Алдымен атап өтерлік жайт, біз отандастарымыздың салауатты өмір салтын қолдаймыз және отандық темекі өнімдерін өндірушілер ірі салық төлеушілер қатарына жатса да, олардың мүддесін қорғауды мақсат тұтпаймыз. Алайда Қазақстанда темекі шегушілер саны өте көп: нақтырақ айтсақ, 15 жастан асқан әрбір алтыншы азамат темекі шегеді. Денсаулыққа келетін зиянды еселей түспеу үшін бұл азаматтардың заңды әрі сертификатталған өнімдерді тұтынуына кепілдік берілуі тиіс. Дегенмен, Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАО) аумағында темекі өнімдерін таңбалау жүйесі сонау 2018–2019 жылдары енгізілгеніне қарамастан, контрабандалық тауар айналымы заңды нарық көлемінің 10%-дан астамын құрап отыр. Жасырын өндірілген мұндай өнімдердің құрамындағы диоксиндердің мөлшері нормадан тым жоғары, бұл іс жүзінде адам ағзасына аса қауіпті уытты заттардың Қазақстан дүкендерінде еркін саудаланып жатқанын көрсетеді.
ЗЕРТХАНАЛЫҚ ҚОРЫТЫНДЫ
Жақында Алматы қаласында адам денсаулығына төнетін қауіп-қатер факторларының зиянын азайту жөніндегі «Денсаулық» ұлттық қауымдастығы қазақстандық нарықта еркін саудаланып жатқан заңсыз темекі өнімдеріне қатысты жүргізілген тәуелсіз зертханалық сараптаманың маңызды қорытындыларын көпшілік назарына ұсынды.
Бүкілресейлік темекі, махорка және темекі өнімдері ғылыми-зерттеу институты (ФГБНУ ВНИИТТИ) базасында жүргізілген сараптама өнімдердің құрылымдық кемшіліктерін, қолдан жасалғанын айғақтайтын өрескел белгілерді және азаматтардың денсаулығына төнетін елеулі қауіп-қатерлерді анықтады. Зерттеу барысында контрабандалық Oris және Zumerret маркалары тексеріліп, олардың құрамындағы хлор мөлшері белгіленген нормадан екі есе артық екені, сондай-ақ сүзгілердегі ауа алмасу саңылауларының бітеліп қалғаны белгілі болды. Бұл нәтижелер контрабандалық темекі өнімдері тек акциздік салық салынбағандықтан ғана арзан тұрады деген тұтынушылар арасындағы қалыптасқан жаңсақ түсінікті толықтай теріске шығарды.
Oris маркалы темекінің шикізаттық қоспасындағы хлор мөлшері 1,5%-ды құрайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, ресми тіркелген сертификатты тауарларда бұл көрсеткіш жіті қадағаланады және оның деңгейі 0,7%-дан аспауға тиіс.
Дәрігер әрі „Денсаулық“ қауымдастығы төрағасының орынбасары Гинтаутас Кентра хлордың шамадан тыс көп болуы жану химиясын түбегейлі өзгертетінін түсіндірді. Темекіні тартқан кезде құрамында хлоры бар қосылыстардың термиялық ыдырауы салдарынан жоғары уытты ұшпа заттар, соның ішінде хлорлы сутек пен диоксиндер түзіледі. Ал бұл заттар — ағзаға жинақталып, улау әсеріне ие ең қауіпті канцерогендер болып табылады.
Zumerret темекі өнімдерін тексеру барысында сарапшылар өзге де қауіпті кемшілікті анықтады: сүзгілердегі ауа алмасу саңылауларының қолдан бітеліп тасталғаны белгілі болды. Соның салдарынан желдету деңгейі 4%-дан 34%-ға дейін құбылып отырған. Бұл темекі сүзгісі өзінің технологиялық міндетін атқармайтынын және темекі шегуші әр тартқан сайын улы шайырлардың, никотин мен иісті газдың мөлшерден тыс, қауіпті дозасын қабылдайтынын білдіреді.
«Пациент заңды өнімді тұтынған кезде, медициналық қауымдастық оның өкпе мен жүрек-қан тамырлары жүйесіне тигізетін зиянды әсерінің деңгейін алдын ала болжай алады. Ал шығу тегі белгісіз контрабандалық өнімдерге қатысты мұндай болжам жасау мүмкін емес. Тұтынушы сырттай үйреншікті көрінетін тауарды сатып алғанымен, іс жүзінде өзі байқамай өз денсаулығына қауіпті әрі салдары белгісіз тәжірибе жасаушыға айналады», — деп атап өтті «Денсаулық» заңды тұлғалар бірлестігінің (ЗТБ) төрағасы Талғат Нұрғожин.
