Минск. 28 шілде. ИНТЕРФАКС – Беларусь президенті Александр Лукашенко Беларусь пен АҚШ арасындағы қарым-қатынаста оң серпін қалыптасып, оның болашағының да жаман емес екенін мәлімдеді.
«Қазіргі қалыптасқан жағдайды, әсіресе қарым-қатынасымыздың серпіні мен келешегін ескерсек, оның болашағы жаман емес», – деді Лукашенко БҰҰ жанындағы Беларусьтің тұрақты өкілі Валентин Рыбаковтың есебін тыңдау барысында. Президенттің сөзін оның баспасөз қызметі келтірді.
Лукашенко кездесудің негізгі тақырыбы ретінде Рыбаков жетекшілік ететін Беларусь–АҚШ қарым-қатынасын атады.
«Саған АҚШ пен Беларусь арасындағы қарым-қатынасты жолға қою сияқты үлкен жауапкершілік жүктелді. Сен Джон Коулмен тығыз байланыста жұмыс істеп жатырсың. Оған және оның сүйікті жұбайына менің ізгі тілегімді жеткіз», – деді Беларусь басшысы.
Президент АҚШ өкілдерімен жүргізілген келіссөздер барысында Беларусь ұстанымын ашық әрі нақты жеткізгенін айтты.
«Мен ең алдымен Ресеймен, Қытаймен және Иранмен қарым-қатынасымыз туралы түсіндірдім. Көптеген мәселе қозғалды», – деді Лукашенко.
Оның айтуынша, Беларусь ешқашан өз ұстанымын дипломатиялық астарлы сөздермен бүркемелеген емес.
«Біз ешқашан жалтарған емеспіз әрі ұстанымымызды дипломатиялық терминдердің тасасына жасырған жоқпыз. Соның пайдасын бүгін көріп отырмыз. Олар, оның ішінде Коул мырза да, біздің қай мәселеде қадам жасай алатынымызды, қай тұста бара алмайтынымызды жақсы түсінеді», – деді ол.
Өз кезегінде БҰҰ жанындағы Беларусьтің тұрақты өкілі Валентин Рыбаков президентке есеп бергеннен кейін журналистерге АҚШ тарапы Минскіге жаңа ұсыныстар жолдағанын айтты.
«Осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ бізге кезекті нақты ұсыныстарын жеткізді. Президент олармен танысып, бұл ұсыныстарды іске асыруға жауапты құрылымдарға тиісті тапсырмалар берді», – деді Рыбаков. Оның сөзін БелТА мемлекеттік агенттігі келтірді.
Рыбаков бірнеше күннен кейін Нью-Йоркке қайта барып, АҚШ-тың арнайы өкілі Джон Коулмен кездесуді жоспарлап отырғанын айтты.
«Президенттің жолдауы оған жеткізіледі. Енді нәтижесін күтеміз», – деді ол.




