Қайғылы оқиға Перинаталдық орталықта орын алған. Жүкті әйел екі апта аралығында егіздерінің алдымен бірінен, кейін екіншісінен айырылған.
«Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы екі нәрестенің өлімінен кейін қалалық перинаталдық орталықта (ҚПО) қызметтік тексеру бастады. Егіздің бірі ана құрсағында шетінеп кеткен. Алайда дәрігерлер анасының жағдайы күрт нашарлағанға дейін оны алып тастамау туралы шешім қабылдаған. Кейін екінші нәресте де көз жұмды», – деп хабарлайды Qumash.kz .
Басылым мәліметінше, медицинада шетінеп кеткен ұрықты құрсақта белгілі бір уақытқа қалдыру тәсілі бар. Мұндағы мақсат – тірі нәрестенің тым ерте дүниеге келуіне жол бермей, оның әрі қарай жетілуіне мүмкіндік беру. Алайда мұндай тәсілдің тәуекелі жоғары және дәрігерлер тарапынан мұқият бақылауды қажет етеді.
ҚПО-да пациенттен алынған талдаулардың нәтижесі өте нашар болғанына қарамастан, шұғыл операция жасау туралы шешім тағы үш күннен кейін ғана қабылданған. Дәрігерлер шетінеп кеткен нәрестені плацентаға зақым келтірмей алып шыққан. Алайда жүктіліктің 31-аптасында дүниеге келген екінші сәби сепсис салдарынан небәрі бір тәулік өмір сүрді. Ата-анасы оған Арлан деп ат қойған.
Кішкентай Арланның өмір сүруіне мүмкіндік бермеген осынау жан түршігерлік қайғылы оқиға туралы не айтуға болады?
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің көпұрықты жүктілікке қатысты қолданыстағы клиникалық хаттамасында жүктіліктің 34 аптасына дейін ұрықтардың бірі антенаталдық кезеңде шетінеп кеткен жағдайда жүктілікті әрі қарай жалғастыру көзделгені нақты көрсетілген.
Демек, Перинаталдық орталық дәрігерлері босанатын әйел мен оның туыстарына жалған ақпарат бермеген. Алайда жүктілікті жалғастыру оны бақылаусыз қалдыру деген сөз емес. Халықаралық ұсынымдарға сәйкес, мұндай жағдайда жүйелі түрде ультрадыбыстық зерттеу мен допплерография жүргізіліп, ортаңғы ми артериясындағы қан ағымы бағалануы, сондай-ақ тірі қалған егіздің өсуі мен жалпы жағдайы тұрақты бақылауда болуы қажет. Яғни шұғыл босандыруға көрсетілім болмаған жағдайда ғана жүктілік жалғастырылады.
Жарияланған мәліметке қарағанда, жүкті әйел өзін нашар сезінгенін айтып шағымданған, ал талдау нәтижелері де көңіл көншітпеген. Осындай жағдайда дәрігерлердің бұл белгілерді шұғыл медициналық араласуға негіз ретінде ескермегені түсініксіз. Ақырында оның салдары қайтымсыз болды.




