Евразия24ЖаңалықтарТоқаев «Бәйтерекке» ШОБ-ты қолдау мен баспананың қолжетімділігін арттыруды тапсырды

Тоқаев «Бәйтерекке» ШОБ-ты қолдау мен баспананың қолжетімділігін арттыруды тапсырды

|

|

Астана. 5 тамыз. ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы Рустам Қарағойшинді қабылдап, шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейтуді, сондай-ақ тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға баса назар аударуды тапсырды. Бұл туралы Президенттің баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Рустам Қарағойшин Президентке Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы мен холдингтің алдағы даму бағыттары жөнінде баяндады.

Оның айтуынша, бүгінде «Бәйтеректің» инвестициялық және несие қоржыны 14,3 трлн теңгеге жеткен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 16,5 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар холдингтің жыл сайынғы таза пайдасы 400 млрд теңгеден асады.

2025 жылдың қорытындысы бойынша холдингтің қолдау құралдарының арқасында 77,5 мың отбасы баспаналы болған. Оның ішінде тұрғын үй кезегінде тұрған 11,6 мың азамат тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

Бұдан бөлек, өткен жылы «Бәйтерек» 77 ірі инвестициялық жобаны және 27,4 мың шағын және орта бизнес жобасын қаржыландырды. Сондай-ақ 131 экспорттаушы кәсіпорынға және 7,2 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге қолдау көрсетті. Көктемгі егіс жұмыстарына арналған лизинг аясында шаруаларға 11,4 мың бірлік ауыл шаруашылығы техникасы берілді.

Рустам Қарағойшин Президентке холдингте жүргізіліп жатқан трансформация жұмыстары мен жаңа ұзақмерзімді даму стратегиясы туралы да баяндады. Оның айтуынша, құжат холдингті активтерді тиімді басқаруға, бизнесті дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған проактивті инвестициялық модельге көшіруді көздейді.

Жыл соңына дейін Инвестициялық кеңестің қарауына импортты алмастыруға, экспортты дамытуға және инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған 26 жобаны енгізу жоспарланып отыр.

Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету және ұзақмерзімді инвестиция тарту жұмыстарының маңызын атап өтті.

«Шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейтіп, азаматтар үшін тұрғын үйдің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлу қажет», – деді Мемлекет басшысы.

«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі – кәсіпкерлікті дамытуға, агроөнеркәсіп кешенін қолдауға және халықты тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған даму институты. Холдингтің жалғыз акционері – Қазақстан Республикасының Үкіметі.

Перепечатка и копирование материалов допускаются только с указанием ссылки на eurasia24.media

Бөлісу:

Читать далее:
Related

Финляндия 16 қарашадан бастап ресейлік спортшылардың елге кіруіне қойылатын шектеулерді күшейтеді – СІМ

Финляндия билігі 16 қарашадан бастап ресейлік спортшылардың, сондай-ақ қысқа мерзімді жұмыс істеуге арналған визамен елге келетін Ресейдің өзге де азаматтарының кіруіне қосымша шектеулер енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Финляндия Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хабарламасында айтылды.

АСЕАН елдері 2027 жылы мұнай өнімдерінің бірлескен резерв жүйесін іске қоспақ – БАҚ

Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығына (АСЕАН) мүше мемлекеттер 2027 жылы мұнай өнімдерінің бірлескен резерв жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр. Бұл жүйе төтенше жағдайларда елдердің өзара мұнай өнімдері қорын пайдалануына мүмкіндік береді, деп хабарлады жапониялық Nikkei басылымы.

Бейсенбі күні Азияның қор индекстері төмендеді

Бейсенбі күнгі сауда қорытындысы бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағының қор индекстері төмендеді.

«Самұрық-Қазына» қоры басшысы ұсталғаннан кейін серіктестер алдындағы міндеттемелерінің сақталатынын мәлімдеді

«Самұрық-Қазына» мемлекеттік қоры инвесторлар, кредиторлар және іскерлік серіктестер алдындағы міндеттемелерін толық сақтайды. Қор тобына кіретін барлық компаниялар қалыпты режимде жұмысын жалғастырып жатыр. Бұл туралы бейсенбі күні таратылған қордың мәлімдемесінде айтылды.