Иерусалим. 19 тамыз. ИНТЕРФАКС – Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху АҚШ-тың арнайы өкілі Джаред Кушнермен кездесу барысында Газа секторындағы ХАМАС содырларына қарсы соққы беру құқығын сақтап қалуды талап етті. Бұл туралы The Times of Israel дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
«Премьер-министр Биньямин Нетаньяху мен АҚШ-тың арнайы өкілі Джаред Кушнердің дүйсенбі күнгі кездесуіндегі негізгі келіспеушілік Израильдің 7 қазандағы шабуылға қатысы бар деген ХАМАС содырларына қарсы Газада әскери соққыларды жалғастыру талабына байланысты болды», – деп жазады басылым кездесуге қатысқан ресми тұлғаға сілтеме жасап.
Осы айдың басында Израиль 2023 жылғы 7 қазанда елге жасалған шабуылға қатысы бар палестиналық содырларды іздеп тауып, жоюмен айналысатын арнайы топ құрылғанын растаған.
Басылымның жазуынша, бұл операция Израиль мен ХАМАС 2025 жылғы қазанда жасасқан атысты тоқтату туралы келісімнің бірнеше рет бұзылуына себеп болды деген күдік бар.
The Times of Israel бейбіт жоспар ХАМАС-ты қарусыздандырумен қатар, барлық тараптың әскери іс-қимылды толық тоқтатуын көздейтінін атап өтеді. «Алайда Нетаньяху бұл ұсынысқа қарсы шығып, Кушнермен кездесу кезінде мәселені қайта көтерді», – деді басылым дереккөзі.
Кушнер Израиль ұсынылған жоспардан бас тартқаннан кейін, 17 тамызда Нетаньяхумен кездесті. Газа секторындағы жағдайды реттеуге арналған бұл жоспарды Бейбітшілік кеңесі ұсынған болатын.
БАҚ мәліметінше, Иерусалимдегі кездесудің мақсаты Израильден жоспарға ресми түрде қол қоюды талап ету емес, тараптар келісуі мүмкін тармақтар бойынша ілгерілеу болған. Кездесуге Бейбітшілік кеңесінің жоғары өкілі Николай Младенов пен Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр де қатысқаны хабарланды.
Бұған дейін ХАМАС басшылары Мысырда Кушнермен кездесіп, Бейбітшілік кеңесі шілде айында ұсынған Газаны қарусыздандыру және әскери әлеуеттен арылту жоспарын қолдайтынын растаған. Алайда олар Нетаньяху жоспар талаптарын орындауға дайын екенін жария түрде мәлімдеген жағдайда ғана оны жүзеге асыруға кірісетінін жеткізді.Нетаньяху өз кезегінде жоспар талаптары Израильдің мүддесіне қайшы екенін мәлімдеп, Израиль әскері Газадан шығарылғанға дейін ХАМАС толық қарусыздануы тиіс деген талап қойды.
Израильдің жоспардан бас тартуы Таяу Шығыстағы бірқатар мемлекеттің сынына ұшырады. Мысыр, Иордания, Катар, БАӘ, Сауд Арабиясы және өңірдегі өзге де елдердің сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдемеде Бейбітшілік кеңесін жоспар талаптарының барлық тараптан орындалуын қамтамасыз ету үшін «шұғыл әрі нақты шаралар» қабылдауға шақырды.




