Хельсинки. 12 қараша. ИНТЕРФАКС – Финляндия билігі 16 қарашадан бастап ресейлік спортшылардың, сондай-ақ қысқа мерзімді жұмыс істеуге арналған визамен елге келетін Ресейдің өзге де азаматтарының кіруіне қосымша шектеулер енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Финляндия Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хабарламасында айтылды.
«Финляндия Ресей азаматтарының елге кіруіне қатысты шектеулерді күшейтеді. (…) Жаңа шаралар кәсіби спортшыларды қоса алғанда, виза негізінде қысқа мерзімді жұмыс істеу үшін келетін азаматтарға қолданылады. 2026 жылғы 16 қарашадан бастап билік виза өтінімдерін қарау, елге кіру және қысқа мерзімге болу шарттарын бағалау кезінде жаңа шешімді басшылыққа алады», – делінген құжатта.
Шектеулер Ресей азаматтарының Финляндияға қай елден келетініне қарамастан қолданылады. Сондай-ақ олардың Финляндияға баруды немесе осы ел арқылы Шенген аймағындағы басқа мемлекеттерге өтуді жоспарлағаны да ескерілмейді.
«Шектеулер ресейлік атлеттер мен басқа да кәсіби спортшылардың елге келуіне де қолданылады. Бейтарап мәртебеде жарысқа қатысатын спортшыларға да Финляндияға кіруге қатысты шектеулер қойылады», – деп нақтылады министрлік.
Мәлімдемеге сәйкес, бұдан былай Ресей азаматтары Шенген визасымен Финляндияда тек елдің өмірлік маңызды мүдделеріне қатысты салаларда, соның ішінде тауар жеткізілімін қамтамасыз ету бағытында ғана жұмыс істей алады.
30 қазанда Спорттық арбитраж соты (CAS) Ресей хоккей федерациясының апелляциялық шағымын қанағаттандырып, Халықаралық шайбалы хоккей федерациясын (IIHF) Ресей құрамаларын 2027 жылғы әлем чемпионаттарына және жасөспірімдер арасындағы әлем біріншілігінен бастап басқа да халықаралық турнирлерге қатыстыруға міндеттеді. Алайда Швеция, Финляндия, Чехия және Латвияны қоса алғанда, Еуропаның бірнеше хоккей федерациясы өз құрамаларының Ресейге қарсы матчтарға қатысудан бас тартатынын мәлімдеді.
Өз кезегінде Канада премьер-министрі Марк Карни желтоқсан айында Канадада өтетін жасөспірімдер арасындағы хоккейден әлем чемпионатына Ресей құрамасының қатысуына рұқсат берілмейтінін айтты. Оның сөзінше, Канада бұл шешімді дербес қабылдап отыр.
Бұған дейін, сәрсенбі күні, TSN порталы Канада билігінің өкіміне сүйеніп, елге кіруге жарамды визасы бар ресейлік хоккейшілердің өзі Канада аумағында өтетін жарыстарға қатыса алмайтынын хабарлаған болатын.




