Нью-Йорк. 29 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Сейсенбі күні АҚШ пен Иран арасындағы келіссөздердің жалғасып жатқаны туралы хабарлардан кейін мұнай бағасы төмендей бастады.
Мәскеу уақытымен 14:24-тегі мәлімет бойынша, Лондонның ICE Futures биржасында Brent маркалы мұнайдың қараша айына арналған фьючерстері $0,93-ке немесе 0,88%-ға арзандап, барреліне $104,35 болды.
Нью-Йорк тауар биржасының (NYMEX) электронды саудасында WTI мұнайының қараша айына арналған фьючерстері $0,89-ға немесе 0,96%-ға төмендеп, барреліне $91,71 болды.
Иранның сыртқы істер министрі Аббас Аракчи ирандық келіссөз жүргізушілердің Катар делдалдарымен байланыста болғанын және Тегеран ұсынған шиеленісті бәсеңдету жөніндегі ұсыныстарға АҚШ-тан жақын арада жауап алуға үміттенетінін растады, деп хабарлады «Әл-Жазира». Министрдің айтуынша, Нью-Йоркте Катардың арағайындығымен Иран мен АҚШ арасында жанама келіссөздер өткен.
АҚШ президенті Дональд Трамп та дүйсенбі күні америкалық тараптың делдалдар арқылы Иран өкілдерімен келіссөз жүргізгенін растады.
PVM сарапшысы Джон Эванстың айтуынша, АҚШ пен Иран арасындағы байланыстар туралы ақпаратта әзірге нақты мәлімет жоқ. Сондықтан қақтығыс жақын арада реттеледі деп айтуға негіз жеткіліксіз.
«Егер президент мұнай өнімдері Ормуз және Баб-эль-Мандеб бұғаздары арқылы жақын арада қайта тасымалдана бастайды деп есептесе, онда неге әлі күнге дейін дизель отынын экспорттауға тыйым салу мәселесін қарастырып отыр?» – деді ол.
Осы уақытта Kpler деректері қыркүйекте негізгі мұнай өндіруші елдердің экспорттық жеткізілімі тәулігіне 12,8 млн баррельге дейін қалпына келгенін көрсетті. Бұл – өңірде ақпан айында әскери іс-қимылдар басталғалы бергі ең жоғары көрсеткіш.
«Парсы шығанағы елдерінен мұнай экспортының артып келе жатқаны барған сайын айқын байқалады. Алайда бұл өсімнің басым бөлігі мұнайды бір кемеден екіншісіне ауыстырып тиеу сияқты айналма жолдар арқылы қамтамасыз етіліп отыр. Мұндай тәсілдер қалыпты тасымалға қарағанда тиімсіз әрі қымбат. Сондықтан мұнай бағасы әлі де жоғары деңгейде қалып отыр», – деді KCM Trade сарапшысы Тим Уотерер.