Жағдайды қиындатып отырған тағы бір жайт — тексерілген екі үлгінің де құрамынан заңсыз хош иістендіргіштердің ізі табылды. Өндірушілер бұл заттарды шикізаттың тым төмен сапасын, көгеру белгілерін және темекі қалдықтарын жасыру үшін пайдаланады. Бұл хош иісті қоспалардың қауіпсіздігі, шығу тегі және химиялық формуласы ешбір құжатта көрсетілмейді.
Заңгер әрі Қазақстан Тұтынушылар лигасының президенті Светлана Романовская аталған үлгілер Кеден одағының «Темекі өнімдеріне арналған техникалық регламент» (ТР ТС 035/2014) талаптарын толықтай бұзып тұрғанын ескертті. Темекі қораптарында міндетті графикалық ескертулер, өндірілген күні, нақты өндіруші туралы мәліметтер және ЕАО сәйкестік белгісі жоқ. Егер бұған дейін Алматы нарықтарындағы бөлшек саудагерлер өздерінің хабарсыздығын сылтау етіп келген болса, зертханалық деректер ресми жарияланған соң мұндай тауарларды айналымға енгізу — тұтынушыларды әдейі жаңылыстыруға сыбайластық ретінде бағаланады.
САЛЫҚ ҚЫСПАҒЫ
Біз заңсыз темекі нарығының (мәселен, дәрі-дәрмек немесе алкоголь нарығы сияқты кез келген басқа сала секілді) заңды нарықтағы ойын ережелерінің өзгеруінен туындайтын салдар екенін түсінеміз. Қазақстан ұлт саулығына деген қамқорлықты және акциздерді көтерудің жалпыәлемдік үрдісін негізге ала отырып, темекі индустриясына түсетін фискалдық жүктемені жоспарлы түрде арттырып келеді. Мемлекеттің ұстанған логикасы қарапайым: халықты темекі шегуден бас тартуға мәжбүрлеу үшін өнім құнын қымбаттату. Дегенмен, экономикалық шынайылық теориялық үлгілерге қарағанда әлдеқайда күрделі болып шықты.
Қазақстандықтар күн сайын шамамен 12 миллион дана темекі шегеді, ал темекі тартатын халықтың жалпы үлесі тұрақты түрде 17,5%-ды құрап отыр. Никотинге тәуелділік — бұл физиологиялық тұрғыдан өте күшті фактор. Сондықтан салықтардың өсуіне байланысты заңды өнімнің бағасы психологиялық шектен асқан кезде, табысы төмен және орташа тұтынушылар зиянды әдеттен бірден бас тартпайды, керісінше, оның арзанырақ баламасын іздей бастайды. Ондай баламаны көлеңкелі нарық сұранысқа сай демде ұсына қояды.
NielsenIQ аналитикалық агенттігінің деректеріне сәйкес (Empty Packs Survey зерттеуі), Қазақстандағы заңсыз темекі өнімдерінің үлесі қарқынды әрі жүйелі түрде өсіп отырған. Егер 2020 жылы көлеңкелі сектор нарықтың мардымсыз 1,4%-ын ғана құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 6,3%-ға дейін көтеріліп, 2023 жылы 9,5%-ға жеткен, ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша 10,4% деңгейінде тұрақталды. Бұл жағдай қысқа мерзімді ауытқу емес, тұрақты әрі ұзақ мерзімді үрдісті сипаттайды.
Алматы базарларында заңсыз темекі қорабы 450–550 теңге аралығында еркін саудалануда, ал заңды өнімдердің бағасы дәл осы салықтық үстемеге байланысты бір жарым-екі есе қымбат тұрады.
Қазақстанның адал өндірушілер, импорттаушылар мен алкоголь және темекі өнімдерін сатушылар қауымдастығының президенті Әміржан Қалиев 2026 жылдың көктемінде БАҚ беттерінде берген сұхбатында контрабанданың басты қозғаушы күші — Қазақстан мен көршілес елдер арасындағы айтарлықтай баға және салық алшақтығы екенін атап өткен болатын.
Контрафактілік өнімнің қолдан жасалған арзандығы кедейленген темекі шегуші үшін тартымды болғанымен, бұл арзандық толықтай акциздерді, ҚҚС (қосылған құн салығын) және кедендік алымдарды төлеуден мүлдем жалтаруға негізделген.
