Қазақстанда Ресей киносы фестивалінің ұйымдастырылуы Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени өзара ықпалдастықтың бүгінгі күні де маңызын сақтап отырғанын, оған деген қоғамдық қызығушылықтың жоғары екенін және көрермен тарапынан кең қолдауға ие екенін дәлелдеді. Кино өнері адамдарды жақындастырып, ашық пікір алмасуға, кәсіби тәжірибе және шынайы әсерлермен бөлісуге мүмкіндік беретін тиімді алаң екенін тағы бір мәрте көрсетті.

Фестиваль Ресей Федерациясының Мәдениет министрлігі мен Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылып, екі ел арасындағы мәдени және кәсіби байланыстарды нығайтудың маңызды тетігіне айналды. Фестиваль бағдарламасы аясында жаңа туындылар таныстырылып, актерлермен кездесулерден бөлек, түрлі талқылаулар ұйымдастырылды.
Балалар мен отбасылық фильмдердің көрсетілуі және көрерменмен тікелей жүргізілген сұхбат шараның ажарын аша түсті. Көрермен ықыласы фестивальдің ерекше рухта өтуіне ықпал етті. Көрсетілім кезіндегі лық толы залдар Қазақстанда ресейлік киноға деген қызығушылықтың жоғары екенін көрсетті. Көрермендер экрандағы оқиғаларға шынайы тебіреніспен қарап, сеанстан кейін өз әсерлерімен бөлісіп, көкейдегі сауалдарын қойды. Осындай кері байланыс киноның халықтар мен мәдениеттер арасындағы өзара түсіністікті қамтамасыз ететін ықпалды құрал болып қала беретінін дәлелдейді.

Фестиваль күндерінде Kinopark компаниясы ауқымды кинобағдарламаны өткізу үшін өз алаңын ұсынып, мәдени алмасуды дамытуға бағытталған маңызды бастаманы қолдады. Бұл ірі прокат желілерінің тек кинонарық қатысушысы ғана емес, сонымен қатар көрермен мәдениетін қалыптастыруда, сапалы контентті ілгерілетуде және кәсіби өзара іс-қимыл мүмкіндіктерін кеңейтуде маңызды серіктес бола алатынын көрсетті.
Фестивальдің салтанатты ашылуы өзара құрмет, достық және кинематографияны дамытуға деген ортақ мүдде жағдайында өтті. РОСКИНО бас директоры Эльза Антонова Ресей Федерациясының Мәдениет министрі Ольга Любимова жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Онда фестивальдің халықаралық мәдени алмасуды дамытудағы және екі ел халықтары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтудағы маңызы атап өтілген: «Қазақстандағы Ресей киносы фестивалі – өнер мен кинематография арқылы елдерімізді тоғыстыратын маңызды оқиға. Бұл шара халықаралық мәдени алмасуды дамытуға және халықтарымыз арасындағы өзара тиімді ынтымақтастықты жалғастыруға ықпал ететін маңызды алаңға айналады», – делінген құттықтау мәтінінде.
«РОСКИНО» компаниясы жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде орыс киносының фестивалін ұйымдастырып келеді, дегенмен Қазақстандағы шараның орны бөлек. Қазақстандық көрермен орыс тіліндегі туындыларды әрқашан жылы қабылдайды, ал екі елдің кәсіби қауымдастығының тарихы бір, байланысы терең. Бұл фестиваль жай ғана кино көрсетілімі емес, қос мемлекеттің гуманитарлық және шығармашылық тұрғыдан жақындығын паш еткен маңызды мәдени оқиғаға айналды. «Қазақстандық әріптестерімізге қонақжайлылығы мен фестивальді Астанада өткізуге қолдау көрсеткені үшін алғыс айтамыз. Көрерменмен болған тікелей сұхбат біз үшін ең басты нәтиже болды. Бұл Ресей мен Қазақстанның кино саласындағы ықпалдастығы мен жаңа шығармашылық табыстарға жету әлеуетінің зор екенін тағы да дәлелдеді», – деп «РОСКИНО» бас директоры Эльза Антонова атап өтті.

Фестиваль репертуарына көпшілікке танымал соңғы туындылар мен көрермен ілтипатына бөленіп үлгерген картиналар енді. Солардың қатарында актер Антон Савватимов таныстырған «Первый на Олимпе» атты спорттық драма мен Дарья Кукарских түскен «Авиатор» фильмі бар. Бұл туындылар көрерменнің үлкен қызығушылығын тудырып, тұлға мен уақыт, адам таңдауы, естелік пен ішкі қайрат төңірегінде мазмұнды ой қозғауға себеп болды. Көрсетілімдер көрерменмен ашық пікір алмасу форматында өтті. Сеанстан кейін қонақтар актерлерге түсірілім барысы туралы ғана емес, олардың өз кейіпкеріне деген көзқарасы, әртістің қалың көпшілік алдындағы жауапкершілігі және қазіргі киноның қоғамдағы орны жайлы сұрақтар қойды. Мұндай кездесулер фестивальдің мәнін арттыра түседі: көрермен тек сырттай бақылаушы емес, кино, мәдениет пен ортақ құндылықтар туралы ауқымды диалогтың қатысушысына айналады.
Фестиваль бағдарламасында балаларға арналған туындылар мен анимациялық фильмдерге ерекше орын берілді. Олар кішкентай көрермендердің шынайы ықыласына бөленді. Мұндай көрсетілімдер өскелең ұрпақ үшін үлкен экранмен, кино тілімен алғашқы таныстық қана емес, сонымен бірге достық, батылдық, мейірімділік пен отбасы құндылықтарын ұғынуға жол ашатын маңызды қадам. Дәл осындай әсерлер арқылы болашақ көрерменнің талғамы қалыптасып, түрлі буын өкілдері ортақ сезім төңірегінде тоғысады. Фестиваль киноның ойын-сауықтан әлдеқайда кең, маңызды қызмет атқаратынын көрсетті. Ол мәдени дипломатия құралына, сенімді нығайту тетігіне, сондай-ақ кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналды. Көрермен фильмдер арқылы сюжеттермен ғана емес, ұлттық құндылықтармен, тарихи жадымен және өмірге деген заманауи көзқараспен танысады. Ең бастысы, фестиваль ресми шара шеңберінен шығып, қатысушылардың шынайы қызығушылығына толы жанды оқиға ретінде өтті.

