Минск. 23 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Польша Сыртқы істер министрі Радослав Сикорский Нью-Йоркте Беларусь СІМ басшысы Максим Рыженковпен келіссөзден кейін Варшаваның Беларусьпен қарым-қатынасты жақсартуға дайын екенін мәлімдеді.
«Бұл – бір-біріміздің ұстанымымызды білуге арналған алғашқы кездесу. Дегенмен басқа министрліктердің өкілдері арасында және өзге деңгейлерде де кездесулер өтіп жатыр. Жақын арада Минскіде елшілігіміздің жаңа ғимаратын ашамыз. Көрші ел қарым-қатынасты қайта жандандырып, жақсартуға ниет білдірсе, Польша әрдайым келісімге келуге дайын», – деді Сикорский RMF24 радиостанциясына берген сұхбатында.
Беларусьпен қарым-қатынас қалыпқа келе бастады деуге бола ма деген сұраққа Польша СІМ басшысы: «Бұл – күн райы қолайлы болса, бүр жарып шығатын бәйшешек секілді», – деп жауап берді.
Сикорский бұл кездесудің өзін «бетбұрыс» деп атады.
«Екі ел арасында мұндай деңгейдегі байланыс, шамасы, 2016 жылдан бері болмаған», – деді ол.
«Қазір шекарадағы жағдай бұрынғыға қарағанда тұрақталды. Әрине, бұған кейінгі үкіметтердің шекара қоршауын күшейтуге қаржы бөлуі де ықпал етті. Сонымен қатар саяси тұтқындар, оның ішінде Анджей Почобут та босатылды», – деді Польша СІМ басшысы.
Оның айтуынша, осы өзгерістер екі көрші елге қарым-қатынасты тұрақтандыру бағытында нақты қадамдар жасауға көбірек мүмкіндік беріп отыр.
Бұған дейін Беларусь СІМ екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясы аясындағы жоғары деңгейлі сегментте кездескенін хабарлады.
Беларусь СІМ мәліметінше, Радослав Сикорскиймен кездесуде Беларусь пен Польша арасындағы қарым-қатынастың қазіргі жағдайы және оны екі ел халқының мүддесіне сай одан әрі дамыту жолдары талқыланды. Тараптар өңірдегі ахуал жөнінде де пікір алмасты.




