынша, инфляцияның қайта күшею қаупі әлі де жоғары.

НЕГІЗГІ ТӘУЕКЕЛДЕР

ХВҚ бағалауынша, қазіргі жаһандық тәуекелдер ең алдымен шикізатқа тәуелді экономикаларға әсер етеді. Қазақстан да осындай елдердің қатарында.

Қор сарапшыларының пікірінше, мұнай қоры көпжылдық ең төменгі деңгейге жақындап келеді. Егер жеткізу тізбегіндегі іркілістер жалғаса берсе, қор көлемі шекті деңгейге дейін қысқарып, бағаның күрт құбылуына алып келуі мүмкін. Қазіргі таңда мұнай бағасының салыстырмалы түрде тұрақты сақталуы елдердің коммерциялық және стратегиялық қорларды пайдалануымен түсіндіріледі.

ХВҚ жасанды интеллект саласына қатысты тәуекелдерге де ерекше назар аударады. Қордың бағалауынша, бұл технологиялардың табыстылығы мен еңбек өнімділігін арттыру әлеуетіне қатысты күтілімдер төмендеуі ықтимал. Мұндай жағдайда жоғары технологиялық салаларға бағытталатын инвестициялар қысқарып, акциялары шамадан тыс қымбаттаған компаниялардың нарықтық құны елеулі түзетілуі мүмкін.

Демек, жасанды интеллект төңірегіндегі жоғары үміт ақталмаса, қаржы нарықтарында активтерді қайта бағалау үдерісі басталып, бұл әлемдік сұраныстың әлсіреуіне және шикізат бағасының төмендеуіне әсер етуі ықтимал.

БЮДЖЕТКЕ ТҮСЕТІН САЛМАҚ ЖӘНЕ ҚАРЫЗ ЖҮКТЕМЕСІ

ХВҚ-ның шілде айындағы баяндамасында ұлттық экономиканы бюджет шығындарын ұлғайту арқылы қолдау мүмкіндігі барған сайын шектеліп бара жатқаны айтылған. Қордың бағалауынша, мұндай саясаттың шамадан тыс қолданылуы ұлттық валюталардың тұрақтылығына қауіп төндіруі мүмкін.

Бұл бағалаудан Қазақстан үшін қандай қорытынды шығаруға болады? Қазіргі жағдайда шикізатқа сүйенген даму моделі бұрынғыдай сенімді артықшылық болудан қалып барады. Технологиялық өндіріс тізбектеріне кіріге алмаған және ішкі экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ете алмаған мемлекеттердің бәсекеге қабілеті әлсірей түседі.

ХВҚ құрылымдық реформалардың бірнеше басым бағытын атап көрсетеді.

Біріншісі – жасанды интеллектіні дамытуға дайындық пен цифрлық инфрақұрылымды күшейту. Қордың пікірінше, бұл үшін электр энергетикасын, цифрлық желілерді және адами капиталды қатар дамыту қажет. Осы бағыттарда ілгерілеу болмайынша, еңбек өнімділігін арттыру мүмкін емес.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жуырда Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияда айтқан ойлары да осы ұстаныммен үндес. Мемлекет басшысы Қазақстан технологияны тек тұтынумен шектелмей, оны дамытуға және өндіруге қатысатын елдердің қатарына қосылуы қажет екенін айтты. Сонымен бірге еліміздің технологиялық ықпалдастықтың, цифрлық сауданың және халықаралық әріптестіктің маңызды орталығына айналуға мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Екіншіден, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту. ХВҚ жаңартылатын энергия көздерін дамыту мен энергияны тиімді пайдалану алдағы уақытта әлемдік бағаның күрт құбылуынан туындайтын тәуекелдерді азайтады деп есептейді.

Үшіншіден, бюджет саясатына жауапкершілікпен қарау. ХВҚ энергия ресурстарының қымбаттауынан қосымша табыс тауып отырған елдерге мемлекеттік шығыстарды күрт ұлғайтудан бас тартуға кеңес береді. Қордың пікірінше, мұндай кірістерді ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз ететін ұлттық жинақ қорларына бағыттаған жөн.

ҚАЗАҚСТАН ЭКОНОМИКАСЫ ЖАҢА СЫН-ҚАТЕРЛЕРГЕ ДАЙЫН БА?

ХВҚ мен ЕАДБ болжамдарын салыстырсақ, мұндай қауіптің бар екенін аңғаруға болады. Бірақ оның сипаты бұрынғы экономикалық дағдарыстардан өзгеше.

Мұнай бағасының бір баррелі 82–89 доллар аралығында сақталса, Қазақстанға валюталық түсім көбейіп, экономикалық өсім 4,6–5,5 пайыз деңгейінде болуы мүмкін. Алайда мұның өзі сырттан келетін инфляцияны тежемейді, несие құнын арзандатпайды әрі халықаралық жүк тасымалына қатысты тәуекелдерді жоя алмайды.

Қазақстан үшін ендігі мәселе – қай бағытты таңдау. Бір жағынан, мұнай бағасының қолайлы кезеңіне сүйеніп, қазіргі бағытпен жалғастыруға болады. Екінші жағынан, ХВҚ ескерткен қауіптерді ескеріп, мұнайдан түсетін қосымша кірісті экономиканы әртараптандыруға жұмсаған тиімді. Бұл өңірлік көлік-логистика инфрақұрылымын күшейтуге, энергетиканы жаңғыртуға және жаңа технологиялық өндіріс тізбектеріне белсендірек қосылуға жол ашады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Еурокомиссия AliExpress-ке Цифрлық қызметтер туралы заңды бұзғаны үшін 550 млн еуро айыппұл салды

Еурокомиссия (ЕК) дүйсенбі күні AliExpress маркетплейсіне заңсыз, қауіпті және контрафактілік тауарлардың сатылуына байланысты тәуекелдерді тиісті деңгейде бағалап, азайту жөніндегі Цифрлық қызметтер туралы заңның (DSA) талаптарын бұзғаны үшін 550 миллион еуро көлемінде айыппұл салды.

Энди Бернем Ұлыбританияның жаңа премьер-министрі болды – Букингем сарайы

Лейбористік партияның жаңа жетекшісі Энди Бернем дүйсенбі күні Ұлыбританияның премьер-министрі қызметіне ресми кірісті. Бұл туралы Sky News телеарнасы Букингем сарайына сілтеме жасап хабарлады.

ОСК «Байтақ» партиясының Құрылтай сайлауына қатысатын кандидаттарын тіркеді

Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны аясында «Байтақ» жасылдар партиясының партиялық тізімін тіркеді. Бұл туралы «Интерфакс-Қазақстан» агенттігінің тілшісі хабарлады.

Тоқаев Испания құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатындағы жеңісімен құттықтады

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Испания королі VI Фелипені және испан халқын ұлттық құраманың 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатында жеңіске жетіп, тарихында екінші рет әлем чемпионы атануымен құттықтады. Бұл туралы дүйсенбі күні Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.