Ақорданың хабарлауынша, Мемлекет басшысы Euronews директорлар кеңесінің төрағасы Педро Варгас Давидті қабылдады. Кездесу барысында әлемдегі жетекші ақпараттық телеарналардың бірімен ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктері талқыланды. Президент Euronews халықаралық медиа кеңістігінде оқиғаларды бейтарап жариялап, аудиторияға сенімді ақпарат ұсынатын беделді ақпарат құралы ретінде ерекше орын алатынын атап өтті. Мемлекет басшысы 2024 жылы Астанада өңірлік кеңсесі ашылғаннан бері Euronews Қазақстан мен Орталық Азиядағы саяси, экономикалық және мәдени оқиғаларды кеңірек жариялай бастағанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев Euronews арнасының қазақ тілінде хабар тарата бастағанын құптап, мұны өзара тиімді ынтымақтастықтың жарқын көрінісі деп бағалады. Өз кезегінде Педро Варгас Давидтің айтуынша, қазақ тілі Euronews медиажелісіндегі Орталық Азия халықтарының тілдері арасында алғашқысы болады.
Еуразия24 пікірі:
Бұл – кездейсоқ құбылыс емес, қалыптасып келе жатқан үрдіс. Қазақстанда шетелдік аудиторияға бағытталған көптеген халықаралық ақпарат құралдары жұмыс істейді.
Олардың басым бөлігі қызметін орыс тілінде бастағанымен, уақыт өте келе мемлекеттік тілде де хабар тарата бастады. Бұл жай ғана тағы бір тілдік нұсқаның іске қосылуы емес. Бұл – Қазақстанда қызмет ететін кез келген халықаралық медиа жоба үшін қазақ тілінде сөйлейтін аудиторияның маңызын мойындаудың айқын көрінісі.
Қазақстанның көпвекторлы ақпараттық кеңістігі бұл бағытта да көрініс табуда. Euronews үшін қазақ тілі Орталық Азия халықтарының тілдері арасындағы алғашқы тіл болмақ. Алайда бүгінде қазақ тілінде BBC News Қазақ, Азаттық (Азат Еуропа/Азаттық радиосының қазақ қызметі), Америка дауысы (VOA Kazakh) және TRT Қазақша тұрақты түрде хабар таратып немесе материалдар жариялап келеді.
Сонымен қатар Қазақстанның ақпараттық кеңістігінде «Россия сегодня» медиахолдингінің құрамындағы Sputnik халықаралық ақпарат агенттігі мен мемлекетаралық «Мир» телерадио компаниясы да жұмыс істейді.
Ақпараттық кеңістіктегі мұндай бәсекелестік, түптеп келгенде, қазақ тілінің халықаралық медиа кеңістіктегі орны мен ықпалын күшейтуге ықпал етеді.




