Дубай. 5 тамыз. ИНТЕРФАКС – Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шариф пен елдің Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Асим Мунир бейсенбі күні Сауд Арабиясына ресми сапармен барады. Бұл туралы «Әл-Арабия» телеарнасы дереккөздеріне сілтеме жасап хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, сапар Таяу Шығыстағы дипломатиялық байланыстар жандана түскен кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Бұған АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс және оның өңірдегі қауіпсіздік ахуалына ықпалы себеп болған.
Бұған дейін The National басылымы пәкістандық дереккөзге сілтеме жасап, АҚШ пен Иран Пәкістанның да арағайындығымен биылғы маусымда қабылданған өзара түсіністік туралы меморандумның жаңартылған нұсқасын әзірлеп жатқанын хабарлаған еді. Құжатта Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударылған.
Сейсенбі күні «Әл-Арабия» Пәкістанның Ираннан Ормуз бұғазын халықаралық бақылау аясында ашуға қатысты оң сигнал алғанын да хабарлаған болатын.
Сонымен қатар шілде айында Сауд Арабиясы мен Йемендегі хусит қозғалысы арасындағы әскери қақтығыстар қайта күшейді. Хуситтер Сауд Арабиясының порттарына теңіз блокадасын жариялағанын мәлімдеп, кейін корольдік аумағындағы мұнай инфрақұрылымы нысандарына және сегіз танкерге шабуыл жасағанын хабарлады.
Исламабад пен Эр-Рияд ұзақ жылдан бері экономика және қорғаныс салаларында тығыз ынтымақтастық орнатып келеді. 2025 жылдың қыркүйегінде Пәкістан Премьер-министрі мен Сауд Арабиясының тақ мұрагері стратегиялық қорғаныс жөніндегі келісімге қол қойған. Кейбір мәліметтерге сәйкес, бұл құжат корольдікке Пәкістанның ядролық әлеуетіне қол жеткізу мүмкіндігін қарастырады.
Бұған қоса, Пәкістан Сыртқы істер министрлігі хуситтерге Пәкістан туы астында жүзетін кез келген кемеге жасалған шабуыл елдің ұлттық қауіпсіздігіне төнген қатер ретінде бағаланатынын ескерткен болатын.




