Евразия24ЖаңалықтарҚазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірыңғай кедендік транзит жүйесі...

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісімді ратификациялады

|

|

Астана. 28 мамыр. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Парламенті Сенаты бейсенбі күнгі пленарлық отырыста «Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тарап (үшінші тараптар) арасындағы бірыңғай кедендік транзит жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заңды мақұлдады.

Заң бұған дейін Мәжіліс тарапынан қабылданған болатын. Осылайша, құжат Парламент тарапынан толық қабылданды деп есептеліп, Президенттің қол қоюына жолданады.

Сенатор Бекбол Орынбасаров түсіндіргендей, ұсынылып отырған өзгерістердің негізгі мәні — бұрын шекаралардағы елеулі әкімшілік кедергі болып келген кедендік рәсімдерді терең цифрландыру және стандарттау.

«Бірыңғай транзиттік декларацияны тек электрондық құжат түрінде енгізу, электрондық декларациялауға көшу және кедендік операцияларды жүргізудің бірыңғай тәртібін белгілеу артық бюрократиялық рәсімдерді жояды», – деді ол.

Сенатор келісімде жүйені кейіннен кеңейту тетігі қарастырылғанын атап өтті. Құжаттағы «үшінші тараптар» ұғымы ЕАЭО құрамына кірмейтін мемлекеттерді, сондай-ақ ірі халықаралық ұйымдар мен интеграциялық бірлестіктерді қамтиды. Олармен бірыңғай транзит жүйесін қалыптастыру нақты тетіктер арқылы жүзеге асырылады.

«Келісімнің 3-бабына сәйкес, кез келген үшінші тарапты жүйеге қосудың негізгі шарты — Одақтың құқықтық стандарттарын қабылдауға дайын болуы. Бұл транзиттік декларация нысандарын өзара тануға, жүк операцияларының шарттарына және кеден органдары шешімдерінің өзара мойындалуына қатысты. Біз сыртқы нарықтарға бейімделіп қана қоймай, үшінші елдерге бірыңғай, тексерілген әрі қауіпсіз технологиялық стандарт ұсынып отырмыз», – деді Орынбасаров.

Оның айтуынша, құжатта заманауи технологияларды енгізуге ерекше назар аударылған. Атап айтқанда, навигациялық пломбаларды міндетті түрде пайдалану көзделеді. Бұл ЕАЭО аумағында және үшінші елдерде жүк тасымалын нақты уақыт режимінде үздіксіз бақылауға мүмкіндік беріп, қауіпсіздік пен ашықтықты қамтамасыз етеді, сондай-ақ жүктің жоғалуы немесе ауыстырылуы тәуекелдерін азайтады.

«Кеден органдары шешімдерінің өзара танылуы және процестердің автоматтандырылуы арқасында ішкі шекаралардағы физикалық тексерулер саны қысқарады. Соның нәтижесінде жүктерді рәсімдеу уақыты бірнеше сағаттан рекордтық 30 минутқа дейін азаяды», – деді депутат.

Сонымен қатар келісім қазақстандық және халықаралық бизнес үшін тікелей қаржылық әрі операциялық тиімділік береді. Құжатта кедендік баждар мен салықтарды төлеу міндеттемелерін орындаудың бірыңғай қамтамасыз ету тетігі енгізіледі және ол бүкіл транзит бағыты бойында қолданылады.

«Бұл әрбір транзиттік елде төлемдерді қайта енгізу қажеттілігін толықтай жойып, кәсіпкерлердің қаржылық жүктемесін азайтады. Маршруттарды оңтайландыру және шекаралардағы кідірістерді қысқарту логистикалық шығындарды 15–30%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса, уәкілетті экономикалық операторлар үшін арнайы жеңілдіктер енгізу жүк тасымалының жылдамдығын арттырып, уақытты үнемдеуге жағдай жасайды», – деп қосты ол.

Келісімді ратификациялау ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға ықпал етіп, Транскаспий халықаралық көлік бағыты, Жаңа Жібек жолы және «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі сияқты негізгі бағыттардың тартымдылығын арттырады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Қазақ қоғамында ажырасу неге көбейді?

«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөздің мәні бүгін бұрынғыдан да терең сезіледі. Соңғы жылдары Қазақстанда ажырасу қоғамдық мәселе ретінде жиі айтылып жүр. Бұл тек екі адамның жеке таңдауы емес, баланың тағдырына, демографияға, әлеуметтік тұрақтылыққа әсер ететін мәселе.Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы Қазақстанда 115,9 мың неке тіркеліп, 45,7 мың ажырасу рәсімделген. 2024 жылы 123,6 мың неке және 40,5 мың ажырасу болған. Бір жылда тіркелген ажырасулар саны шамамен 5,2 мыңға өскен. Ең назар аударарлығы – ажырасулардың 35 пайызы некенің алғашқы 1-4 жылында болған. Тағы 24 пайызы 5-9 жыл бірге тұрған отбасыларға тиесілі. Бұл «неге жас отбасылардың шаңырағы шайқалады?» деген сұрақты алға шығарады.

Қазақстанда Қауіпсіздік Кеңесінің Аппараты жеке мемлекеттік орган болып құрылды

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды, деп хабарлады Мемлекет басшысының баспасөз қызметі.

Исландияда ЕО-ға кіру жөніндегі келіссөздерді қайта бастау мәселесі бойынша референдум өтіп жатыр

Исландияда сенбі күні Еуропалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздерді қайта бастау мәселесі бойынша референдум басталды.

Непалдағы су тасқынынан қаза тапқандар саны 626 адамға жетті, 2,4 мың адам із-түзсіз жоғалған

Непалдағы жойқын су тасқынынан қаза тапқандар саны 626 адамға жетті, тағы 2,4 мың адам із-түзсіз жоғалғандар қатарында. Бұл туралы сенбі күні Ресейдің Непалдағы елшілігі хабарлады.