Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) тәуекелге бағдарланған мінез-құлықтық қадағалау мен қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың жаңа жүйесін іске қосатын ауқымды заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілер пакетін бекітті. Бұл өзгерістер қаржы ұйымдарын тек формальды талаптардың орындалуы тұрғысынан бақылаудан бас тартып, азаматтарды қаржы өнімдерінің бүкіл өмірлік циклі бойында алдын ала қорғауға бағытталған жаңа тәсілге көшуді көздейді. 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап толық күшіне енетін жаңа талаптар банк секторының жұмыс қағидаттарын түбегейлі өзгертуді мақсат етеді. Мұндай қадам халықтың қарыз жүктемесі тарихи ең жоғары деңгейге жеткен кезеңде қабылданып отыр. Ел тарихында алғаш рет жеке тұлғалардың берешегі нақты экономика секторына берілген кредиттердің жалпы көлемінен 1,5 есе асып түсті.
Қарыз жүктемесінің өсу себептері
Соңғы жылдардағы статистика мемлекеттің бөлшек несиелеу нарығына араласуының не себепті қажет болғанын айқын көрсетеді. 2026 жылдың ортасына қарай халыққа берілген несиелердің жиынтық көлемі 25,8 трлн теңгеге жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Берешек құрылымында ең үлкен үлесті тәуекелі жоғары әрі қымбат саналатын кепілсіз тұтынушылық несиелер алып отыр. Олардың жиынтық көлемі 17,3 трлн теңгеден асты. Салыстырмалы түрде алғанда, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша бизнеске берілген несиелердің жалпы көлемі небәрі шамамен 16,1 трлн теңгені құрады.
Банктердің нақты өндірісті қаржыландырудан гөрі табыстылығы жоғары тұтынушылық несиелеуге басымдық беруі экономиканың құрылымдық теңгерімсіздігін күшейтіп, макроэкономикалық тәуекелдердің артуына алып келеді.
Тұтынушылық несиелеудің қарқынды өсуіне халықтың нақты табысы мен инфляциялық қысым арасындағы теңгерімсіздік те әсер етті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша жан басына шаққандағы орташа жылдық табыс шамамен 1,5 млн теңгені, ал орташа жылдық шығыс 1,3 млн теңгені құрады . Соның салдарынан көптеген қазақстандықтардың күтпеген шығындарға жұмсайтын қаржылық қоры болмады.
Инфляцияның жоғары деңгейі халықты қолма-қол қаражат тапшылығын «жалақыға дейінгі» жедел несиелер мен бөліп төлеу арқылы өтейтін жағдайға жеткізді.
Экономикалық белсенді халықтың борыштық жүктемесі соншалықты артты, нәтижесінде осы санаттағы азаматтардың 90 пайыздан астамының банктер немесе микроқаржы ұйымдары алдында берешегі қалыптасты. 2021–2024 жылдары кепілсіз несиелер портфелі жыл сайын 32 пайыздан астам қарқынмен өсті. Мұндай үрдіс қатаң реттеуші тетіктер енгізілмеген жағдайда ауқымды әлеуметтік дағдарысқа және қарыз алушылардың жаппай төлем қабілетсіздігіне ұласу қаупін күшейтті.
Қаржы нарығын реттеудегі жаңа тәсіл
ҚНРДА қабылдаған жаңа шаралар топтамасының басты жаңалығы – тәуекелдердің салдарымен күресуден оларды алдын ала болдырмауға көшу.
Агенттік төрағасының бірінші орынбасары Тимур Әбілқасымовтың айтуынша, реттеушінің негізгі мақсаты – клиенттердің салғырттығына, қаржылық сауатының төмендігіне немесе тығырыққа тірелген жағдайына негізделген бизнес-модельдердің жолын кесу.
Мінез-құлықтық қадағалаудың жаңа жүйесі қаржы ұйымдарына, яғни банктер мен микроқаржы ұйымдарына қаржы өнімінің бүкіл өмірлік циклі бойында қатаң талаптар қояды:
- Жасырын түрде қосымша қызметтерді таңуға және алдын ала белгіленген келісім белгілеріне тыйым салынады. Қаржы ұйымдарының цифрлық сервистерінде клиенттің келісімі алдын ала белгіленбеуге тиіс. Сондай-ақ несие сомасына жазылым, сервистік қызмет немесе сақтандыру сияқты қосымша қызметтердің құны автоматты түрде енгізілмейді.
