Токио. 29 қыркүйек. ИНТЕРФАКС – Жапонияның қорғаныс министрі Синдзиро Коидзуми әскерилер америкалық Typhon жерүсті зымыран ұшыру қондырғысын елдің оңтүстік-батысындағы Кюсю аралынан Окинаваға ауыстыратынын мәлімдеді, деп хабарлады сейсенбі күні «Киодо» агенттігі.
Агенттіктің мәліметінше, Typhon Кагосима префектурасындағы Теңіз өзін-өзі қорғау күштерінің «Каноя» базасында уақытша орналастырылған. Қондырғы маусым-шілде айларындағы көпжақты әскери жаттығуларға, сондай-ақ қыркүйекте Жапония, АҚШ және Австралия өткізген бірлескен оқу-жаттығуға пайдаланылды. Қытай мен Ресей Typhon жүйесінің Жапонияда орналастырылуын сынға алған.
«Қорғаныс министрлігі Окинаваның стратегиялық маңызын ескере отырып, жоғары мобильді бұл жүйені “Кадена” әуе базасына орналастыру АҚШ-тың оны қысқа мерзімде басқа жерге ауыстырып, жедел орналастыру мүмкіндігін тиімдірек көрсетуге мүмкіндік береді деп есептейді», – деді Коидзуми.
Ол Typhon жүйесінің базада тұрақты орналастырылмайтынын атап өтті. Министрдің айтуынша, бұл Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштеріне АҚШ әскерімен бірлескен дайындықты тиімдірек жүргізуге мүмкіндік береді.
Алайда «Киодо» мәліметінше, Окинава тұрғындары бұл шешімге наразылық білдіріп үлгерген. Өйткені АҚШ-тың бірқатар әскери базасы орналасқан өңірге түсетін салмақ онсыз да жоғары.
Агенттік Typhon қондырғысынан Tomahawk қанатты зымырандарын, сондай-ақ HIMARS дүркіндете ататын реактивті жүйелеріне арналған оқ-дәрілерді ұшыруға болатынын еске салды.
1 қыркүйекте Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова Мәскеудің 8–24 қыркүйек аралығына жоспарланған Жапония, АҚШ және Австралияның Orient Shield әскери жаттығуларына байланысты Жапонияның Мәскеудегі елшілігіне наразылық білдіргенін мәлімдеді. Ресей тарапы сондай-ақ жауап шараларын қабылдауы мүмкін екенін ескерткен.
«Осы жаттығулар аясында орта және қысқа қашықтықтағы зымырандарды ұшыруға арналған америкалық Typhon жерүсті кешендерін пайдалану жоспарланып отырғаны туралы ақпаратқа да назар аударылды. Жапония аумағында мұндай қаруды, соның ішінде әскери жаттығу деген желеумен орналастыру Ресейдің қауіпсіздігіне қатер төндіретіндіктен, оған мүлде жол беруге болмайтыны елшілікке нақты жеткізілді. Мәскеу ұлттық қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін жауап шараларын қабылдайтыны ескертілді», – деді Захарова.




