Евразия24ЖаңалықтарТакайти Жапонияның премьер-министрі қызметіне қайта сайланды

Такайти Жапонияның премьер-министрі қызметіне қайта сайланды

|

|

Токио. 18 ақпан. ИНТЕРФАКС — Жапония парламенті сәрсенбі күні басқарушы коалицияның жуырдағы кезектен тыс парламент сайлауында айқын жеңіске жетуінен кейін Санаэ Такайтиді премьер-министр лауазымына ресми түрде қайта сайлады, деп хабарлайды «Киодо».

Парламенттің арнайы сессиясы басталар алдында ел Конституциясына сәйкес Жапония үкіметі отставкаға кетті. Кейінірек Такайти жаңа министрлер кабинетінің құрамын жариялайды деп күтілуде; алдын ала мәлімет бойынша, министрлердің басым бөлігі өз қызметінде қалады. Атап айтқанда, сыртқы істер министрі Тосимицу Мотэги, қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми және қаржы министрі Сацуки Катаяма қызметтерін сақтап қалуы мүмкін.

Сондай-ақ премьер кейінірек баспасөз мәслихатын өткізіп, өзінің қаржы және салық саясатының негізгі бағыттарын түсіндіруі ықтимал.

8 ақпанда өткен мерзімінен бұрынғы сайлауда Такайти жетекшілік ететін Либерал-демократиялық партия парламенттегі орын санын 198-ден 316-ға дейін ұлғайтты, ал одақтас Инновациялар партиясы 36-дан 38 орынға дейін көбейтті. Бұл билеуші күштердің ірі жеңісі болды. Ал «Комэйто» және Конституциялық-демократиялық партия кіретін оппозициялық альянстың өкілдігі 167 орыннан 49 орынға дейін қысқарды.

Такайти қауіпсіздік мәселелері бойынша қатаң ұстанымымен танымал. Атап айтқанда, ол 1947 жылғы Жапония Конституциясының елдің милитаризмнен бас тартуын жариялайтын тоғызыншы бабын қайта қарауды қолдайды. Сайлаудан кейін Такайти Конституцияға өзгерістер енгізу жоспарлары бар екенін мәлімдегенімен, нақты тетіктерін ашып айтпады. Мұндай бастаманы жүзеге асыру үшін парламенттің екі палатасының үштен екісінің қолдауы және кейін жалпыұлттық референдум қажет. Жапон БАҚ-тың мәліметінше, ел Конституциясына 1947 жылы қабылданғаннан бері өзгерістер енгізілмеген.

Associated Press агенттігінің мәліметінше, оның алдағы негізгі міндеттері инфляцияның өсуі мен жалақының баяу өсуіне қарсы шаралар қабылдау, сондай-ақ сайлауға байланысты кейінге қалдырылған бюджетті бекіту болуы мүмкін.

Такайтидің Тайваньға қатысты мәлімдемелері бұған дейін Қытаймен қатынастардың салқындауына себеп болған. Сонымен қатар өткен желтоқсанда ол Жапонияның қорғаныс шығыстары жоспарланған 2027 жылдан бұрын-ақ ЖІӨ-нің 2%-ына жеткенін айтқан. Кейін Жапония үкіметі қорғаныс бюджетінің рекордтық көлемдегі — 58 млрд долларды құрайтын жоспарын мақұлдады. AP дерегінше, Токио атомдық суасты қайықтарын әзірлеу мүмкіндігін де қарастыруда, ал Такайти АҚШ, Ұлыбритания және Аустралиямен барлау ақпарат алмасуды күшейтуді қолдайды. Сондай-ақ ол Жапонияда тыңшылыққа қарсы шараларды күшейту ниетін білдіріп отыр.

Сонымен бірге Жапония қорғаныс шығындарын ұлғайту жөніндегі АҚШ талаптарына байланысты қысымға ұшырап отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп сайлау алдында Такайтиді қолдаған. Бұған қоса, Вашингтонмен 550 млрд доллар көлеміндегі инвестициялық келісімдер аясында Жапония әзірге АҚШ-тағы үш жобаға — Огайо штатындағы газ зауытына, Мексика шығанағындағы мұнай терминалына және синтетикалық алмаз өндіретін кәсіпорынға — 36 млрд доллар инвестиция салуға келіскен.

Такайти көші-қон мен шетелдіктерге қатысты бақылауды күшейтуді ұсынған. Оның үкіметі бұған дейін тұрақты тұруға рұқсат алу мен азаматтыққа қабылдау талаптарын қатаңдатқан. Сондай-ақ ол дәстүрлі отбасылық құндылықтарды қолдайды және Жапонияда императорлық тақты әйелдер желісі арқылы мұрагерлік ету мүмкіндігіне қарсы позиция ұстанады.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

АҚШ қор нарығына геосаяси ахуал әсер етті

Дүйсенбі күнгі саудада АҚШ қор нарығы индекстерінің қозғалысы әркелкі.

Крикет жұлдыздары түрмедегі Имран Ханға тиісті медициналық көмек көрсетуді талап етті

Крикет командаларының бұрынғы капитандары Алистер Кук, Капил Дев, Адам Гилхрист және бірқатар танымал спортшы қамауда отырған Пәкістанның бұрынғы премьер-министрі әрі экс-крикетші Имран Ханға тиісті медициналық көмек көрсетуді талап етті. Олар Пәкістан билігін оның денсаулығын толық әрі тәуелсіз тексеруге шақырды, деп хабарлайды Sky News.

Қытай әуедегі нысандарды алыстан жоюға арналған гипердыбыстық қару әзірледі

Қытай әуе нысандарына қарсы зымырандарды алып жүріп, оларды алыс қашықтықтан ұшыруға мүмкіндік беретін гипердыбыстық маневрлі жауынгерлік блок технологиясын әзірледі. Бұл туралы дереккөздерге сілтеме жасаған Bloomberg хабарлады.

Тоқаев Құрылтай сайлауына байланысты құттықтау жолдаған шетелдік әріптестеріне алғыс айтты

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір палаталы Құрылтай депутаттарының алғашқы сайлауының өтуіне байланысты құттықтау жолдаған Ресей, Қырғызстан, Әзербайжан, Өзбекстан және Тәжікстан басшыларына алғыс білдірді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.