Залдағы ерекше атмосфера, қойылған сұрақтар мен жылы лебіздер мұндай жобалардың өзектілігін дәлелдейді. Мұндай бастамалар мәдениеттің баршаға түсінікті, жақын әрі біріктіруші күшке айналуына жол ашады.
Бүгінде Қазақстан мен Ресейдің киноиндустриясы өзара іс-қимылды тереңдету үшін зор әлеуетке ие. Бұл тек фестивальдер мен көрсетілімдерді ғана емес, сонымен қатар бірлескен киноөндірісті, білім беру бағдарламаларын, кәсіби шеберлік сабақтарын, сондай-ақ сценаристер, режиссерлар, продюсерлер, актерлер мен техникалық мамандар арасындағы тәжірибе алмасуды да қамтиды. Аталған бағыттар шекараның екі жағындағы көрермен үшін де қызықты болатын жаңа жобаларға негіз болмақ.
«Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» ұлттық киностудиясының өкілі Айдар Омаров бұл мәселеге қатысты өз пікірін білдірді: «Соңғы жылдары киноиндустрияларымызды интеграциялау бойынша ауқымды жұмыс атқарылды. Бүгінде біз оның нақты нәтижесін көріп отырмыз: елдеріміз бен бейінді ведомстволар жүйелі ынтымақтастық орнатып, фильмдерді бірлесе шығару ісі дамып келеді, тұрақты кәсіби байланыстар қалыптасуда. Таяу арада бірлескен өндірісті іске қосуды жоспарлап отырмыз — қазіргі таңда Ресеймен ықпалдастықты нығайтудың кезекті қадамы болатын ірі тарихи жоба әзірленуде. Бұдан бөлек, «Мосфильммен» өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойылды. Соның аясында қосалқы құрам мамандары үшін шеберлік сабақтары мен білім беру бағдарламаларын өткізу көзделген. Қазіргі уақытта салаға сценаристер тапшы, сондықтан біз дәл осы бағытта елдеріміз арасындағы тәжірибе алмасудың тиімділігіне сенім артамыз».
Бұл ұстанымның маңызы, әсіресе, соңғы уақытта кәсіби ортада саланың даму бағытына қатысты әртүрлі көзқарастардың орын алуы аясында ерекше байқалады. Атап айтқанда, Қазақстан Кинематографистер лигасының төрағасы Айдар Баталовтың ресейлік кинонарықпен интеграцияны тереңдетуге бағытталған бастамалары қызу талқыға түскен болатын. Қазақстандағы Ресей киносының фестивалі кинематография саласындағы кәсіби іс-қимылдың өзара құрметке, сенімге және ортақ міндеттерді түсінуге негізделе алатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Бұл ынтымақтастық Қазақстан үшін мәдени ықпалын кеңейтуге, әріптестікті дамытуға, ірі кинонарықпен байланысты нығайтуға және отандық индустрияның өркендеуіне жаңа жағдай жасауға жол ашады.
Ал Ресей үшін бұл — заманауи киноны қазақстандық көрерменге таныстырудың, оның пікірін білудің және мәдени диалогты жалғастырудың таптырмас мүмкіндігі.
Фестивальдің кәсіби мамандармен қатар, түрлі буын өкілдерінің басын қосқан ортаға айналуы айрықша маңызға ие. Шараның эмоционалдық деңгейде жоғары бағалануына, ең алдымен, көрермендер ықпал етті. Лық толы залдар, қызу талқылаулар мен көрсетілімнен кейінгі жылы лебіздер кино өнерінің жас ерекшелігіне, кәсібі мен өмірлік тәжірибесіне қарамастан, адамдарды біріктіретін құдіретін тағы да айғақтады.
Қазақстандағы Ресей киносының фестивалі мәдени шаралардың елдер арасындағы байланысты қалай нығайтатынын, индустрия үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, сенім атмосферасын қалай қалыптастыратынын көрсететін оң мысал болды. Мұндай жобалар кәсіби қауымдастық үшін де, қалың көпшілік үшін де маңызды, өйткені мәдениет — ең берік әрі табиғи өзара түсіністіктің негізі. Фестиваль жылылық пен шынайы бірлік сезімін ұялатып, өз мәресіне жетті. Шара барысы Қазақстанда ресейлік киноға деген қызығушылықтың жоғары екенін, көрерменнің туындыларды тамашалап, оны талқылауға әзір екенін көрсетті. Демек, алда жаңа кездесулер, жаңа фильмдер мен бірлескен жобалар, сондай-ақ мәдени ықпалдастықтың жаңа белестері күтіп тұр.
Кино — адамдарды, идеялар мен сезімдерді тоғыстыратын бірегей кеңістік. Фестивальдің басты күші де осында!




