Finmentor.kz арнасының авторы Арман Батаевтың мәліметінше: «Таңертең жариялаған мәліметім расталды: ERG акцияларының 40%-ы «Самұрық-Қазынаның» иелігіне өтті. Компанияның тағы 39,3%-ы Nature Energy Solutions Ltd арқылы Шахмұрат Мұтәліпке тиесілі. Ал қалған 20,7%-ы Ибрагимовтар отбасына қарайды».
Еуразия24 пікірі:
ERG-дегі мемлекеттік үлестің 40%-ын «Самұрық-Қазынаның» басқаруына беру Александр Машкевич қайтыс болғаннан кейін басталған компаниядағы ауқымды өзгерістердің заңды жалғасы болды. Дәл сол кезеңде нарықта 39,3% акция пакеті сатылымға шыққан болатын. Financial Times мәліметіне сәйкес, бұл үлес үшін Шахмұрат Мұтәліп пен артықшылықты сатып алу құқығына ие болған Шухрат Ибрагимов бәсекелесті. Нәтижесінде аталған пакет Мұтәліптің иелігіне өтті. Енді жекеменшік акционерлер құрамының өзгеруінен кейін ERG-дегі мемлекеттің қатысу үлесін институционалдық тұрғыдан рәсімдеу кезеңі де аяқталуға жақын. Біздіңше, нарық үшін мәміленің өзінен гөрі осы жайттың маңызы зор. Өйткені елдегі ең ірі тау-кен металлургиясы топтарының бірі саналатын ERG-дің меншік құрылымы анағұрлым айқын әрі тұрақты сипатқа ие болып отыр. Бұл кредиторлар, инвесторлар және халықаралық серіктестер үшін маңызды фактор болып саналады.




