Астана. 27 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрі Айдос Мырзахметовті қабылдады, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.
Кездесу барысында Президент елдің қорғаныс қабілетін нығайту, Қарулы күштердің жауынгерлік әзірлігін арттыру және әскери басқару жүйесін жетілдіру жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Әскери қызметтің қауіпсіздігіне ерекше мән берілді. Тоқаев әскери қызметшілердің өмірі мен денсаулығын сақтау барлық деңгейдегі қолбасшылық үшін бұлжымас басымдық болуы қажет екенін атап өтті.
Президент сондай-ақ әскери қызметшілердің кәсіби даярлығын жетілдіру, әскери инфрақұрылымды дамыту, қару-жарақ пен техниканы жаңғырту, заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жөнінде міндеттер қойды.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы әскердегі тәрбие жұмысын күшейтіп, әскери қызметшілердің бойында жауапкершілік, тәртіп және Отанға адалдық қасиеттерін қалыптастыруға баса мән беру қажеттігін айтты.
Әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік қолдау мәселелеріне де ерекше көңіл бөлінді.
Бұған дейін хабарланғандай, жексенбі күні Тоқаев Дәурен Қосановты Қорғаныс министрі қызметінен босатып, оның орнына Қазақстан Қарулы күштері Арнайы операциялар күштерінің бұрынғы қолбасшысы Айдос Мырзахметовті тағайындады.
Өткен бейсенбіде Маңғыстау облысындағы Каспий теңізінің жағалауында өткен «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде «Қайсар» катерінен жағаға түсу барысында 17 әскери қызметшіні теңізге ағыс алып кеткен. Олардың үшеуі құтқарылып, 14-і қаза тапты.




