Астана. 30 қыркүйек. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Құрылтайы сәрсенбі күнгі отырыста «1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстан Республикасының қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Қазақстан Республикасының көрсетілетін қызметтер жөніндегі ерекше міндеттемелер тізбесіне енгізілетін өзгерістерді ратификациялау туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.
Құжат Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру кезінде қабылдаған көрсетілетін қызметтер жөніндегі ерекше міндеттемелер тізбесіне енгізілген өзгерістерді ратификациялауды көздейді.
Осы өзгерістерді ратификациялау арқылы Қазақстан ДСҰ-ның көрсетілетін қызметтерді ішкі реттеу қағидаларына қосылады.
«Қағидалар қызмет көрсету саласын реттеудің ортақ талаптарын белгілейді және қызмет көрсетуге қажетті рұқсаттар мен лицензияларды алу рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған», – делінген Құрылтайдың бейінді комитетінің қорытындысында.
Қағидалар өтініш беру тәртібін жеңілдету, оларды қарау мерзімдерін оңтайландыру, сондай-ақ өтініштерді электронды түрде беріп, рұқсат құжаттарын осы форматта алу жөніндегі ұсынымдарды қамтиды. Қаржылық қызметтерді ішкі реттеуге қатысты ережелер де қарастырылған.
Сонымен бірге бұл қағидалар мемлекеттің қызмет көрсету саласын реттеу құқығын шектемейді. Қазақстан лицензиялау тәртібін, біліктілік талаптарын және басқа да қажетті реттеу шараларын белгілеу өкілеттігін сақтайды. Мұндай шаралар халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін және өзге де қоғамдық мүдделерді қорғау мақсатында енгізілуі мүмкін.
Құжат Мемлекет басшысының қол қоюына жіберіледі.