- Сақтандыру компаниясын еркін таңдау құқығы беріледі. Егер несие алу үшін сақтандыру қажет болса, қарыз алушы сақтандыру компаниясын өзі таңдай алады. Несие беруші белгілі бір сақтандыру ұйымын міндеттей алмайды. Ал клиенттің дайын таңдауы болмаса, банк несие шарттарын өзгертпей бірнеше балама нұсқаны ұсынуға міндетті.
- «Ойлану мерзімі» енгізіледі. Қарыз алушы 14 күн ішінде өзіне ұсынылған сақтандыру полисінен бас тартуға құқылы. Бұл жағдайда нақты пайдаланылған кезеңнің құны мен 10 пайыздан аспайтын ең төменгі шығындарды шегергеннен кейін сақтандыру сыйлықақысы қайтарылады.
- Несие менеджерлерінің агрессивті KPI жүйесі қайта қаралады. ҚНРДА бөлімшелерде қосымша қызметтерді таңуға түрткі болатын негізгі себептердің бірін – қызметкерлерді тек сату көлеміне қарай көтермелеу жүйесін жояды. Енді банк пен микроқаржы ұйымдары қызметкерлерінің сыйақысы көрсетілген қызмет сапасын, айла-шарғының болмауын, шарттардың ашықтығын және клиенттердің шағымдарына қатысты көрсеткіштерді кешенді түрде ескере отырып есептелуге тиіс.
Реттеуші сондай-ақ адал қызмет көрсету қағидаттары мен жауапты несие беру талаптарын сақтау жөніндегі егжей-тегжейлі нұсқаулық әзірледі. Құжатта қаржы ұйымдары қолдана алатын және жол берілмейтін тәжірибелер нақты ажыратылған.
Мәселен, смартфон сатып алу немесе демалысқа жолдама рәсімдеу үшін бірнеше жылға несие беру қарыз алушының қаржылық тұрақтылығына нұқсан келтіретін негізсіз несиелік ынталандыру ретінде бағаланатын болады.
Қарыз жүктемесін шектеу тетіктері
Мінез-құлықтық қадағалау жүйесімен қатар ҚНРДА шамадан тыс қызған несие нарығын тұрақтандыруға және «борыштық тұйық шеңбердің» қалыптасуына жол бермеуге бағытталған макропруденциялық әрі заңнамалық шаралар кешенін іске асырды.
2024–2026 жылдарға арналған реформалар топтамасы аясында бірнеше маңызды шешім қабылданды.
Ең алдымен, несиелердің шекті құны төмендетілді. Кепілсіз тұтынушылық несиелер бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің (ЖТСМ) ең жоғары шегі 56%-дан 46%-ға дейін, ал кепілмен берілетін несиелер бойынша 40%-дан 35%-ға дейін қысқартылды.
ЖТСМ құрамына барлық комиссиялар мен қосымша төлемдер кіретіндіктен, бұл өзгеріс қарыз алушының жалпы артық төлем көлемін жүйелі түрде азайтуға мүмкіндік береді.
Екіншіден, несиелердің ең жоғары сомасы мен мерзіміне қатысты шектеулер белгіленді. Заңнамаға сәйкес, кепілсіз несиенің ең жоғары мөлшері банктер үшін – 9,5 млн теңге, ал микроқаржы ұйымдары үшін – 4,8 млн теңге болып бекітілді. Сонымен қатар кепілсіз несиенің ең ұзақ мерзімі бес жылмен шектелді. Бұл қарыз алушының ай сайынғы төлемін жасанды түрде азайту мақсатында өтелуі қиын қарызды шамадан тыс ұзақ мерзімге бөлудің алдын алуға мүмкіндік береді.
Үшіншіден, төлем қабілетінде қиындықтары бар қарыз алушыларға жаңа несие беруге тыйым салынды. 2025 жылдан бастап банктерге банк несиелері бойынша 30 күннен астам, ал микрокредиттер бойынша бір күннің өзінде мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға жаңа тұтынушылық несие рәсімдеуге болмайды. Бұдан бөлек, соңғы үш жыл ішінде қарызы есептен шығарылған немесе формалды қайта құрылымдау рәсімінен өткен тұлғаларға да қайтадан несие беруге тыйым енгізілді.
Төртіншіден, банктердің капиталына қойылатын талаптар күшейтілді. Сомасы 2 млн теңгеден асатын және мерзімі 3 жылдан 5 жылға дейінгі кепілсіз несиелер бойынша тәуекелді өлшеу коэффициенті 150%-дан 350%-ға дейін ұлғайтылды. Соның нәтижесінде банктер тәуекелі жоғары несиелер үшін бұрынғыдан әлдеқайда көп көлемде меншікті капитал резервтеуге міндеттелді.