Нәтижесінде тығырыққа тірелген тұйық шеңбер пайда болды: мемлекет акциздерді көтереді — заңды тауар қымбаттайды — тұтынушылар көлеңкелі нарыққа ауысады — заңды нарық көлемі тоқырайды, ал қазына кірістен айырылады — шенеуніктер бюджет тапшылығының орнын толтыру үшін салықты тағы да өсіруге тырысады. Осылайша, біздің ойымызша, халықтың нақты сатып алу қабілетін ескермей, батыстың фискалдық тәжірибесін соқыр көшіру кері нәтижеге алып келді. Ұлттың саулығы артқан жоқ, керісінше, азаматтар контрабандалық қораптардан бақылаусыз хлор мен диоксиндерді жұта бастады. Әрине, бәрі емес, зауыттан шыққан 1000–1200 теңгелік темекіні сатып алуға қалтасы көтермейтіндер ғана. Міне, дәл осы топ темекінің «қолдан жасалған өнімдеріне» деген сұранысты ынталандырып отыр.
ШЕКАРАДАҒЫ ШИЕЛЕНІС
Темекі «дағдарысының» ең өзекті мәселелерінің бірі — логистика. Өйткені жасырын темекі өнімдері Қазақстан даласында өндірілмейді, олар шетелден миллиондаған партиямен әкелінеді.
2025 жылдың желтоқсанында Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекеттік органдарының, Еуразиялық экономикалық комиссияның және ресми темекі өндірушілердің өкілдері контрабанда мәселесін талқылады.
Сол кезде темекі индустриясының заңсыз саудаға қарсы іс-қимыл жөніндегі өкілі Қазақстандағы контрабанданың 85%-ға жуығы, ал көршілес Қырғызстанда 75%-ы Таяу Шығыстан келетінін айтқан болатын. Бұл өнімдер БАӘ-нің Джебель-Али арнайы экономикалық аймағында толықтай заңды түрде шығарылып, ресми құжаттармен экспортқа жөнелтіледі. Алайда, Иран, Ауғанстан және Тәжікстанның транзиттік тораптары арқылы Орталық Азия өңіріне қарай бет алған жолда бұл тауардың «тоны теріс айналып», жалған жүкқұжаттар рәсімделеді де, таза контрабандаға айналып шыға келеді.
«Ең басты түйткіл — тауар ЕАЭО аумағына бір рет кіргеннен кейін, мүше мемлекеттер арасында еш кедергісіз тасымалдана береді. Біздің статистика көрсеткендей, Қырғызстан бұл жерде „оңай олжаға“ (әлсіз тұсқа) айналып отыр. Заңсыз өнімдердің Иран, Түрікменстан және Өзбекстан нарықтары арқылы Қырғызстанға өтетін өзіндік сызбалары (схемалары) қалыптасқан. Одан әрі тауар осы республикадан басқа елдерге жөнелтіледі. Ал өнім Одаққа мүше кез келген елдің ішкі нарығына еніп кетсе, бұл контрабанданы тауып, тұсаулау мүмкін емес. Сондықтан біз бұл мәселені Одақтың сыртқы шекарасында шешуіміз керек», — деп атап өтті «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Тимур Жаркенов.
ЕАЭО-ның бейінді комиссиялары мен министрліктердің бағалауынша, темекі акциздерінің толық жиналмауынан Қазақстан бюджетінің жыл сайынғы тікелей шығыны 36–40 миллиард теңгеден асады. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы бұл шығын 32 миллиард теңгеге бағаланған болатын, бұл жағдайдың нашарлай түскенін анық көрсетеді.
Мемлекеттік кірістер жүйесі бұл жағдайға барынша тосқауыл қоюға тырысуда. 2022-2024 жылдар аралығында Қазақстанда заңсыз айналымнан құны 25,2 миллиард теңгеден асатын 34,8 миллион қорап заңсыз темекі өнімдері тәркіленді. Бұл — тек қолға түсіп, мемлекет пайдасына алынған тауарлар ғана. Ал бақылаушы органдардың назарынан тыс қалып, нарыққа өтіп кеткен „қолдан жасалған“ өнімдердің нақты көлемін елестетудің өзі қиын.
Әрине, соңында барлық кінәні темекі шегушілерге ысыра салуға болады, өйткені солардың кесірінен темекі контрабандасы бұдан 8 жыл бұрын енгізілген таңбалауға да, дүкендер мен базарлардағы рейдтерге де төтеп беріп, өміршеңдігін дәлелдеді. Бірақ бәрін бірдей салауатты өмір салтын ұстанушы болуға мәжбүрлеу мүмкін емес, сондықтан темекі индустриясы ең табысты салалардың бірі болып қала бермек. Ал үлкен ақша жүрген жерде, тез арада пайда табуды ғана көздейтін балама ұсыныстардың да көп болатыны заңдылық.




