«Ауыл» партиясының хабарлауынша, 2026 жылы 6 шілдеде Астанада партияның кезектен тыс XXVI съезі өтіп, алдағы саяси кезеңдегі қызметінің негізгі бағыттарын айқындайтын маңызды шешімдер қабылданды. Хабарламада 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының күшіне енуі қолға алынған саяси өзгерістерді жүзеге асырудағы маңызды белес болғаны және азаматтар мен саяси партиялардың ел дамуына белсенді қатысуына жаңа мүмкіндік ашқаны атап өтіледі. Осы тұрғыдан алғанда, «Ауыл» партиясының кезектен тыс XXVI съезі жаңа саяси кезеңдегі партияның басым бағыттарын айқындап, азаматтардың қоғамдық-саяси үдерістерге қатысу аясын кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды. Съезде Құрылтай депутаттығына ұсынылған үміткерлер тізімі де жарияланды. Жалпы саны – 69 адам. Олардың 71%-ы ерлер, 29%-ы әйелдер. Кандидаттардың қатарында мүгедектігі бар 6 азамат бар, бұл жалпы құрамның 8,7%-ын құрайды. Үміткерлердің басым бөлігі – 35 пен 55 жас аралығындағы азаматтар, олардың үлесі 56,5%. Ал 25–35 жас аралығындағы кандидаттардың үлесі 14,5%-ды құрады. Съезд делегаттары алдында сөз сөйлеген «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов қабылданған шешімдер партияның алдағы жұмысының негізіне айналып, жаңа саяси кезеңдегі басым міндеттерін айқындайтынын айтты.
Еуразия24 пікірі:
Құрылтай сайлауына үміткерлерді ұсынған өзге партиялардағыдай, «Ауыл» партиясы да бұрыннан белгілі саясаткерлерге басымдық берді. Бұған дейін де жазғанымыздай, партия үміткерлер тізіміне VIII сайланған Мәжілістің қазіргі депутаттары Серік Егізбаевты, Қарақат Әбденді, Николай Арсютинді, Жигули Дайрабаевты және Ерболат Саурықовты енгізді. Сонымен қатар партия төрағасы Қайрат Айтуғанов пен оның орынбасары Шахмардан Байманов та үміткерлер қатарынан орын алды. Партияның сайлаудағы әлеуетін күшейтуі мүмкін үміткерлер қатарында Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті төрағасының орынбасары Мұрат Іргебаев, Шығыс Қазақстан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Ажар Қажібекова, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының директоры Алмас Мұхаметов, Ұлттық биотехнология орталығының қызметкері Владимир Киян, А. И. Бараев атындағы Астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығының басшысы Тимур Савин және басқа да үміткерлер бар. 2000 жылы құрылған «Ауыл» партиясы Парламентке алғаш рет 2023 жылы өтті. Сондықтан Құрылтай сайлауы сәтті аяқталса, бұл партия тарихындағы екінші ірі электоралдық жетістік болмақ.




