Ranking.kz хабарлайды: «БҰҰ-ның электрондық үкіметті дамыту индексі бойынша 2024 жылғы соңғы рейтингінде Қазақстан 0,9 көрсеткішпен жоғары деңгейге ие болып, 24-орынға тұрақтады. Еліміз бұл рейтингте көптеген дамыған мемлекеттерді, соның ішінде Швейцария, Түркия, Латвия, Франция, Хорватия, Қытай, Канада, Италия және Бельгияны басып озды. ТМД және Орталық Азия елдері арасында Қазақстанның көрсеткіші көршілес мемлекеттерден едәуір жоғары. Қазақстан алғашқы 25 елдің қатарына енсе, Ресей 43-орын, Өзбекстан – 63, Грузия – 69, Әзербайжан – 74, Беларусь – 77, Қырғызстан 78-орын алды».
Еуразия24 пікірі:
Қазақстанның БҰҰ рейтингіндегі жоғары көрсеткіші бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан eGov жүйесімен ғана байланысты емес. 2026 жылы ел QazTech бірыңғай әзірлеу ортасына көшті. Жаңа жүйе цифрлық сервистерді әзірлеуге кететін уақытты бірнеше жылдан бірнеше аптаға дейін қысқартып, мемлекеттік ақпараттық жүйелерді кезең-кезеңімен ортақ платформаға біріктіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар электрондық үкімет инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр.
Алайда басты жетістік – мемлекеттік қызметтердің цифрлық форматқа көшірілуі ғана емес, олардың ауқымы мен сапасы. Электрондық үкіметтің даму деңгейі бойынша әлемде 24-орын, ал онлайн қызметтер индексінде 10-орын алған Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасында көш бастап тұр. Теңізге тікелей шығатын жолы жоқ, аумағы кең әрі халық тығыздығы төмен ел болғанына қарамастан, Қазақстанда азаматтар мен мемлекет арасындағы цифрлық байланыс әлдеқайда ауқатты әрі әлемдік орталықтарға жақын орналасқан көптеген мемлекетке қарағанда жақсы жолға қойылған.




