Евразия24ЖаңалықтарТоқаев «Бәйтерекке» ШОБ-ты қолдау мен баспананың қолжетімділігін арттыруды тапсырды

Тоқаев «Бәйтерекке» ШОБ-ты қолдау мен баспананың қолжетімділігін арттыруды тапсырды

|

|

Астана. 5 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдап, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейтуді, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға баса назар аударуды тапсырды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Рустам Қарағойшин Президентке Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы мен холдингтің алдағы даму бағыттары жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде «Бәйтеректің» инвестициялық және несие қоржыны 14,3 трлн теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 16,5 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар холдингтің жыл сайынғы таза пайдасы 400 млрд теңгеден асады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің қолдау құралдарының арқасында 77,5 мың отбасы баспаналы болған. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 11,6 мың азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, өткен жылы «Бәйтерек» 77 ірі инвестициялық жобаны және 27,4 мың шағын және орта бизнес жобасын қаржыландырды. Сондай-ақ 131 экспорттаушы кәсіпорынға және 7,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қолдау көрсетті. Көктемгі егіс жұмыстарына арналған лизинг аясында шаруаларға 11,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы берілді.

Рустам Қарағойшин Президентке холдингте жүргізіліп жатқан трансформация жұмыстары мен жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясы туралы да баяндады. Оның айтуынша, құжат холдингті активтерді тиімді басқаруға, бизнесті дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған проактивті инвестициялық модельге көшіруді көздейді.

Жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыруға, экспортты дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған 26 жобаны енгізу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және ұзақмерзімді инвестиция тарту жұмыстарының маңызын атап өтті.

«Шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейтіп, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі – кәсіпкерлікті дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған даму институты. Холдингтің жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Бақыттың формуласы өзгерді ме, әлде адамның өзі ме?

Соңғы жылдары қоғамда бір қызық құбылыс байқалады. Бұрын адамның бақытты болуы белгілі бір жетістіктермен өлшенетін: жоғары білім алу, тұрақты жұмыс табу, баспана сатып алу, отбасы құру.

Пәкістан Премьер-министрі мен Қарулы күштердің қолбасшысы Сауд Арабиясына барады

Пәкістанның Премьер-министрі Шахбаз Шариф пен елдің Қарулы күштерінің бас қолбасшысы Асим Мунир бейсенбі күні Сауд Арабиясына ресми сапармен барады.

Ливанда 800 мыңнан астам адам үйлеріне орала бастады

Израиль әскері мен «Хезболла» қозғалысы арасындағы қақтығыстар салдарынан туған жерін тастап кетуге мәжбүр болған 800 мыңнан астам ливандық өз үйлеріне қайта орала бастады.

АҚШ Иранның мұнай экспортына салынған санкцияларды жеңілдетуі мүмкін

Егер Иран мен Оман Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасын ұйымдастыру жөнінде келісімге келсе, АҚШ Иранның мұнай экспортына қатысты санкцияларды жеңілдетіп, ирандық порттарға қойылған теңіз блокадасын алып тастауы мүмкін.