Астана. 26 маусым. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери саладағы негізгі міндеттердің бірі – кәсіби әскери мамандарды даярлаудың тиімді жүйесін қалыптастыру екенін мәлімдеді.
«Біздің басты міндетіміз – кәсіби әскери мамандарды даярлау мен тәрбиелеудің тиімді жүйесін қалыптастыру. Қазіргі кезеңде әскери қызметшілер қоғамдық өмірдің барлық саласында үлгі болатын жан-жақты дамыған тұлға болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы жұма күні Щучинск қаласында өткен «Айбын» XII халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынына қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Қарулы күштерді кезең-кезеңімен жаңғыртып, армия мен әскери білім беру жүйесіне цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні және заманауи даярлау стандарттарын енгізіп келеді.
Сонымен қатар мемлекет алдында тәуелсіздік, егемендік, елдің аумақтық тұтастығы сияқты құндылықтарды құрметтейтін, сондай-ақ азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлайтын жастарды тәрбиелеу жөніндегі стратегиялық міндет тұрғанын атап өтті.
«Бүгін өзіміз тұрған Шоқан Уәлиханов атындағы әскери колледж осы бағыттағы табысты жұмыстың жарқын үлгісі. Биыл бұл оқу орнының құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде колледж сержанттар құрамына арналған төрт жарым мыңнан астам жоғары білікті маман даярлады. Бұл – халықаралық деңгейде жоғары бағаланған бірегей тәжірибе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
«Айбын-2026» бағдарламасына әскери-спорттық, зияткерлік, шығармашылық және әскери-қолданбалы жарыстар енгізілген. Биылғы жиынға Қазақстанның бірнеше өңірінен, сондай-ақ Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келген 50-ден астам команда қатысып жатыр.




