Нью-Йорк. 12 қараша. ИНТЕРФАКС – The Wall Street Journal басылымы Nvidia компаниясының бас атқарушы директоры Дженсен Хуанды қызметінен босатуға дайындалып жатқанын хабарлағаннан кейін, сәрсенбі күнгі қосымша сауда сессиясының қорытындысында Nvidia Corp. (SPB: NVDA) акцияларының бағасы 8,6%-ға төмендеді.
Осы аптаның басынан бері компания акциялары 15%-ға арзандады. Бұған чип өндірушінің Қытай барлау қызметімен байланысы бар деген күдікке ілінген қытай текті кәсіпкер әйелмен Хуанның қарым-қатынасына қатысты ішкі тексеру басталғанын жариялауы себеп болды.
Nvidia жарғысына сәйкес, директорлар кеңесі мүшелерінің басым көпшілігі қолдаған жағдайда Хуан себептерін көрсетіп те, көрсетпей де қызметінен босатылуы мүмкін. Директорлар кеңесі 11 адамнан тұрады. Хуанның өзінен басқа мүшелерінің барлығы тәуелсіз директорлар саналады.
Сәрсенбі күні кешке директорлар кеңесінің отырысы өтті. Алайда Батыс ақпарат құралдары оның қорытындысы туралы әзірге хабарлаған жоқ.
АҚШ арнайы қызметтерінің кәсіпкер Элис Хуанды (Дженсен Хуанмен тегі бірдей) Nvidia чиптерін Қытай компанияларына жеткізуге ықтимал жәрдемдесуіне байланысты тексеріп жатқаны туралы ақпарат бірқатар оқиғаға түрткі болды. Уолл-стритте Nvidia компаниясының корпоративтік басқару жүйесі мен Дженсен Хуанның әрекеттеріне қатысты сұрақтар туындады. Директорлар кеңесі сырттан заңгерлер тартып, ішкі тексеру бастады. Ал заң шығарушылар Қытайға чип экспорттауға қойылатын шектеулерді күшейтуді талап ете бастады.
Сәрсенбі күні The New York Times басылымы Хуанның некеден тыс тағы бір қарым-қатынасы болғанын хабарлады. Басылым мәліметінше, ол өзіне тікелей бағынатын басшылық құрамдағы қызметкерлердің бірімен көңіл қосқан. Компанияның бес қызметкеріне сілтеме жасаған басылым бұл адамның Nvidia компаниясының денсаулық сақтау саласындағы бизнесіне жауапты вице-президенті Кимберли Пауэлл екенін жазды.
Nvidia акцияларының шамамен 3,6%-ына иелік ететін 63 жастағы Хуанның орнын басатын нақты үміткер әзірге жоқ. Оның қызметінен кетуі нарықтық капиталдандыруы шамамен 4 трлн долларды құрайтын компанияда басшылыққа қатысты белгісіздік туғызуы мүмкін. Хуан Nvidia компаниясының негізін қалаушылардың бірі болды. Отыз жылдан астам уақыт ішінде ол компанияны әлемдегі ең ірі чип жеткізушілердің біріне айналдырды. Nvidia өндіретін чиптер жасанды интеллект саласының жаһандық қарқынмен дамуына және АҚШ пен Қытай арасындағы технологиялық бәсекеге негіз болып отыр.