Берешек мәселесін шешудің жаңа тәсілдері
ҚНРДА жүргізіп отырған реформалардың үшінші маңызды бағыты – проблемалық берешекпен жұмыс істеу жүйесін жаңғырту. Бұл ретте мемлекеттің басты мақсаты – қарыз алушының төлем қабілетін барынша сақтап, оның әлеуметтік тұрғыдан оңалуына жағдай жасау.
Заңға сәйкес, проблемалық тұтынушылық несиелерді коллекторлық агенттіктерге беруге енгізілген мораторий 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылды. Енді банктер мен микроқаржы ұйымдары берешекті үшінші тұлғаларға өткізудің орнына, қарыз алушымен өздері жұмыс жүргізуге, яғни берешекті қайта құрылымдауға, төлем мерзімін кейінге қалдыруға немесе борыштық жүктемені жеңілдетуге міндетті.
Мораторийдің нәтижесінде коллекторлық агенттіктердің қарауындағы борышкерлер саны 61%-ға азайып, 877 мыңнан 341 мың адамға дейін төмендеді.
Тек 2025 жылдың өзінде қаржы ұйымдары азаматтардың 814,3 млрд теңге көлеміндегі берешегін реттеді. Оның ішінде 740,4 млрд теңге қайта құрылымдалып, әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың 73,8 млрд теңге қарызы толық есептен шығарылды.
«Бір терезе» қағидаты мен қаржы омбудсменінің рөлі
2026 жылғы 1 шілдеден бастап берешекті ұжымдық негізде реттеу тетігі іске қосылды. Енді қарыз алушының бірнеше банк, микроқаржы ұйымы немесе коллекторлық агенттік алдында берешегі болса, әрбір кредитормен жеке-жеке келіссөз жүргізудің қажеті жоқ.
Сонымен қатар қаржы нарығына қатысушылардың жарналары есебінен қаржыландырылатын қаржы омбудсменінің қызметіне бірыңғай талаптар енгізілді. Қаржы қызметтерін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілдің шешімдері банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктер үшін міндетті күшке ие болып, сотқа жүгінбей-ақ дауларды шешудің тиімді тетігі қалыптасты.
Бұл реформалардың ауқымы бұрын-соңды болмаған деңгейде деуге болады. Мұндай өзгерістер көптеген азаматтың қаржылық қиындыққа ұшырауының алдын алуға ықпал етуі мүмкін.
Дегенмен, бұл реформалардың екінші қыры да бар. Ұзақ жылдар бойы қолжетімді тұтынушылық несиелер мен микрокредиттер өзіндік «әлеуметтік буфер» қызметін атқарып келді. Халықтың нақты табысы бағаның өсуіне ілесе алмаған жағдайда, жедел несиелер азаматтарға жалақыға дейін күн көруге, шұғыл емделуге немесе балаларын мектепке дайындауға мүмкіндік беретін.
Енді мұндай қаржыландыруға қойылатын талаптардың қатаңдатылуы тұрақсыз табысы немесе теріс кредиттік тарихы бар миллиондаған азаматтың заңды несие алу мүмкіндігін шектеді. Бұл көптеген қазақстандық отбасы үшін үйреншікті қаржылық тәртіпті қайта қарауды талап ететін елеулі өзгеріс болуы ықтимал. Сонымен қатар мұндай жағдайда заңсыз әрі реттелмейтін несие нарығына сұраныстың арту қаупі де жоқ емес. Ал сұраныс бар жерде ұсыныстың да пайда болатыны белгілі.
Сонымен бірге мемлекет рұқсат берген тетіктер арқылы отбасылық бюджеттегі тапшылықты жоғары пайыздық мөлшерлемемен алынатын жаңа несиелер есебінен шексіз жабу мүмкіндігінің шектелуі көптеген отбасының біртіндеп борыш тұзағына түсуінің алдын алуға мүмкіндік береді.
Осылайша, несиелеу талаптарының қатаңдатылуы кредиторлар мен қарыз алушылар үшін белгілі бір уақытша қолайсыздықтар туғызғанымен, азаматтардың борыштық жүктемесінің одан әрі ұлғаюын тежеуге бағытталған маңызды қадам ретінде бағаланады.




